Қасым-Жомарт Тоқаев: Бізге тоқмейілсуге болмайды

Газет мақаласы "Айқын" газеті №109

Бюджет қаржысы бірінші кезекте халықтың және мемлекеттің өзекті мәселелерін шешуге бағытталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бізге тоқмейілсуге болмайды

Ал автокөлік сатып алу, әкімшілік ғимаратқа жөндеу жүргізу және басқа да сән-салтанат пен имиджге қатысты іс-шаралар кейінге қалдырылмақ. Президент лауазымына кіріскелі тұңғыш рет Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы билік қызметінің басым міндеттерін белгіледі.

Жиынға Премьер, Президент Әкімшілігінің бас­шысы, Үкімет мү­шелері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент қалалары мен облыстардың әкім­дері, Қа­зақстан Президентіне тікелей бағынышты орталық мемор­гандар бас­шылары қатысты. Отырыста Қазақ­­станның 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары шығарылды. Үкімет мүшелерінің және әкімдердің баян­дамаларын мұқият тыңдаған Мемлекет басшысы алда өте маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.

–Бұл ең алдымен, еліміздің даму көрсеткіштеріне байланысты. Негізгі міндет – осы қарқынды одан ары арттыру. Биылғы бірінші жартыжыл­дықта Қа­зақстанда экономикалық өсім 4,1 пайызды құрады. Инфляция­ның жылдық көрсеткіші 5,4 пайыз бол­ды. Негізгі капиталға салынған ин­вестиция­лардың кө­лемі 11,7 па­йыз­ға өсті. Халықты толған­дырған өзек­ті әлеуметтік мәселелер бойынша нақты шаралар қабылдануда, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Оның байламынша, мемлекеттің басты мақсаты – азаматтардың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру.

–Біздің жұмысымыздың ең ма­ңызды көрсеткіші – халықтың нақты табысы 6,3 пайызға өсті. Де­генмен тоқмейілсуге болмайды. Алдымызда ау­қым­ды жұмыстар тұр. Бұдан бөлек, дүниежүзіндегі санк­циялар, сауда на­рығындағы қақтығыстар, протек­цио­низмнің ушығуы еліміздің өркен­де­уіне де айтарлықтай ықпалын ти­гізуде. Сондай-ақ серіктес елдер эко­номи­касының қазіргі ахуалы да бізге әсер етеді. Халықаралық сарап­шылар әлем­дік экономи­ка­ның дамуы күрделі ке­зеңде екенін айтуда. Осын­дай сын-қа­терлерге қарамастан, ең басты мін­дет­ті жүзеге асыруымыз ке­рек: бұл – жұ­­мыс орындарын ашу. Дәл осы көр­сеткіш бірінші орында болуы керек! – деп нықтады Мем­лекет басшысы.

Себебі, онсыз да аз отандық жұмыс күші – ең­бекке қабілетті әр азамат лайықты жұмыспен қам­тыл­са ғана халықтың әл-ауқаты жаппай жақса­рады, экономиканың орнықты өсімі жалғасады.

–Тек экономиканың жай-күйі ғана емес, сонымен қатар мем­ле­ке­тіміздің ішкі тұрақтылығы да жұмыс орын­да­рын құру мәселелерін шешуге тікелей байланысты болады. Сіздер мұны жақ­сы түсінуге тиіссіздер. Сондықтан Үкіметтің, әкімдердің қызметінің нәтижелерін қарау кезінде бұл көрсет­кіш бірінші кезекте есепке алынады. Сіздер күн сайын әр өңірде, әр елді­ме­кенде жұмыс орындарын ашу мәселе­лерімен шұғылдануға тиіссіздер. Осы түйткіл шешілмей, біз қиын жағдайдан шыға алмаймыз! Әзірге аталған проблема лайықты шешімін таппай отыр, – деп ашығын айтты Қ.Тоқаев.

Оның бағалауынша, саладағы Үкіметтің басты құжаты – «Еңбек» бағдарламасы «тоқырауға ұшыраған» яғни Қазақстанда жұмыссыздықтың қысқаруы қарқынды жүрмеуде. Мем­лекет басшысы Премьерге бұл мәсе­леге жіті назар аударуды жүктеді.

Дағдару белгілері байқалған тағы бір сала ретінде индустрияландыру аталды. Сән-салтанатпен ашыл­ған біраз жаңа кәсіпорын ізінше өнімін өткізер на­рық таппай, болмаса не шикізат көзіне, не қаржы ре­сурс­тарына қол жеткізе алмай, тоқтап қалып жатады.

