Түркі палатасына бірікті

Газет мақаласы Айқын газеті №76

Түркі елдері бірлескен сауда палатасын құрды. Қазақстан Үкіметінің басшысы Асқар Мамин ХІІ АЭФ алаңында өтіп жатқан Түркі іскерлік кеңесінің отырысы аясында жаңа «Түркі сауда-өнеркәсіптік палатасының» жарғысына қол қою рәсіміне қатысты.

Түркі палатасына бірікті

Бұл ретте құжатқа Қазақстан жағынан – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бас­қар­ма төрағасы Абылай Мыр­зах­метов, Әзербайжан тарапы­нан – осы елдің кәсіпкерлер (жұ­мыс берушілер) ұйымдарының ұлт­тық конфедерациясының прези­ден­ті Мамед Мусаев, Қырғызстан­нан – көршіміздің Сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Марат Шаршекеев, Түркия жа­ғынан – түріктің Сауда палаталары мен тауар биржалары одағының (Türkiye Odalar ve Borsalar Birliği) президенті Мұстафа Рифат Хисарджыклыоғлы қол қойды.

Түркі іскерлік кеңесін халықаралық ұйым ретінде трансформациялау түркі елдерінің арасында экономикалық кооперацияны дамытуға жаңа серпін береді. Бұл іскерлік ынтымақ­тастықты кеңейтіп, Қазақстан экономикасына инвестициялар ағымын күшейтуге жол ашады.

Бүгінде түркі елдерінің жалпы ішкі өнімінің жиынтық кө­лемі 1 триллион доллардан асады. Түр­кі тілдес мемлекеттер хал­қының жалпы саны 150 миллионнан ас­там. Бұл елдер жыл сайын 260 мил­лиард доллардан көп сомаға өзге елдерден өнім импорттайды.

Өз кезегінде, бірыңғай палата осы елдер арасындағы өнім өндірісін арттыру үшін негіз болады, яғни мүше елдер экономикалары бірін-бірі толықтырып, ұжымдық импорт алмастырушылықты қамтамасыз етеді.

Қазақстан Премьер-министрі өз сөзінде Түркі палатасы Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өңірлік дамуды нығайту мақсатында құрылғанын атап өтті.

– Қазақстан Үкіметі Түркі ке­ңесінің жұмысы мен дамуы­на қолдау көрсетіп, көмектесу­де. Біз Қазақстан Үкіметінің аты­нан бұл идеяны толық қоштаймыз! – деді Асқар Мамин.

Ол Түркі сауда-өнеркәсіптік палатасын құру оған кіретін елдердің бизнес-қауымдастықтары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына жаңаша әрі салмақты серпін беретініне үміт білдірді.