Үкімет төрт тойға қамданады

Газет мақаласы "Айқын" газеті №139

Үш мегаполис әкімінің құзыры күшейтіледі. Қазақстандағы тұрғын үй бағдарламалары бір-біріне қосылып, оларды жүзеге асыратын мекемелер саны азайтылады. Азаматтарға өздерін қатты толғандырған мәселе бойынша қарсылығын көшеде білдіруіне рұқсат етіледі. Ел өміріне енеді деп күтілген осы және басқа да жаңашылдықтар жайында Үкімет отырысында сөз болды.

Үкімет төрт тойға қамданады

Премьер-министр Асқар Ма­миннің төрағалығымен ­өт­кен Үкімет отырысында Мемлекет басшы­сының «Cын­дарлы қоғамдық диалог – Қа­зақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі «Жалпыұлт­тық іс-шаралар жос­парының» жобасы қа­был­данды. Құжат 81 тармақтан тұрады.

– Осы құжатты Президент мақұлдағаннан кейін барлық мемлекеттік органдар мен әкім­діктер алға қойылған мін­деттерді орындауға бірден кі­рісуі керек. Біз бұл міндеттерді тиімді шешу бойынша үйлес­кен жұмысты қамтамасыз етуіміз қажет! – деп нықтады Асқар Мамин.

Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының Үкімет құптаған жобасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бекітуге жіберіледі.

Үкімет басшысының бірін­ші орынбасары – Қаржы ми­нистрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, аталған жоспарда Жолдаудың «Қазіргі заманғы тиімді мемлекет» атты бірінші бағыты аясында азаматтардың өтініштерімен жұмыс сапасын күшейту, шенеуніктер мен ұлт­тық компаниялар қызмет­кер­лерінің санын кезең-кезе­ңімен 25%-ға қысқарту, қаты­су­шылар үшін қолжетімді бо­луын ескере отырып, белгілі бір жерлерде бейбіт митингілер өткізуге рұқсат беру көзделген.

Әл-Фарабидің 1150 жылды­ғын, Абайдың 175 жылдығын және Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығын, сонымен қатар Алтын Орданың 750 жылдығын өт­кізу жөніндегі республикалық жоспар әзірленеді.

– «Азаматтардың құқық­та­ры мен қауіпсіздігін қамтама­сыз ету» деген екінші бағыт шеңберінде шығарылатын сот шешімдерінің сапасы артты­рылады, судьяларды бағалау енгізіледі. «Сот практика­сы­ның цифрлық аналитикасы» жүйесі сынақтан өткізіледі. Озық халықаралық тәжірибе негізінде ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитетінің жұмысы қайта ұйымдастырылады. Адам зорлау, педофилия, есірт­кі тарату, адам саудасы, әйел­дерге қарсы тұрмыстық зор­лық-зомбылық секілді бірқатар ауыр қылмыстар және брако­ньерлік үшін жазаны қатайтуға бағытталған 6 заң қабылдануға тиіс. Сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары енгізіледі. 2020 жылдың соңына дейін Қа­рулы Күштер мен әскери құ­ра­лымдарды дамыту тұжы­рым­дамасы жаңа редакцияда қа­былданады, – деді Ә.Сма­йылов.

Үшінші «Қарқынды дамы­ған және инклюзивті эконо­мика» бағытында экономи­каны әртараптандыру, бизнес пен банк секторын дамыту, салық-бюджет бойынша іс-шаралар іске асырылуы қажет. «Бизнестің жол картасы–2025» аясында шағын және ұсақ биз­нестің жаңа және әлеуметтік жобаларын мемлекеттік қол­дау шаралары іске асырылмақ. Кәсіпкерліктің осы екі түрі табыс салығынан және үш жыл­ға тексеруден босатыла­ды. Ұлттық компаниялар қызме­тінің тиімділігі талданып, олар­ды қысқарту бойынша ұсы­ныстар енгізілуі тиіс.

«Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі» атты төртінші бағыт бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңбе­рінде тұрғын үй алуды несие­лендіру кеңейтіледі. Елдегі жо­ғары оқу орындарының са­нына талдау жүргізіледі. Пе­дагогтардың, мәдениет және өнер ұйымдары қызметкер­ле­рінің еңбекақысы артады. Атау­лы әлеуметтік көмек же­тіл­дірілмек. Табысы аз отба­сылардағы балаларға кепіл­дендірілген әлеуметтік пакетті енгізу жөнінде шаралар қа­былданатыны айтылды.

– «Мықты өңірлер – мықты ел» бағытында жергілікті ат­қа­рушы органдарды бағалау жү­йесі қайта қаралады. 3 ірі қала әкімдіктерінің құзыреті кеңей­тіледі. Тұрғын үй бағдар­лама­лары операторларының саны азайтылады. Парламент жаны­нан Заңнаманы зерттеу инс­титуты құрылады. «Сарыарқа» магистралдық газ құбырына қосылу үшін газ тарату желі­лері кезең-кезеңмен пайда­лануға беріледі. Жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру Пре­зидент Жолдауында және сайлауалды тұғырнамасында қойылған барлық міндеттерді шешуді қамтамасыз етеді, – деді бірінші вице-премьер Ә.Смайылов.

Жоспарда қандай міндеттің қай мерзім ішінде орындалуға тиісті екендігі белгіленген. Жал­пыұлттық жоспардың орын­далуын Үкіметтің жоба­лау офисі үйлестіретін және қадағалайтын болады.