– Индустрияландырудың алдыңғы бағдарлама­ларына объективті талдау жүргізу және жүйелі проб­лемаларды анықтау қажет. Ондай проблемалар бар! Олар туралы үндемей, жауырды жаба тоқудың қа­жеті жоқ. Басты проблемалардың бірі – жете қаржы­лан­дырмау. Мысалға, 2018 жылға арналған индус­трия­ландыру ісі қар­жы­мен тек 35 пайызға ғана қам­тама­сыз етілген. Нәтижесінде, стратегия­лық мақ­сат­тарымызға қол жеткізу ісі де кейінге ысыры­лады. Бұған жос­парлаудың төмен сапасы да кесірін тигізуде. Салдарынан, жай ғана ізгі ниеттер мен жақсы тілектер бағдарла­масына айналып кетті. Бағ­дарлама оның жобалары қажетті көлемде қар­жы­лан­дырылатындай етіп, жос­пар­лануға тиіс, – деген Қасым-Жо­март Кемелұлы индустрия­ландыру­дың үшінші бесжылдығына көшпес бұрын шынайы талдау негізінде проб­лемаларды анағұрлым тиімді шешу жолдары ұсынылуы керегін нұсқады.


Мемлекет басшысы агроөнер­кәсіптік сектордағы үйлесімсіз іс­терді де қатаң сынға алды.

– Сала инвесторлар үшін сол баяғыдай тартымды бола алмай отыр. Ауыл шаруашылығына ті­келей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің бар-жоғы 1 па­йызы ғана келген. Бұл – өте алаң­датарлық көрсеткіш. Барлық ха­лықаралық қаржылық институт бірауыздан ауыл шаруашылығында Қазақстанның орасан зор әлеуеті барлығын айтады. Алайда саланың арбасы ілгері баспады. Демек, біз – нашар басқарушымыз! Басқаша байлам жасау мүмкін емес. Алдағы 5 жыл ішінде ауыл шаруашылы­ғын­да, шын мәнінде, серпін жа­сауға тиіспіз. Мұны көңілдеріңізге тоқып алыңыздар, – деген Қа­зақстан Президенті агроөнеркә­сіптік салаға инвестиция тарту бойынша тиімді жұмысты жолға қою міндетін белгіледі.

Бұған қоса, Үкіметке «Қазақ­Ин­вестпен» бірлесіп, алдағы 3 жыл­да осы секторға ірі әрі әлемдік танымал корпорацияларды тарту жүктелді. Ал шығынды «ҚазАгро» холдингі реформаланады.

Қ.Тоқаев мемлекеттік қолдау шарттарының жиі өзгере бере­ті­ніне аграршылардың шағымдана­тынын хабарлады. Бұл бағытта бірізділіктің және сабақтастықтың жоқтығы ауылдық бизнеске дұрыс әрі ұзақмерзімді инвестициялық шешімдер қабылдауға кедергі болады, агрокәсіптің тартым­ды­лығы мен табыстылығын төмен­де­теді, кәсіпкерлердің болашаққа сенімін жояды.

–Қазақстан – аграрлық-ин­дус­триалдық ел. Мұны әрдайым есте ұстаған жөн. Сол себепті, Үкі­мет ауыл шаруашылығы саяса­тының қысқа және ұзақмерзімді нақты басымдықтарын түзуге және солар негізінде мемлекеттік қолдау құралдарын тұрақтандыруға тиіс. Әйтпесе, олар жұмыс істе­мейді. Ауыл шаруашылығы – бас­қаруында сабақтастығы жоқ жал­ғыз сала. Кезінде ауылға арнап, қаншама бағдарлама қабылдадық, қаншама уәдені тыңдадық. Әрбір министр тек соның бағдарламасы ғана дұрыс екеніне сендіріп бақты. Содан не шықты? Гербицидтерді субсидиялау мен тұқым қорын жаңартудың тиімділігіне, техника паркінің тозуына, агротех­но­ло­гия­лардың сақталуына және бас­қа­сына қатысты сұрақтар тууда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Былтыр ауыл шаруашылы­ғы­ның өңделген өнімдерін экспорт­таудың жоспарлы көрсеткіштері небәрі 37 пайызға ғана орында­лыпты.

Мемлекет басшысы аймақ бас­шылары отандық және шетел­дік инвесторға шекеден қарамай, әдептен аспай, келіссөздерді іс­керлік ауанда жүргізуге үйренуі керектігін қадап айтты.

