МӘМС эволюциясы: 2020 жылдан бастап медициналық көмек көрсетіледі

Газет мақаласы "Айқын" газеті №142

Осыған дейін елімізде мін­детті әлеуметтік ме­ди­циналық сақтан­дыру туралы жиі ай­тылып кел­ген. Алайда жобаның нақты іске қосылуы кейін­ге қал­дырылған болатын. Ал осы жолы жасаған Жол­дауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жүйені 2020 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап іске қосу керегін қадап айтты. «Мемлекеттік тегін ме­ди­ци­налық көмектің кепілдік берілген көлемі сақталады» деді ол өз сөзінде.

МӘМС эволюциясы: 2020 жылдан бастап медициналық көмек көрсетіледі

Еске салсақ, «Міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандыру ту­ралы» заң 2015 жылы 16 қарашада қабылданған. Заң сақтандырылған адамның құқықтары мен мін­деттеріне жауап беріп, арнайы медициналық көмек пакеті әзір­ленетін болады. Биыл, 18 маусымда Үкімет отырысында сондай екі пакеттің тізбесі бекітілген. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) жаңа моделі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың тәуекелдері тө­мендейді. Ал сақтандырылған аза­маттарға ТМККК-ден тыс ме­дициналық қызметтер, оның ішінде қымбат тұратын тексерулер қол­жетімді болады. 2017 жылдың 1 шіл­десінен бастап МӘМС қорына 205 млрд теңге түсті. Жүйенің жұмыс істеуін қадағалайтын тиісті заңнама да бар. Сондықтан жоба өз жұмысын бастауға дайын деп бағалауға да толық негіз бар.

 

ҚАРАЖАТ ҚАЙДАН ТҮСЕДІ?

Қорға түскен 205 млрд теңгенің 186,9 миллиарды – жұмыс беру­ші­лердің жалақысынан аударылған сома. Ал 8,8 млрд теңге – әртүрлі азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша еңбек ететін жеке кәсіпкерлер мен тұлғалардың жарнасы. Өңірлер бойынша ең көп қаржы Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан және Қарағанды облысынан жиналған.

Қазіргі таңда республика бойын­ша 17 миллионнан астам адамның мәртебесі анықталыпты. Министр­лік 2020 жылға таман халықтың 94,5 пайызы сақтан­ды­рылатын болады дейді. Жеңілдік жасалған 15 санатқа кіретін 10,9 млн азамат үшін қаржыны мемлекет өзі төлейді. Олардың қатарында зейнеткерлер, балалар, көпбалалы аналар, әлеу­меттік аз қамтылған топтар бар. Ал 5,7 млн жалдамалы қызметкер үшін жұмыс беруші жарна төлеуге міндетті. Қазіргі таңда мәртебесі анықталмаған 1 миллионға жуық адам бар.

МӘМС пакетіне, тіпті қымбат қызметтерге дейін қолжетімді болады:

• 18 жасқа дейінгі балалар, зей­нет­­керлер, мүгедектер, жүкті және көпбалалы аналар стоматологиялық қызметтерді алатын болады;

• 5 жасқа дейінгі балаларға, жүк­ті әйелдерге және босанған әйел­дерге жедел жәрдем шақыруларын қоспағанда, 65 жастан асқан адам­дарға үйде қозғалыс шектелген кезде қызмет көрсетіледі;

•Балалар мен еңбекке қабілеті шектеулі адамдарға амбулаториялық жағдайларда және стационарларда медициналық оңалту қолжетімді болады.

 

ЖҮЙЕНІ ЕНГІЗУГЕ 20 ЖЫЛДАН БЕРІ ДАЙЫНБЫЗ

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, міндетті сақтандыру жүйесін енгізуге Қазақстан толыққанды дайын. Ол бұлай деп Алматыда медициналық мекеме өкілдерімен кездесуінде мәлімдеді.

– Шын мәнінде Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесін енгізуге бұрын­нан дайын. Барлық дағдарыс, жүйе­лік проблемалар, сапа мәселесі, медициналық қызметтің қолжетім­ділігі түбегейлі өзгерістерді күтіп тұр. Сол себепті біз психологиялық және моральдық тұрғыда дайынбыз. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы сонау 2000 жылдардың өзінде мәселе көтерілген. Техника­лық дайындығымыз жоғары. Себебі емхана, аурухана, лаборатория, ғы­лыми орталықтарға қызмет көрсету бойынша өзіндік желі бар. Оның бәрі 2 жылдан бері Медици­налық сақтандыру қоры арқылы жұмыс істеп жатыр. Қор қаржылық ұйым­дардың сатып алушысы саналады. Са­тып алу, электронды келісімдер, төлем жүйесі бар. Бар­лық процесс онлайн-жүйе арқылы жүзеге асады, – дейді министр.

