Алакөл 2 миллион туристі күтеді

Газет мақаласы Айқын газеті №80

Үкімет басшысы Асқар Мамин еліміздегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексеріп шықты. Премьер-министр Шығыс Қазақ­стан, Алматы және Қарағанды облыстарына сапарлады. Ол осы өңірлерде Мемлекет басшысы тапсыр­малары­ның қалай орындалып жатқанына қанықты.

Алакөл 2 миллион  туристі күтеді

ШҚО-да Үкімет жетекшісі «Өскемен – Талдықорған» автожолының құрылысын өз көзімен көрді. Биыл 265 шақырым жолда қозғалысты ашу жоспарлануда. Жалпы ұзындығы 763 шақырым болатын жол 2020 жылы толықтай пайдалануға берілмек. «Қалбатау–Майқапшағай» трассасында да реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр, онда жыл соңына қарай 135 шақырым автожол ел игілігіне тап­сыры­лады.

Алакөл көлі жағалауының шығыс бөлігінде соңғы екі жылда 5,3 млрд теңгеге ауқымды жұмыстар жүргізілген екен. Жағалауды дамыту жұмыстары жалғасуда, көл жиегіндегі адамдар серуендейтін жол кеңейтілді. Осы жылы 31 миллиардтан астам теңгенің 8 ірі инфрақұрылымдық нысанын тұрғызу басталады: 250 орынға арналған «Керуен Плаза» қонақ үйі, емдеу-сауықтыру кешені, велосипед пен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынады, парк кеңейтіледі және басқа жобалар қолға алынады.

Биыл шығыс жағалауға 650 мың турист келеді деп күтілуде.

Алматы облысында Үкімет басшысына ұзындығы 355 шақырымдық «Өскемен–Талдықорған» автожолының шығыс бөлігін реконструкциялау, ұзындығы 184 шақырымдық «Үшарал–Достық» автожолының құрылысы жобасы туралы баяндалды. Асқар Мамин Ақши ауылында Алакөл көлінің қоршау бөгеті тұрғызылып жатқан жерде болды. Нысан жағалауға жақын орналасқан ауылдардың 2,5 мыңнан астам тұрғынын толқындардың салдарынан қорғауы тиіс.

Сондай-ақ Премьер-министр Алакөл көлінің жағалауындағы демалыс аймағын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Өңірде 200-ден астам туристік нысан іске қосылған. 450 орынға арналған Koktem Grand Resort жаңа қонақүй кешені пайдалануға берілуде. 2019 жылы жаңа қонақүйлер, сервис нысандарын салу арқылы туристік әлеуетті арттыру шаралары жалғастырылады.

Биыл Алакөл көлінің оңтүстік жағалауына 1,3 миллион турист келеді деп болжанған.

Ал Қарағанды облысында Үкімет басшысы «Қарағанды–Балқаш» автожолы учаскесіндегі жұмыстардың жайын білді. Бұл жоба бойынша биыл 187 шақырымда жол қозғалысы ашылады. Нысанды толық тапсыру 2020 жылға жоспарланған. «Қарағанды–Теміртау» және «Қарағанды қаласының айналма жолы» жобаларының жұмыстары жыл соңына дейін 61 шақырым жол іске қосылысымен аяқталады.

Сапарын қорытындылаған Премьер-министр Асқар Мамин Шығыс Қазақстан облысы жолдарының учаскелеріндегі құрылыстың жоғары қарқынмен жүріп жатқанын атап өтті. Ол Алматы және Қарағанды облыстарының нысандары бойынша құрылыс жұмыс­тарына серпін беруді жүктеді. Екпінді жұмыс режимі мен жеделдетілген түрде жұмылу үшін жобалар құрылысының мерзімдеріне тиісті түзетулер енгізу қажеттігі нықталды. Үкімет жетекшісі жергілікті тұрғындарды объектілерді іске асыруға тартудың, еңбекақы төлеу шарттарын қамтамасыз етудің және қазақстандық мазмұн үлесін арттырудың маңыздылығын баса айтты.

– Инфрақұрылым жұмыс істеуі керек. «Өскемен – Талдықорған» және «Қарағанды – Алматы» жобалары бойынша міндет: 2020 жылы жолдағы қозғалысты ашу. Сапа мәселесі басты басымдық болуға тиіс. Алакөл көлінде туристік әлеуетті өрістету жұмыстарын жалғастыру қажет. Биыл шығыс және оңтүстік жағалауларға шамамен 2 миллионға жуық турист келеді», – деді А.Мамин.