Отанға қорған болғандарды Отаны қолдап отыр ма?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №144

Әскери қызметкерлер әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етіл­гендей көрінеді. Әскери қызметкерлерге арналған ар­нау­лы бағдарлама да бар дейміз. Тіпті, пікірлескенде кейбір қыз­мет­керлер жалақыны уақытылы беріп тұрғанына да шүкір де­гендей сыңай танытады. Бірақ БАҚ беттерінде тек зейнетке шық­қан әскерилердің мәселелері жиі жарияланады. Ал қызметтегі әскерилердің әлеуметтік ахуалы көпшілік наза­ры­нан тыс қалып жүр. Бұл салада қордаланып қалған мәсе­ле­нің көптігін Мемлекет басшысының өзі де айтқан болатын.

Отанға қорған болғандарды Отаны қолдап отыр ма?

Президент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында «Алдымызда жаңа тұжырымдама негізінде жауын­герлік дайындығы жоғары армия құру міндеті тұр. Арыс қаласындағы оқиғалар Қарулы Күштерде елеулі мәселелердің жинақталғанын көрсетті. Қорытындылай келе, әскери шығыстарды жеңілдетіп, армиядағы қаржылық және жалпы тәртіпті күшейту қажеттігін айтқым келеді. Сонымен қатар әскери қызметтің беделін және қарулы күштердің материалдық-техникалық базасын арттыру қажет. Біздің армия кәсіби дайындалған, адал офицерлер мен әскери қызметкерлердің бас­шылығымен жаңа геосаяси жағ­дайда ел қауіпсіздігіне төне­тін қатерлерге төтеп беруге да­йын болуы керек» деген бола­тын. Мемлекет басшысы айтқан «жа­уынгерлік дайындығы жо­ға­ры армияны» әлеуметтік проб­­лемалары шешілген әскери қыз­­­­мет­керлер құратыны түсі­нік­­ті. Әрине, бірінші орында – баспана мәселесі. Қорғаныс ми­нистрлігінің ресми мәлімет­те­­ріне сүйенсек, 2018 жы­лы 37 мың­нан астам адам жалпы со­ма­сы 36,7 млрд теңгеге жуық тұрғын үй төлемдерін алған. Ал жабық әскери қалашықтарда және жатақханаларда тұрып жатқан 6 431 әскери қызметшіге 3,3 млрд тең­геге жуық тұрғын үй төлемдері берілген.

Естеріңізге сала кетейік, тұр­ғын үй төлемдері барлық санат­тағы әскери қызметшілерге бір­дей төленеді. Оның ішінде, тұр­­ғын үймен қамтамасыз етіл­ме­ген әскери қызметшілерге тұр­ғын үй төлемдерінің 100 па­йы­зы, қызметтік тұрғын үй­лер­­­мен қамтамасыз етілген әс­ке­ри қызметшілерге тұрғын үй тө­лем­дерінің 50 пайызы ау­д­а­ры­­лады. Қазіргі таңда әске­ри­­лер­ге арналған «Әскери бас­па­­на» бағдарламасы жұмыс іс­­т­ей­ді. Дәл осы бағдарламамен Алматы об­лысындағы әскери бөлім­ше­лер­дің бірінде қызмет істейтін Н.Құрманбеков те баспана алған. Бірақ қызметкердің айтуынша, алғашқы жарнаның өзін несиеге алуға тура келген. «Әскери қыз­мет­­керлерге арналған арнаулы бағ­дарлама арқылы баспаналы бол­дық. Әрине, басқа мемлекеттік бағ­дарламамен салыстырғанда қол­жетімді деп айта аламын» дейді ол.

Дегенмен әскери азаматтар әлі де әлеуметтік проблемаларын ашып айтуда батылдық таныта бермейді. Өйткені қызметтен қудаланып кетермін деген қор­­қыныш басым. Бүгінгі кейіп­ке­рі­міздің бірі сол себепті сұхбатта аты-жөнін ашып айтудан бас тартып отыр. Мыңдаған әскери қызметкерлер секілді оның да басты дерті – баспана мәселесі.

