Сандалмасын, қамдансын...

Газет мақаласы Айқын газеті №78

Балалар үш айдай көше шаңын бұрқы­ратып, бос сандалмауы, каникулды пайдалы өткізуі үшін не істеу керек? Ата-аналарды толғандыратын осы мәселелер Министрлер кабинетінің мүшелерін де ойландырды. Премьер Асқар Мамин­нің төрағалы­ғымен өткен Үкімет отырысын­да жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтыру, бос уақытын және іспен шұғылда­нуын ұйымдастыру жайы қаралды.

Сандалмасын, қамдансын...

Бұл мәселелер турасында жиында Білім және ғылым ми­нистрі Күләш Шәмшидинова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғым­баев, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин және өңір­лердің әкімдері баяндады.

– Балалардың демалысын ұйымдастыру – өте маңызды мәселе. Ол әрбір отбасыға қа­тысты болады, – деді оларды мұ­қият тыңдаған Үкімет жетек­шісі А.Мамин. Бұл ретте әзірге Қарағанды, Алматы, Павлодар облыстары ғана балаларды де­малыспен және іспен шұғыл­данумен толықтай дерлік қамтуға дайын. Премьер қалған өңірлерге жаз мезгілінде балалардың де­малысы мен бос уақытын ла­йықты ұйымдастыру шараларын шұғыл қабылдауды тапсырды.

– Каникул кезінде балалар музейлерге, театрларға, қорық­тарға, ұлттық парктерге, спорт нысандарына тегін кіре алуға тиіс! Тақырыптық кездесулер, іс-шаралар, сапарлар ұйымдас­тыру керек. Жазғы бос уақытын ұйымдастыруға меценаттарды да белсендірек тарту қажет. Мұның өңірлерде оңды мысалдары жетерлік, – деді Асқар Мамин.

Ол жазғы демалыс шараларын ұйымдастырғанда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызына екпін түсіре келе, Ішкі істер, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министр­лік­теріне, өңірлер әкімдеріне осы­ған жауапты қызметтерді жұ­мылдыруды жүктеді.

Үкімет жетекшісі балалардың денсаулығын нығайту және қор­ғау, саламатты өмір салтын қа­лыптастыру мақсатында қоғам­дық орындарда сатылатын тамақ сапасына, тамақтандыру мен ойын-сауық орындарындағы санитарлық тазалыққа ерекше көңіл бөлу керегін баса айтты.

«Барлық лагерлер медицина қызметкерлерімен және тиісті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етілуге тиіс», – деді А.Мамин.

Осы орайда Білім және ғы­лым министрлігінің келесі жылы лагерлердің санын арттыру ту­ралы ұсыныстары қолдау тапты.

– Санаторийлер, туристік базалар, ұлттық саябақтар және жоғары оқу орындары жанында 1 мыңға дейін жаңадан жазғы лагерлер ашу, жұмыс істемейтін лагерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл жасөскіндерді жазғы демалыс­пен толық қамтуға мүмкіндік бере­ді, – деген Асқар Мамин аймақ басшыларына балақай­лардың демалысын ерекше ба­қылауға алу және оларды дема­лыспен, іспен шұғылданумен барынша қамту жөнінде тап­сырма берді.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың мәліметінше, биылғы жылы мек­тептердің жанынан 11 мың лагерь ашылады. Ал, 236-і – қала сыртындағы, 1 757-і – шатырлы лагерлер болмақ.

БҒМ басшысы лагерлердегі демалыспен әлеуметтік осал санаттағы отбасы балаларының 80%-ын, айрықша мұқтаждық­тары бар балалардың 82%-ын, түрлі салада жетістікке жеткен дарынды жеткіншектердің, сон­дай-ақ девиантты мінез-құлық­ты балалардың 90%-ын қамту жос­парланғанын мәлімдеді. ­Ере­сек 960 мың оқушы немесе жалпы санының 33 пайызы жазда құ­рылыс отрядтарына, орман ша­­­руа­шылығына және көгал­дан­ды­ру жұмыстарына тартылады.

Бұған қоса, оқушылардың 61 пайызы түрлі олимпиадалық резервтің, белсенділердің және көшбасшылардың жазғы мек­тептеріне, түрлі үйірмелерге қа­былданады. Арнайы аула клуб­тарының жұмысы жақсартылуда екен. Елімізде жазда 1,5 мыңға жуық аула клубы жұмыс істейді деп күтілуде.

Білім және ғылым министрі жазғы демалысты ұйымдастыру үшін демеушілердің қосымша ресурсы да қажетке жаратыла­тынын айтты.

– Былтыр бұл үдеріске эко­номиканың түрлі салаларындағы компаниялар мен жеке кәсіпкер­лер атсалысып, 504 млн теңгеге 4 324 баланың демалуына қолдау көрсетті. Осы жылы да бұл бастама жалғасын табады, – деді К.Шәмшидинова.