– Қазақстанды инвестиция са­ласында тек жаһандық деңгейде ғана емес, сондай-ақ Орталық Азия өңірінде де салмақты бә­се­келестік күтуде. Мемлекетіміз әр­дайым биік тұғырынан көріне білуі керек. Тұғырдан таюға жол бере алмаймыз. Біз тек ілгері қозғалуымыз қажет. Мен әкімдерге қайырыламын: сіздер өңірлерге инвестиция тартуға міндеттісіздер. Инвесторлар делегацияларын қа­лай қабылдағандарыңызды кейде теледидардан байқап қаламын. Бұларыңыз жарамайды: төрге, үстел басына өздеріңіз жайғасып аласыздар, ал бизнесмендерді өздеріңізден 2-3 метр қашықтыққа, төменге отырғызасыздар. Өзде­ріңізді әлдебір княздіктің билеу­шісі ретінде ұстайсыздар. Инвес­тицияға сіздер емес, бизнесмен мұқтаждай көресіздер. Әрине, оларға жөнсіз жалбақтаудың да қажеті жоқ. Барлығы тек іскерлік ауанда өтуі тиіс! – деді Қ.Тоқаев.

Ол жергілікті шенеуніктердің инвестордан пара дәметуіне де жол берілмейтінін нықтады.

– Егер кімде-кім осындай әре­кетімен көзге іліксе, бұрынғы сі­ңірген еңбегіне, жұмыс тәжіри­бе­сіне қарамастан, әкімдер қатаң жазаланатын болады. Мен алдын ала ескертіп отырмын. Әйтпесе, инвесторлар қандай да бір облысқа инвестиция салуға барса, жергі­лікті билік органдарының әлдебір түсініксіз талаптарына кезігетініне шағымдануда, – деді ел Прези­денті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеу­меттік саладағы үйлестіру ісі кү­шейтілетінін мәлім етті. Әйтпесе, мәселен, бір қалада зейнеткерлер мен мүгедектер автобуста тегін жү­реді, ал басқасында тұрғын­дар­дың осы санаты мұндай көмектен қа­ғылады. Бір ауылда қарттарға отын жеткізіледі, ал өзгесі ондай жәр­демді қарастырмайды. Енді осы­ның бәрі бірыңғайлан­дырылмақ.

– Бүгінде өңірлер әлеуметтік көмектің әралуан түрін әрқалай көрсетеді. Сәйкесінше, қазақ­стан­дықтар әр өңірде көмектің әрқалай түрі мен мөлшерін алады. Мемле­кеттің қолдауы, осылайша, қырық құрақ көрпеге ұқсап кеткен. Ал біз Ата заң бойынша федеративтік емес, унитарлы мемлекетпіз! Үкі­метке тұрғылықты жеріне қара­мастан, азаматтарды әлеуметтік қолдаудың кепілдендірілген көлемінің бірыңғай тәсілдемесін әзірлеуді тапсырамын. Халықты өнімді жұмысқа тарту жұмысын жандандыру маңызды. Тиісті бағ­дарламалар бар, олар іске асы­ры­луда, әйтсе де, олардың орындалу қарқыны мен сапасына қатысты мәселелер жеткілікті, – деп түйді Мемлекет басшысы.

Жиын барысында Қазақстан Президенті 10 тамызға дейін Арыс­тағы жарылысқа кінәлілердің барлығын жазалау бойынша ұсы­ныстар енгізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ әскери ведом­ство­ға бақылауды әлсіреткені және жарылысқа жол берілгені үшін Қорғаныс министрі Н.Ер­мек­баевқа қатаң сөгіс жариялады.


Өз кезегінде Премьер-ми­нистр Асқар Мамин Президент қой­ған барлық міндеттер уақы­ты­лы жүзеге асырылатынына сендірді.

– Экономиканың сапалы және тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында инвестицияларды белсенді тартуға; өнімді жұмыс орындарын құруға; экономиканы әртараптандыруға; өнімділікті өсіруге және экспортты дамытуға бағытталған барлық қажетті шара қабылданатын болады. Үкімет қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған сіздің тапсырмаларыңыз бен бастама­ла­рыңызды уақытылы және сапалы орындау бойынша жұмысты жал­ғастырады. Бұл ретте Үкімет бар­лық қажет шараны ұйымдастыруда, – деді А.Мамин.

Оның мәліметінше, ел эконо­микасының өсу қарқыны биылғы 6 айдың көрсеткіштері бойынша 2,9%-дан 4,1%-ға дейін жылдам­дапты. Өсудің қозғаушы күштері ретінде өнеркәсіп, құрылыс, кө­лік, сауда және ауыл шаруашылығы салалары танылды.

14 өңірде өнеркәсіптің өсуі қамтамасыз етілген.

– Негізгі капиталға инвести­ция­лар 11,7%-ға ұлғайды, оның ішінде жеке инвестициялар 13%-ға өсті. Бұл көрсеткіштер Қы­зылор­да, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары. Ал Шымкент, Нұр-Сұлтан қалала­рында және Маңғыстау облысында бұл көрсеткіштер төмендеп отыр. Құрылыс қарқыны Қызылорда, Қа­рағанды және Атырау облыс­та­рында жоғары. Бірақ 4 өңірде өсім қамтамасыз етілмеген. Бұл – Шым­кент, Нұр-Сұлтан қалалары, Маңғыстау және Солтүстік Қа­зақстан облыстары, – деді Үкімет басшысы.

