Қымбатын-ай билеттің?!.

Бәрімізде де тығыз шаруа шығады. Осындайда қала арасын жалғау үшін ұшақпен ұшқан тиімді. Егер сіз ертерек билет алып қойсаңыз тиімді. Елімізде ішкі рейс билеті қымбат. Дәл бүгінге билет алсаңыз, шамамен 25-30 мың теңгенің айналасында болады. Қызмет көрсету сапасы жоғары рейспен ұшамын десеңіз, қалтаңыз қалың болғаны жөн. Бұл мәселе – Жолдауда «квазимемлекеттік сектордың қайтарымын реттеу» деп арнайы қарастырған Мемлекет басшысы үшін де маңызды.

Қымбатын-ай билеттің?!.

Қазақстанда 8 әуекомпания халыққа қызмет көрсетеді. 20 әуежай жұмыс істейді. Оның ішінде – 12 мемлекеттік, 6 же­кеменшік, концессияда 2 әуе­жай бар. 2010-2018 жылы Қы­­­зылорда, Көкшетау, Ақтау әуежайында ұшу-қону жолақ­тары жөндеуден өтті. Нұр-Сұл­тан қаласындағы әуежайға жаңа терминал жолағы бе­ріл­ді. 2018 жылы елімізде 14 жа­ңа халықаралық бағыт ашылды.

Президент Жолдауында «Сұранысы жоғары бағдарлар бойынша негізгі әуе тасымал­даушы белгілейтін билеттер­дің құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еуропаға қара­ғанда 30 пайызға артық. Біз­дің әуежайда көрсетілетін қыз­меттер құнының салыс­тырмалы түрде жоғары бо­луын қалай түсінуге болады? Қазақстан әуежайларында жа­нармай шетелдік тасы­мал­даушылар үшін қымбат бағаға, ал отандық тасымалдау­шы­лар­ға арзанға сатылатыны неліктен? Соның салдарынан Қазақстанның авиация саласы халықаралық бәсекеге қабі­леттігінен айырылып, тран­зиттік әлеуетіміз төмендеп кетті» делінген.

Мемлекет басшысы дұрыс айтады. Әуекомпаниялар ха­лықаралық деңгейге сай емес. Air Help Score жыл сайын үздік әуекомпаниялардың тізімін жариялайды. Биыл үздіктер қатарында – Qatar Airways, American Airways, Aeromexico. Air Help рейтингі қызмет көр­сету сапасына, өтінім қабыл­дауына, қауіпсіздік жүйесіне қарап түзеді. Бұл рейтингте Қазақстан жоқ. Turkish Airlines 18 – орында, Lot Polish Airlines 20-шы орында тұр.


Астана мен Алматының арасы...

– Ішкі рейспен жиі ұша­мын. Алматыдан елордаға ұшу қымбат. Кейде шетелдегі 1 апталық демалыстың құ­нына тең. Мұның бәріне бә­секе жоғы себеп. Монополия басым. Кейбір мекеме өзінің жал­ғыз, дара екенін пайда­ла­нып, басымдық танытады. Нарықтық жүйенің де әсері бар, – дейді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инсти­тутының директоры Ерден Қажыбек.

Көз жеткізу үшін Алматы мен Нұр-Сұлтан арасындағы билет бағасын қарап көрдік. 5 қыркүйекке билет бағасы 20 847 теңгеден басталып, 50 146 теңгеге жалғасады. Бір ай бұрын, 5 қазанға билет алам десеңіз, 12 401 – 49 301 тең­геге елордаға жетесіз.

18-орындағы Turkish Airlines-тің ішкі рейстерін қарап көрдік. Егер Стамбұл – Ан­кара бағытында 5 қыр­кү­йек­ке билет алсаңыз, 12 663 пен 53 131 теңге аралығында. Стамбұл мен Анкара арасында бір ай бұрынғы тарифті қарап көрдік. Бизнес класс бағасы – 44 153 теңге, эконом класс 8 643 теңгеден басталады. Бір ай бұрынғы тариф екі елде екітүрлі. Қалалар арасындағы арақашықтықты естен шығар­маған абзал. Дегенмен айтар­лықтай айырмашылық бар. Біздегі ішкі рейс бағасы неге қымбат?