Негізінен, балалар жазғы демалыстарын өздерінің үйрен­шікті ортасында өткізеді. Олар­дың 40 пайызы тұрғылықты жерінен тысқары шығады. БҒМ жас ұрпақтың демалыс сапасын еліміздегі қолданыстағы инфра­құрылымды жан-жақты пайда­лану арқылы жақсартуды ұсынады.

Сонымен қатар Білім және ғылым министрі туристік және санаторийлік-курорттық ұйым­дарды ынталандыру; қазақ­стандық жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептерді ашу; балалардың «Менің Отаным – Қазақстан» атты мәдени, тарихи, археоло­гиялық ескерткіштерді зерттеуге бағытталған тақырыптық жо­рық­тарға көптеп қатысуын қам­тамасыз ету; қала сыртындағы лагерлер желісін кеңейту туралы ұсыныстарын жария етті.

Бұл іске Үкіметтің өзге құ­рылымдары да жұмылдырылуда. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының дерегінше, каникул кезеңінде жыл сайын тәрбиелік, патриот­тық және эстетикалық сипаттағы әртүрлі форматтағы іс-шаралар кешені жүзеге асырылады.

2017 жылдан бері мәдени ведомствоның бастамасымен, республикалық музейлерге, музей-қорықтар мен театрларға жазғы демалысында оқушы­ларды тегін кіргізу тәжірибесі енгізіліпті. Осы жобаның оң тәжірибесін ескере отырып, оны жалғастыру және енді жергілікті деңгейде де ендіру ұсынылды. Яғни, жергілікті музейлер де балдәурен жастағы қазақ­стандықтарға есігін айқара ашуы керек.

– Бүгінде балалар мен жас­тарды әлеуметтік өмірге белсенді тарту үшін барлық өңірлерде, кітапханалар ішінде коуоркинг-орталықтар жұмыс істейді. Оларда балалар мен жасөс­пірімдер оқу бағдарламалары аясында шығармашылық және креативті жобаларды іске асыра алады. Өңірлерде 208 коуоркинг-орталық жұмыс істейді, – деді министр.

Министрлік елдің барлық кітапханаларында «әдеби ертеңгіліктер» өткізуді; музейлер мен музей-қорықтарда – белгілі қазақстандық суретшілер, мүсіншілер, өлкетанушылар, археологтардың қатысуымен түрлі пленэрлер, тегін тарихи-өлкетанушылық және танымдық экскурсиялар өткізуді; қалалар мен облыс орталықтарында – BookCrossing науқанын, ал барлық ауылдық округтерде «жылжымалы кітапханаларды» ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту жайында хабардар еткен Арыстанбек Мұхамедиұлы қа­зіргі уақытта дене шынық­ты­ру­мен және спортпен мектеп жа­сындағы 1,8 млн бала, соның ішін­де ауылдық жерлерде 816 мың­нан астам бала қамтыл­ғанын жеткізді. Мектеп жасын­дағы балалар арасында тұрғы­лықты жерлері бойынша дене шынықтыру-сауықтыру жұмы­сын жолға қою үшін 172 мыңдай бала мен жасөспірімді қамтитын қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейтін көрінеді, ара­сында 570 балалар-жасөспірім­дер клубы, 87 балалар-жасөс­пірімдер дене дайындығы клубы бар. Қалаларда 80-ге жуық да­ладағы street workout спорт алаңы ашылған.

Бір жақсы жаңалық: рас­тайтын құжатты ұсынған жағ­дайда «1+2» (ата-ананың бірі және екі бала) схемасы бойынша KIDS GO FREE қағидаты не­гізінде балалардың ел ішінде ұшақпен тегін ұшуы үшін билетті субсидиялау жоспарлануда.

2020 жылдан бастап барлық өңірлерде тегін «Балалар турис­тік пойызын» іске қосу жоспар­лануда. Онда әлеуметтік осал отбасылардан шыққан бала­ларға, білім беру жарыстарының жеңімпаздарына, үздік оқушы­ларға басымдық беріледі.

Үкімет басшысының орын­басары Гүлшара Әбдіқалықова балаларға арнап, түрлі мекемелер мен ұйымдарда «Ашық есік күндерін» өткізудің қажеттігін атап айтты. Ол қауіпсіздік мәсе­лелерін балалардың өздеріне де түсіндіру қажет екенін нықтады. Сондай-ақ жазғы демалысты ұйым­дастыру бойынша бала­лар­дың ұсыныстарын жинау қажет: өздеріне не ұнайтынын, дема­лысты қалай өткізгісі келетінін білу үшін жасөскіндер арасында сауалнама жүргізілгені жөн.