Серпінді даму кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші жалпы отырысы өтті. Бұл жиынға биыл «Адам капиталын дамыту» тақырыбы арқау болды.

Серпінді даму кепілі

Отырыста сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстан инвестициялардың қарқын­ды өсуіне қол жеткізгенін атап өтті. Елі­міз шетелдік инвесторлардың жұ­мы­сы үшін қолайлы жағдайлар туғы­зып, инвестициялық ахуалды жақ­сар­туда.

– Жаһандық экономиканың өсімі-не қа­тысты болжамдар нашарлауда. ЭЫДҰ есебіне жүгінсек, өткен жылы әлем­де тікелей шетелдік инвестиция­лар­­дың жалпы сомасы 27%-ға – 1,1 трил­­лион долларға дейін азайды. Соған қа­рамастан, өткен жылы Қазақстанда шет­елдік инвестициялардың жалпы ағы­ны 24,3 миллиард долларды құрап, 2017 жылға қарағанда 16%-ға өсті. Бұл біз­дің ұжымдық күш-жігеріміз бен же­місті жұмысымыздың нәтижесінде мүм­кін болды, – деді шетелдік ин­вес­торларға қайырылған ел Президенті.

Дегенмен Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның байламынша, еліміздің алдында бірқатар сын-тегеурін тұр, оның қатарында жаһандық еңбек на­рығының трансформациясы аталды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның да­мыған елдер кіретін Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымының стан­дарттарын таңдап алғанын жет­кізді.

– Біз біртіндеп ұлттық заңнаманы жақсартудамыз. Қазақстан бірегей қар­жылық институт – «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығын құрды. Сонымен бірге, Қазақстанның ашық экономика екенін естен шығармаған жөн, тиі­сін­ше, әлемде болып жатқан үдерістер де эко­номикамызға әсер етеді, – деді Пре­зидент.

Оның байламынша, еліміз үшін адам капиталын дамыту – басты ба­сым­дықтың бірі. Сондықтан бүгінде бі­лім берудің заманауи моделі түзілуде, бі­лім инфрақұрылымы құрылып жатыр.

Қ.Тоқаев білім беру саласында алда ре­формалар жүргізілетінін жеткізді. Қа­зіргі уақытта басты мұрат ретінде кадрлар даярлау жүйесін сапалы жаңа дең­гейге шығару міндеті тұр. Бұл үшін бір­қатар шара қолға алынады.

Мемлекет басшысының мәліметін­ше, саладағы елеулі ілгерілеушілікке қа­рамастан, қазақстандық колледждер түлектерінің біліктілік-машығына жұ­мыс берушілердің 70%-ының көңілдері тол­майды.

– Бұл білім беру сапасының сол бұрын­ғыдай жоғары емесін көрсетеді. За­ман жаңа талаптар қоюда. Сондықтан ал­дағы 3 жылда алдыңғы қатарлы 180 кол­ледж бен 20 озық жоғарғы оқу орны құ­рылады. Осы мақсатта респуб­ли­ка­лық бюджеттен бірінші кезеңге 58 мил­лиард теңге бөліп отырмыз. Ең бас­ты­сы, шетелдік серіктестерді белсенді түр­де тарта отырып, оқыту бағдар­ла­ма­ларын айтарлықтай жаңарту және жаң­ғырту болмақ, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Оның байламынша, дүниежүзіндегі же­текші ЖОО-лармен стратегиялық әріп­тестікті қарқынды дамыту қажет бо­лады. Еліміздегі оқу жүйесі жаһандық үз­дік стандарттарға сәйкес келуі шарт.

Қазақстан Президенті маман даяр­лау үдерісінің жұмыс жасап тұрған кә­сіп­орындармен байланысын жандан­дыру, кадрларды нарық сұранысына сай оза даярлау және қайта даярлау үшін колледждер базасында «Құзырет ор­талықтарын» құруды ұсынды.

– Кеңесіміздің шетелдік мүшелерін осы жұмысқа белсене қатысуға шақы­ра­мын. Үкіметке шетелдік әріп­тес­те­рімізбен бірге ынтымақтастықтың атал­ған маңызды бағытында нақты ұсы­ныстар енгізуді тапсырамын, – деді Қ.Тоқаев.

Ел Президенті жаңа өндірістер мен са­лалардың құрылуы қазақстандық қыз­меткерлер мен жұмысшылардың бі­лік­тілігін дамытумен қатар жүруге тиіс­тігін нықтады.

– Кәсіпорын табысының өсуіне қа­рай қызметкерлерге төленетін сыйа­қы­лардың да сайма-сай өсуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл отандық кәсіпорын­дар­ға да, сонымен қатар шетелдік ком­панияларға да қатысты, – деп түйді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шетелдік инвесторлар кеңесін қо­рытындылаған Мемлекет басшысы ке­лесі жалпы отырысты шикізаттық емес экспортты дамытуға арнауды ұсын­ды. Инвесторлар бұл тақырыпқа қол­дау білдірді.

 

Ерік ЕРДЕНОВ