Сыртқы сауда айналымы 5 ай­дың ішінде 3,3%-ға артып, 37,2 млрд долларды құрады.

Мемлекеттік бюджет кірісі өт­кен 6 айда 4 трлн 379 млрд тең­ге­ге жеткен, яғни жоспардан 148 млрд теңгеге артық. Бұл был­тырғы ұқсас кезеңімен салыстыр­ғанда 730 млрд теңгеге немесе 20%-ға көп.

Мемлекеттік бюджет шығыс­тары осы жылғы 1 шілдеге дейін 6 трлн 342 млрд теңге болды.

– Еңбек нарығы тұрақты. Биыл­ғы бірінші жарты жылда жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрады. 186 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 126 мыңы – тұрақты, – деді Асқар Мамин.

Ол Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін Үкімет 7 басымдықты бағыт бо­йынша жүйелі шаралар кешенін қамтитын «Жаңа күн тәртібін» әзірлеп, жүзеге асыруға кіріскенін хабарлады. Оның «Үдемелі эко­но­мика – баршаның игілігінің негізі» деп аталатын бірінші бағыты – жаңа жұмыс орындарын құруға, инвестициялардың жаңа толқы­нын тартуға бағдарланған. Билік жыл сайын негізгі капиталға инвес­тициялар көлемін орта есеп­пен 20%-ға арттырып, оның дең­гейін 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 30%-ына дейін жеткізуді көздеп отыр. Тікелей шетелдік инвести­ция­лардың жылдық көлемін қазір­гі 24 млрд доллардан 2025 жылға қарай 34 млрд-қа дейін жеткізбек.

Екіншіден, Үкімет бизнес-қа­уым­дастықпен бірлесіп «Индус­трия 4.0» технологияларын енгізу арқылы өндірісті өрістету, экспорт географиясын кеңейту, өңдеуді тереңдету, оның ішінде трансұлт­тық компанияларды тарту арқы­лы өндірістің жаһандық тізбегі­не ену бойынша негізгі салаларды дамыту стратегиясын қайта қа­растырады. Бұл 2025 жылға қарай өңдеу өнер­кә­сібіндегі еңбек өнімділігін 1,7 есеге, ал экспортты 1,5 еседен ас­там­ға арттыруға мүм­кіндік бермек.

Үшіншіден, экономиканы цифрландыру қолға алынуда. Тау-кен металлургиясы, өңдеу өнер­кәсібі, энергетика, көлік және ло­гистика, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында цифрландыру шығындарды төмендетуге және еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруға жол ашады.

– Облыс әкімдіктерімен бірле­сіп, 6 454 ауылдық елдімекен арасынан тұрғындар санының ди­намикасына, экономикалық көр­сеткіштеріне, тиісті инфра­құ­ры­лымның болуына қарай даму әлеуеті бар 3 387 ауылдан тұратын цифрлық карта жасалды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы тірек және серік­тес ауылдардың инфрақұрылымын басымдықты қаржыландыру ар­қы­лы жүргізіледі. Бұл бюджеттік ин­вестицияларды пайдалану тиім­ділігін және 2025 жылға қарай ауылдықтардың 85%-ның өмір сү­ру сапасын арттырады. 2019 жы­лы 700 мың адам тұратын 53 ауыл­дың инфрақұрылымы жаңғыр­ты­лып, 4 700 жаңа жұмыс орны құ­ры­лады, – деді Премьер.

Үшінші бағыт – табысты кә­сіп­керлікке, төртіншісі – тиімді мем­лекеттік басқаруға, бесіншісі – тиімді әлеуметтік әл-ауқат жүйесін қалыптастыруға бағытталады. Ал­тыншы бағыт «Білімді ұлт: бар­шаға арналған қазіргі білім беру стандарттары» деп аталады және оның аясында жыл соңына де­йін Білім беру мен ғылымды да­мы­ту­дың 2025 жылға дейінгі жаңа мем­бағдарламасы бекітіледі. Онда үш ауысымдық мектептер мәселесін шешу, барлығы 500 мек­теп салу, МЖӘ тетігімен 3 мыңға жуық жа­ңа балабақша ашу жос­парлануда.

Жетінші – «Салауатты ұлт: медициналық қызметтер сапасы мен қолжетімділігі» бағытында барлық қаржыландыру көзі ар­қылы денсаулық сақтауды қар­жыландыруды 2024 жылға қарай ЖІӨ-нің 5%-на дейін жеткізу көзделген. Қабылданған шаралар нәтижесінде 2025 жылға қарай қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғаяды деп күтілуде.