Елдегі ішкі рейс бағасы алым­дар, ұшу санаты, тари­ф­терді қолдану ережелері, апта күндері, маусым мен валюта бағамына байланысты екен. Мысалы, сенбі мен жексенбі, мереке күндері ұшуды жос­парламағаныңыз жөн. Себебі, билет бағасы тым қымбат. Есе­сіне сейсенбі, сәрсенбі және бей­сенбіде баға төмен. Сон­дай-ақ жоғары және төмен мау­сым деген ұғым бар. Тиі­сінше жоғары маусымда билет бағасы қымбаттайды. Діттеген бағытқа тікелей ұшатын рейс­ке қарағанда, ұшақ ауыстырып отыру тиімді. Бағасы да арзан.

 

Қайтсек арзан билет аламыз?

Еуразиялық интеграция инс­титуты әлеуметтік зерт­теулер орталығының бас ма­маны Еркебұлан Аман­ғо­сов­тың әуекомпаниялар тарифке өзгеріс енгізсе деген тілегі бар. Сонымен қатар керосин бағасын мемлекет тарапынан қадағалауды ұсынады.

– Әуе билеті бағасы тақы­рыбы күрделі. Себебі, бізде әуе отыны қымбат. Трафик шетел­мен салыстырғанда төмен. Мем­лекет тарапынан қолдау қажет. Әуе компаниялар ара­сындағы бәсекелестікті кү­шейту керек. Бізде ұшатын кеңістік ауқымы ұзақ. Мысалы, Алматы мен Ақтау арасында 2 000 шақырымды ұшып өту керек. Салыстырып қарасақ, батыс елдерінде өмір сүру деңгейі жоғары. Сондықтан билет бағасы бізден арзандау. Сондай-ақ ұшу қашықтығы да ұзақ емес. Керосин бағасын қа­лыпқа түсірсек, жағдай рет­теледі. Еліміздегі әуеком­па­ниялар керосинді шетелден сатып алады деп естіп жата­мыз. Аталған мәселені мем­ле­кет деңгейінде қарастырған жөн.

Менің ойымша, билет са­тып аларда әлеуметтік жеңіл­дікті қарастырған жөн секілді. Бәріміз балалар мен ересектер тарифін білеміз. Көпбалалы аналарға, аз қамтылған отба­сыларға сәл-пәл жеңілдік жа­сасақ. Мұның өзі айтарлықтай көмек болар еді, – дейді ­Ер­кебұлан Аманғосов.

Саясаттанушы Қазбек Май­гелдиновтің ойынша мәселені шешудің механизмін іске қосу керек. Лоукостерді көбейтсек, әуекомпаниялар арасында бәсеке болады.

– Биылғы Президент Жол­да­уында бірқатар әлеуметтік, экономикалық мәселе көте­рілген. Соның ішінде әуе және теміржол билетінің қымбат екені де айтылды. Жолдаудың 3-тармағында мемлекеттік және ұлттық компаниялардың санын азайту мәселесі көте­рілді. Дұрыс шешім деп ойлай­мын. Өйткені кез келген на­рықтық экономикада бәсеке керек. Бәсеке қызу үшін әуе мен теміржол саласында бір­қатар серіктестіктер жұмыс іс­теуі тиіс. Сонда нәтиже шы­ғады, – дейді ол. Саясатта­ну­шының айтуынша, бірін­ші­ден, билет ба­ғасы арзан­дайды. Екіншіден, сер­вистік қызмет жақсарады. Осы тұрғыда елі­мізде ілге­рі­леу бар. FlyArystan әуеком­па­ниялардың қатарын толық­тырды. Де­генмен бұл – аз. Се­бе­бі, шетелде лоукостер өте та­нымал. «Лоукостер деге­німіз – билет құнының төмен­деуіне байланысты кейбір сервистік қызметтің ақылы түрге көшуі. Атап айтсақ, қол жүгі мен тағамның ақылы болуы. Билет бағасы осыған сай төмен тү­седі. Қазақстан нарығында лоу­костердің көп болғаны аб­зал. Немесе ұлттық лоукос­тер­лік компанияларды құру ар­қылы бәсеке мәселесін шешуге болады. Мұның темір­жол би­летіне де қатысы бар. Негізгі тасымалдаушы – «Қа­зақстан темір жолы» ұлттық компа­ниясы мен бірнеше серіктес­тіктер. Соның өзінде жазда 2 ай бұрын билет ізде­се­ңіз, таппайсыз. Неліктен? Өйткені арада алыпсатарлар пайда көріп отыр, – дейді Қазбек Майгелдинов.