– Біздің әскери бөлім Алматы қаласына тиіп тұр. Жанымызда тұрған әскери бөлім тұрғын үй төлемдерін қала көрсеткіштері бойынша алады. Адам басына 42 мың теңге шамасында. Ал біздің әс­кери бөлім қызметкерлері адам басына 22 мың теңге ала­ды. Жеке құрамда қызмет етіп жүрген азаматтардың бар­лы­ғы Алматы қаласында тұра­ды. Көп­­шілігі Көкжиек шағын­ау­да­ны­­нан қатынап жұмыс істейді. Өйт­кені бөлім маңында жалдап тұруға болатын тұрғын үй жоқ. Қалашықтағы пәтерлер барлық қызметкерге жетпейді. Бірақ біз­дің бөлім қала шекарасына 3-5 шақырым жерде орналасса да, 200 шақырым жердегі Талдықорған, Сарыөзек қаласымен тең мөлшерде тұрғын үй төлемдерін алады. Осы уақытқа дейін әскери бөлім қалаға енеді деп уәде еткеніне көп болды. Бірақ ол қашан болары белгісіз? Сол жағы дұрыс қарастырылмаған. Бұл мәселені талай рет көтердік, бірақ сол қалпы шешілген жоқ. Тіпті, министрліктің де хабары бар, – дейді атын атамауды құп көр­ген қызметкер.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі баспасөз қызметінің хабар­­лауынша, «Әскери өнім» бағ­дарламасы банктің жеке бас­та­масы екен. «Бұл бағдарлама әске­ри қызметкерлердің тиімді шарттар бойынша өз баспанасына қол жеткізуіне көмек көрсету мақсатында дайындалып, іске қосылды. Арнайы осы үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өткен жылы 98 млрд теңге қаражат бөлді. Олардың 48 млрд теңгесі банктің өз қаражаты болса, ал 50 млрд теңгесі – қарызға алынған ақша» делінген банктің хабарламасында.

Аталған бағдарлама өткен жыл­дан бастап жұмыс істейді. 2018 жылдан бері осы жоба аясында 2 711 отбасы, ал 2019 жылы 3 809 от­ба­сы өз баспанасына қол жет­кіз­ді. Жалпы, екі жыл ішінде банк қолжетімді баспанамен 6520 отба­сы­н қамтамасыз еткен.

Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кі баспасөз қызметінің мәлім­де­уінше, бұған дейін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәй­кес баспанаға мұқтаж әске­ри қыз­мет­керлер мемлекет тара­пы­нан бөлінетін төлемдерді тек пәтер жалдауға ғана жұмсап келген.

Алайда бұл баспана мәселесін шешуге еш мүмкіндік берген жоқ. Ал 2018 жылдан бастап аталған жағдай өзгеріп, заңдарға енгізілген бірқатар өзгертулер нәтижесінде әскери қызметкерлер тұрғын үй төлемдерін тек пәтер жалдауға ғана емес, сондай-ақ оларды Тұр­­­ғын үй құрылыс жинақ бан­кін­дегі шоттарында жинап, же­ңіл­детілген несиені өтеуге, басқа екінші деңгейлі банктердегі ипо­­текалық займдарды қайта қар­жы­­ландыруға және де үлестік тұр­ғын үй құрылысына қатысуға пайдалана алады. Яғни, несиені өтеуге жұмсалатын қаражат әске­ри қызметкердің ай сайынғы жала­­қысынан емес, мемлекет тара­пынан бөлінетін тұрғын үй төлем­дері есебінен алынатын болады.

Тұрғын үй төлемдері бюджет есебіне алынбайды, шот иесінің басқа міндеттемелері бойынша тыйым салынбайды және басқа екінші деңгейлі банк қандай да бір берілген несиелер бойынша уақытылы төленбеген берешектер үшін төлем талабын қоя алмайды.

Айта кетейік, «Әскери өнім» бағдарламасына, әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы және Се­мей қа­ла­лары мен Шығыс Қазақ­стан, Ал­маты, Қарағанды облыс­та­ры­ның тұрғындары белсенді түрде қатысты.


Кәмила ДҮЙСЕН