Елорда маңы ажарланады

Газет мақаласы Айқын" газеті №94

Үкімет басшысы Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып қайтты. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін қабылданып жатқан іс-шаралармен, сондай-ақ өңірді әлеуметтік-эконо­микалық дамыту жөніндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмалары­ның орындалу барысымен танысты.

Елорда маңы ажарланады

Премьер «Қазақстандық агро инновациялық корпора­ция­сы» ЖШС-ның ауыл шаруа­шы­лығы машинасын жасау кәсіп­орнына барды. Зауыт қазір жылына 1 500 техника шығара­ды. Келешекте қуаттылығын жылына 5 000 тех­ни­каға дейін ұлғайтып, 400-ден астам жұмыс орнын ашуды көз­деп отыр. Об­лыс­тың индус­трия­лық дамуы­мен танысу «КАМАЗ-Инжи­ни­ринг» қазақ­стан­дық-ресейлік бірлескен машина жа­сау кәсіп­ор­нында жалғасты. Асқар Ма­мин­ге таяу уақытта жы­лына 2 500 бірлікке дейін өнім шы­ға­ру жоспары жайында баян­дал­ды.

Сонымен қатар өңірде Үкі­мет же­текшісі «қарапайым заттар эко­номикасы» салалары­ның кә­сіп­орнын тексерді. «Два Кита» ЖШС жыл басынан бері 12,7 мың корпустық жиһаз шығарған. Өнім түрін кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайту жос­па­рында бар. Бұл мақсатта 1 мил­лиард теңге жеке инвес­тиция­ тартылмақ. Жалпы, облыста ха­лық тұтына­тын тауарларды шы­ға­руға маман­данатын, 87,6 мил­лиард теңге тұратын 71 жаңа жоба қолға алынып жатыр.

Ел экономикасындағы ту­ризмнің үлесін ұлғайту бойынша Ақ­мола облысының әлеуеті жо­ғары. Өңірлік туристік клас­терге 700-ден астам нысан кіреді. Премьер-министрге қаланың кө­лік және энергетика инфра­құры­­лымын дамыту бойын­ша атқары­лып жатқан жұмыстар ту­ралы ақпа­рат бе­ріл­ді. Бұған қоса, Көк­ше­тау қаласының төңі­ре­­гіндегі Қопа көлінің жағалауын абаттан­ды­ру жобасы таныс­тырыл­ды.

Сапар аясында А.Мамин жұ­мыс кеңесін өткізіп, онда өңірді әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық да­мыту мәселелері, сондай-ақ 2020 жылы Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ын­­ты­мақтас­тық форумын өткі­зу­ге дайындық барысы, Щучин­ск-Бурабай ку­рорт­тық аймағын дамыту жос­пары, «Ауыл – ел бесі­гі» арнайы жобасын іске асы­ру және елор­да төңірегін дамыту мәселелері пы­сықталды.

Ақмола облысының әкімі Ер­мек Маржықпаев өңірдің әлеу­меттік-экономикалық өр­кен­­деуі жөнінде баян етті. Оның мәліметінше, биылғы 5 ай қоры­тындысында барлық макро­эко­номикалық көрсеткіш бо­йын­ша оң қарқын байқалған. Биыл­ғы қаңтар-мамырда облыс­тық өнер­кәсіптік өндіріс 284,1 мил­лиард теңгенің өнімін жасаған. Биыл индустриялық-инновациялық даму бағдар­ламасы аясында 434 жаңа жұмыс орнын құратын, 9,3 мил­лиард теңге инвестиция құйы­латын 5 жоба іске асы­рыл­мақ. 1 маусым­дағы жағдай бо­йын­­­ша негізгі капиталға 83,2 мил­­лиард теңге инвестиция тар­тылыпты. Оның өсімі – 4,4%. Ауыл шаруашылы­ғында өндіріс 13%-ға өсіп, 63,6 миллиард тең­гені құрады.

Облыста 2019 жы­лы әлеумет­тік салаға 129,2 мил­лиард теңге арна тартпақ. 3 бала­бақша, 6 мек­­теп, 5 денсаулық сақтау ныса­ны салынып жатыр. Өткен 5 айдың қорытындысында 116 көпбалалы және аз қамтылған отбасы баспана иеленген. Атаулы әлеуметтік көмек аясында 610 миллион теңге берілді.

Кеңес барысында Қазақстан-Ресей аймақаралық форумына дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары­ның жобасы қаралды. Көкше­тауда дамыған инфрақұрылым және ыңғайлы көліктік логисти­ка бар. Форумды өткізу туризм саласында жаңа сапалы өзара қарым-қатынастарды дамытуға қосымша серпін береді, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-эко­но­микалық қатынастардың әр саласында өзара тиімді ынты­мақ­тастықты тереңдетуге жол ашады деп күтіліп отыр.

Кеңесте бірқатар министрлік басшылары туризмді дамыту, курорттық аймақты инженерлік-көліктік және ақпараттық-ком­му­никациялық инфра­құрылы­м­мен қамтамасыз ету, перспек­тива­лық ауылдарды және елорда төңірегін дамыту мәселелері жөнінде сөз сөйледі.

– Туристік саланы дамыту мемлекеттік бағдарламасының не­гізін Қазақстанның Топ-10 ны­саны құрайды, солардың бірі – Щучинск-Бурабай курорт­тық аймағы. Туризм – көлік пен телекоммуникацияның дамуы­на, құрылысқа, сауда-саттыққа, ауыл шаруашылығына мультип­ли­кативті әсер ете отырып, елі­міз­дің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына, инвестициялардың тартылуына және жұмыс орын­да­рының ашылуына жағдай жасайды, – деді Асқар Мамин.

Ол Щучинск-Бурабай айма­ғының инфрақұрылымын жаң­ғырту; экологиялық жағдайды жақсарту; сапалы әрі қолжетімді сервистік қызметтерді дамыту жұмыстарын күшейтуді тапсыр­ды. Облыста туризм саласында 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс.

Тұтастай алғанда, 2025 жылға қарай ЖІӨ-дегі туризм үлесін 8%-ға дейін ұлғайту жоспар­ланған.

«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Ақмола облы­сында 2019 жылы 19 жоба қарастырылған, олардың 8-і бойынша келісімшартқа қол қойылыпты. Нұр-Сұлтан қаласы төңірегін дамыту үшін биыл 10 жоба іске асырылады, соның 3-уі – сумен жабдықтау және кәріз желілерін салуға, 2-уі – автожол жобаларына қатысты.

Үкімет басшысы А.Мамин «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды ерекше бақылауға алуды және республикалық маңызы бар қалалар төңірегіндегі мәселелерді шешу мен абаттандыруға ден қоюды жүктеді.