Заңды митинг қалай өтуі керек?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №140

Биылғы Президент Жолдауы мен жақында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде кеңінен көтерілген мәселенің бірі – митингілер. Оның заң аясында өтуін құптағандар аз емес. Ендеше аталған жиындардың ұйымдастырылу формасы қандай болуы тиіс?

Заңды митинг қалай өтуі керек?


Ерлан.JPG
Ерлан САИРОВ,
Еуразиялық интеграция
институтының директоры:

– Митинг деген – заңды түрде халықтың алаң­ға шығып, бейбіт жолмен мәселені тал­қылауы. Ол Конституцияда жазылған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығының ажырамас бір бөлігі. Сонымен бірге, осы митин­гілер арқылы жергілікті, орталық органдардың халықпен жұмысының деңгейін көруге болады. Халық билікке деген өзінің жалпы көзқарасын ғана емес, сонымен бірге билік жұмысының рухани, мәдени, әлеуметтік, экономикалық аспектілеріне өзінің белгілі бір бағасын береді. Сондықтан бұл митинг біздің саяси жүйеміз бен мәдениетіміздің ажырамас бір бөлігі болу керек.

Ал енді дүние жүзінде осы митингтерді өткізудің белгілі бір формалары бар. Біреулер «Біз митинг өткіземіз» дейді де, сол жерде өткізе береді. Бірақ қай елге барсаң да, пикет жасайтын немесе билікке өзінің ойын білдіретін топтардың бірігетін белгілі бір орындары болады. Сондықтан менің ойымша, Қазақстанда митингтерді заңдастыра отырып, келісіп өткізген дұрыс. Әрине, енді келісілген деп, оны сонау қаланың шетіне апарып, өткізуге болмайды. Президенттің өзі де айтты, оны азаматтардың көңілін аудара алатын жерлерде өткізу керек. Өйткені митинг дегеніміз бас жарып, көз шығаратын жиын емес, мәдениетті, өркениетті түрде өзінің ойын жеткізетін алаң.

Митингіге рұқсат беруді жеңілдету керек. Егер белгілі бір топ митинг өткізетін болса, сол өткізетін орынына барып, өткізе беру керек. Болды. Қазіргі таңда жергілікті әкімдердің негізгі міндеті – адамдар көп жиналатын жерлерде өткізуге мүмкіндік жасау. Ал егер ол олай болмаса, әкімдерді жазаға тарту керек.


Талгат.JPG
Талғат ҚАЛИЕВ,
Орталық коммуникациялар 
қызметінің басшысы:

– Бейбіт шерудің мәні өзекті түйткілді көпшілікке жеткізу болғандықтан, митингті өткізетін орынды белгілеу қисынсыз. Алайда ол қалаішілік қозғалысқа кері әсерін тигізбеу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажет. Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз ойын еркін білдіру құқығына ие. Егер ондай акциялар заң шеңберінде өтіп, азаматтардың тыныштығын бұзбайтын болса, қолдау білдіріп, заңда көрсетілген тәртіп бойынша митинг өткізуге рұқсат берілу керек. Ол үшін қаланың ішінен арнайы орын бөлінуі қажет» деген болатын. Бұл – өте жақсы шешім. Мәселен, тұрғындар мереке, демалыс күндері уақыттарын тиімді өткізгісі келеді. Яғни, бұл митингінің басқа да адамдарға зияны тимеуі шарт.

Митингінің өту мәдениетін қалыптастыруға жұмыс істеу керек. Мүмкін ол үшін арнайы шешім шығарып, резолюция қабылдау қажет болар. Сондай-ақ бұл шеруді ұйымдастыруға өтініш берген адам сол митингінің басынан аяғына дейін қалыпты, дұрыс өтуіне, тәртібіне жауап берсін. Нақты бекітілген адам шығып: «Біз осы үшін жиналдық, осындай ұсынысымыз бар», – деген пікірін білдіру керек. Кейде халық шығып алып, не туралы айтатынын білмей, әртүрлі мәселені алға тартып жатады. Бұл дұрыс емес. Митинг – ол нақты бір тақырыпқа негізделген, басқарушы, жауап беретін жетекшісі бар шеру. Митингі дінге, ұлттық мәселелерге байланысты өтпеуі керек. Өйткені мұндай мәселелерде келісім табу қиын. Оларды келісімнен де биік тұратын мәселелер деп есептеймін.


Расул.JPG
Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы:

– Митингілер – демократиялық бостандық­тардың бір формасы. Әсіресе, өзін демократиялық ел санайтын мемлекеттерде ол ұнасын, ұнамасын өтуі заңды құбылыс. Өкінішке қарай, Қазақстанда митингіге шығуға көбіне іс жүзінде рұқсат етілмейді немесе барынша бөгет жасап қалуға тырысады. Бұл дұрыс емес. Осы себепті Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәселені көтергені өте орынды. Митингіден қорқудың, шошудың қажеті жоқ. Елімізде заңды рұқсат етпесе де, бірнеше митингілер өтті. Мәселен, жер дауына қатысты митингіні алайық. Ол жерде азаматтар жиналды. Ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Дүкендер қирап, көліктер аударылған жоқ. Сондықтан оған барынша тыйым жасаған сайын оның орынды өтуін қадағалау қиындай түседі. Пікірге кедергі болса, ол радикалдана береді. Екіншіден, бұл саяси мәдениеттің қалыптасуы. Мәселе екіжақты жауапкершілікке келіп тіреледі. Митингті ұйым­дастырушылар мейлінше Конституцияға нұқсан келтірмейтін, революцияға шақырмайтын, мемлекеттік төңкеріске үндемейтін, заң аясындағы мәселелерді көтеру керек. Бұл тек қана ұйымдастырушылардың жауап­кершілігін талап етпейді, ол билікке, құқық қорғау органдарына да қатысты дүние. Мәселен, Америкада, Ұлыбританияда полициялар митингіге шығушыларға сырттан басқа біреулер ықпал етіп қоймасын деп қорғап жүреді. Меніңше, митингіге рұқсат алу мәселесі орынсыз. Оны тек алдын ала хабарлау керектігін, қандай тақырып көтерілетінін, уақытын белгілеп, арнайы регламентін белгілеуге болады. Өйткені ол азаматтардың өздерінің құқығы. Ал оны өткізу үшін қаланың шет жағынан емес, шалғай ауданнан емес, орталығындағы көпке белгілі алаңдардың бірін қарастыру керек. Бұл – билік пен халықтың арасындағы коммуникацияның, тіл табысудың, бірін-бірі есту жолдарының бірі.

 

Әзірлеген
Гүлжан РАХМАН