Мамин түрік бизнесмендермен кездесті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қауымдастықтың басқарма Кеңесінің төрағасы, «Eksen» компаниясының иесі Ф. Девелиоглуның жетекшілігімен Түркиялық және қазақстандық бизнесмендер қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Мамин түрік бизнесмендермен кездесті
ҚР Премьер-министрінің сайты

Екі ел арасындағы бизнес құрылымдардың өзара тиімді ынтымақтастығын нығайту және Қазақстанда жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. 

«Түркия Қазақстанның негізгі сауда серіктестері саналатын 10-топ ел қатарына кіреді. Біздің елдердің арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қорытындысы бойынша $1,9 млрд-тан асты. Биылғы 7 ай ішінде өзара сауда көлемі 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 73,5%-ға өсті. Біз түркиялық компаниялардың Қазақстанда экономикалық жобаларды іске асыруға қатысуын жоғары бағалаймыз. Біздің ортақ міндетіміз – инвестициялық ынтымақтастық деңгейін көтеру», — деді А. Мамин. 

Үкімет басшысы түркиялық бизнесті АӨК, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары салаларында экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды құруға шақырды. 

Биыл 11 қарашада Анкарада өткізу жоспарланып отырған Қазақстан – Түркия үкіметаралық комиссия отырысының аясында бизнес-форум өткізіледі. Қазақстанда түрлі салаларда түркиялық капиталдың қатысуымен 2200 кәсіпорын жұмыс істейді. Түркиямен бірлесіп фармацевтикалық препараттар, электронды-оптикалық приборлар, алкогольсіз сусындар мен кондитерлік өнімдерді өндіру салаларында $1,6 млрд сомасына 34 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазір құрылыс және пайдалы қазбаларды өңдеу тәрізді салаларда 2,2 млрд сомасына 16 жоба іске асырылып жатыр. «Түркиялық және қазақстандық бизнесмендер қауымдастығы» 2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына орай құрылған. Оған«Ahsel Holding», «Alarko», GQ Management «Aykar Group», «Eksen Group», «Eurasian Machinery», «Efes Kazakhstan», «Coca-Cola», «Kassanov Investment Group», «Makyol», «Sembol-Rixos Group», «Wyndham Hotel Group», «A-SYS Engineering», «Ramstore», «Stone Decor» және құрылыс, қонақ үй, индустриялық секторлар, жеңіл өнеркәсіп салаларындағы басқа да компаниялар кіреді.