Бұған дәлел – билеттердің тікелей ұлттық компания арқылы сатылмай, басқа да жеке ұйымдарда са­тылуы. Мәселені шешу үшін бірнеше механизм болуы ке­рек. Тікелей бағаны төмен­дете алмайды. «Жанармай ба­ғасы, жолаушы саны рөл атқарады. Дегенмен бәсекені кү­шейтсек, шешім табылады», – дейді ол.

 

Билет мәселесі – билікте

Аталған мәселе осыдан 2 жыл бұрын Сенаттың оты­рысында қарал­ған. Депутат­тар Индустрия және даму ми­нистріне билет бағасына қа­тысты сұрақ қойған. Сол кез­­дегі министр Жеңіс Қа­сым­бек елімізде екі бағыт Алма­ты – Шымкент, Ал­ма­ты – Нұр-Сұлтан бойынша 4 тасы­мал­даушы бар деп айтқан.

Алматы – Нұр-Сұлтан ба­ғытында күніне ұшатын 17 рейс бар екен. Сонымен қатар Батыс Қазақстанға ұшатын ұшақ билеттерінің қымбат екеніне тоқталған. Арзандату үшін тасымалдаушы санын арттыру керегін алға тартқан.

Арада 2 жыл өтті. Жетекші әуекомпаниялар бағасы сол қалпы. Жетістік – FlyArystan әуекомпаниясының ашылуы. Төмен тарифпен ұшуға бе­ріл­ген мүмкіндік. FlyArystan 6 ба­ғыт бойынша ұшады. Мы­са­лы, Алматы – Тараз бағы­тын­да­ғы ең төменгі тариф бағасы – 3 999 теңге. Бірақ бұл бағада ұшқыңыз келсе, ай бұрын қам­дануыңыз керек. Себебі, арзан тарифтер тез сатылып кетеді.

Индустрия және инфра­құрылымдық даму минис­трлігі комитет төрағасының орынбасары Айбек Әлжанов билет бағасының қымбаттауы әуе кемелерінің жетіспеуіне байланысты екенін айтты. Әуе тасымалы компаниялары тұрғындардың сұранысын өтей алмай отырғанын жет­кіз­ді. Биыл FlyArystan қосымша ұшақтар сатып алса, 2023 жыл­ға дейін аталған компа­нияның әуе паркі 15 ұшақпен толығатынын мәлімдеді.

Мәселе – бәсекеде. Шыны­мен де, көйлек сататын 10 д­ү­кен қатар тұрса, ең арзанын таңдайтыныңыз анық. Қатар тұрған соң, даму бар. Имидж бен қызмет көрсету сапасы кө­теріледі. Елдегі әуеком­па­ния саны мен лоукостерлер көбейсе, билет бағасы түсері анық. Нәтижесінде, инфра­құ­рылым жақсарады. Қызмет са­пасы артса, халықаралық рей­тингке енеміз. Халықа­ра­лық рейтинг дейміз, елдегі рей­тинг түзілді ме екен? Біз­дегі әуекомпаниялар өзара бәсекеге дайын ба?


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