Министрлік ұсынған ресми құжатта жүйені басқару үшін бюд­жеттен қосымша 2,3 млрд теңге бө­лін­гені айтылады. Оның 1,8 млрд ең­бекке қабілетті ересек және 18 жас­­қа дейінгі балаларды кәсіби тек­серуге бағытталмақ. 175 мыңнан астам адам жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті, глаукома және вирустық гепатит ауруларын ерте анықтау үшін тексеруден өтуі тиіс. Сондай-ақ тағы 450 млн теңге ин­сульт, инфаркт, ауыр жарақат не­месе күрделі ота жасаған адамдардың оңалтудан өтуі үшін жұмсалады. Алайда аталған көмек түрлерін елімізде жеткілікті деңгейде дамыған деп айта алмаймыз. МӘМС пилот­тық жобасын өткерген Қарағанды облысында 3 мыңнан астам адам оңалтуды қажет еткен күйде күн кешуде. Шалғай аймақтарда қызмет көрсету сапасының төмен екенімен министр де келіседі.

– Әрине, алыс ауылдарда, фельдшерлік-акушерлік бекеттерде проблемалар бар. Олар жұмысты онлайн атқаруға келгенде қиналады. Бірақ бұл соншалықты сынға ала­тындай жағдай емес. Шынын айт­сақ, осы уақытқа дейін бүкіл жұмыс қағаз жүзінде атқарылды. Сондықтан аталған орындағы жұмыс қағаз ар­қылы жалғаса береді. Техникалық мәселелерді реттеуге тырысамыз. Уақыт өте келе шалғай аймақтарды да интернетпен қамтимыз, – дейді ведомство басшысы.

     

ЖАЛАҚЫ ЖОҒАРЫЛАЙДЫ 

Біртановтың сөзіне сүйенсек, 2020 жыл жаңа медициналық қыз­меттер көрсетілетін ғана емес, жа­лақының да көбейетін жылы болмақ. Мемлекет келер жылы аурухана, жедел жәрдем, стационар және ауруханаларды қаржыландыру деңгейін арттырмақ. Бұл өз кезегінде 1 қаңтардан бастап медициналық қызметкерлер жалақысын жоғары­латуға себеп болады. Еске салсақ, 2019 жылы медицина саласы қыз­меткерлерінің жалақысы екі рет өскен болатын. Алайда мұндай мүм­кіндікке ие болғандар – меди­циналық ұйымдардың табысы төмен қызметкерлері ғана. Яғни, шамамен 191 мың адам. Бірақ маусым айында барлық медицина қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға арттыру туралы бұйрық шықты. Осының арқасында 400 мыңдай адам еңбек­ақысын үстемеледі.

«Денсаулық сақтау министрлігі мен ММС қорына түсетін қаражатты есепке ала отырып, 2020 жылдан бастап тарифтерді кезекті арттыру үшін қосымша есептер дайындауда. 2025 жылға қарай Қазақстандағы дәрігерлердің орташа жалақысы 500 мың теңгені құрайды» делінген министрлік мәлімдемесінде. Бұған дейін министрлік басшысының өзі «Біз дәрігерлерді ынталандырып, ұстап отыруға болатындай жалақыға ұмтыламыз. Табысы жоғары болса, мамандар жоғары еңбекақы үшін басқа елдерге кетпейді» деген еді.

 

ТҮЙІН 

Жалпы алғанда, МӘМС жүйе­сінің енгізілуі азаматтардың да, медициналық мекемелердің де жауапкершілігін арттырмақ. Енді әртүрлі мекемелер халыққа өз қызметін ұсыну үшін бәсекелестікке түседі, соған сай қызмет көрсету сапасы да талассыз жоғарылайды. Соңғы 10 жылда елімізде онкология, қант диабеті, қан айналымы жүйесі аурулары, тыныс алу органдары аурулары екі есеге өсіп кеткен. Ал міндетті сақтандыру жүйесі халық­тың өлім-жітімі мен мүгедектігінің көрсеткіштерін төмендетуге мүм­кін­дік береді. Министр осылай дейді. Иә, МӘМС – бір күнде өздігінен келе қалған шаруа емес. Жаңа жүйе­ге көшу эволюциясы әбден пісіп-жетілді. МӘМС енгізу процесі меди­циналық қызметтерді сатып алуға уәкілеттік берілген Әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру қоры құ­рылған 2016 жылдан басталған бола­тын. Енді бұл процесс осы жыл­дың 31 желтоқсанында аяқталады.