Ел игілігін еселейтін құжат

Газет мақаласы "Айқын" газеті №150

Елбасы салған сара жол­ды сабақтастықпен қа­был алып, халықтың се­німіне ие болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жаса­ған алғашқы Жолдауы ел игілігін еселеуге ба­ғыт­тал­ған маңызды құжат болып отыр.

Ел игілігін еселейтін құжат

Жолдаудың ең басты құн­дылы­ғының бірі – алдымен қо­ғам­дық диа­лог мәселесін негізгі орынға қоюында дер едім. Жол­даудың та­қырыбы айтып тұр­ғандай, еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің алдағы уа­қыттағы негізі халық пен мем­лекеттік ап­па­рат ара­сындағы диа­логтің ор­науы болмақ. Осы орайда, Жол­дауда Президент «Ха­лық үніне құлақ асатын мем­лекет тұжы­рымдамасын іске асыру бә­рімізге ортақ міндет» деп өзінің ұста­нымын нақты көрсетіп өтті.

Жолдаудағы азаматтық қо­ғамға қолдау көрсету, мемлекеттік мін­деттерді шешуде азаматтық қо­ғамның мүмкіндіктерін ке­ңінен қолдану, қоғамды то­л­ған­дырған мәселелерді азаматтық диалог аясында шешу ту­ралы бастама ха­лыққа жасалған жа­ңаша бетбұ­рысты білдіреді. Со­нымен қатар Президент Жол­да­уында қо­ғамдық диалог, ашық­тық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің не­гізгі ба­сымдықтары болуы керек екен­дігі атап көр­сетілген. Бұл баста­ма­лардың аза­маттық қоғам тарапы­нан қолдау табатындығына еш күмән жоқ.

Жолдауда айтылған тағы бір өзекті мәселе – қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рө­лін бекемдеуге қатысты пікір бо­лып отыр. Осыған орай, Пре­зиденттің қазақ тілі жайлы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ре­тіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қа­тынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген пікірінің ма­ңы­зы зор. Себебі әлемдік тә­жі­рибеге көз жүгіртсек, мемлекет құрушы ұлттың тілі сол елде ба­сым­дылыққа ие екен­дігін кө­ре­міз. Қазақ тілінің мемле­кеттік тіл ре­тіндегі рөлін күшейту және оны ба­рынша ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, тәуелсіз­дігі­міз­дің ірге­сін бекіте түсуде аса ма­ңызды. Қа­зақ тілін ұлтаралық тіл­ге ай­нал­дыру, мемлекеттік тіл­дің елі­міздегі өзге ұлт өкіл­де­рінің ортақ тіліне айналып, қо­ғам­дық өмірде маңыз­ды орынға шығуына септігін ти­гі­зеді. Бұл – Жолдаудағы халық қол­дап отыр­ған бастамалардың бірі.

Тағы бір ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе – Жолдауда Мем­лекет басшысы адам құқық­тары­ның қорғалуына, әсіресе, қо­ғам­дық өмірде орын алатын жы­ныс­тық зорлық-зом­былық, пе­дофи­лия, есірткі тарату, адам сау­дасы, әйелдерге қатысты тұр­мыс­­тық зорлық-зомбылықтарға қа­тыс­ты қолданылатын жазаны шұғыл түр­де қатайту қажеттігіне тоқталған.

Аталған мәселелер біз өмір сүріп отырған қоғамда күрделі си­пат алып бара жатқаны анық. Оған келесідей статистикалық мәлі­меттер дәлел бола алады. Мә­селен, Бас прокуратураның құ­қық­тық статистика және арна­йы есепке алу жөніндегі коми­те­тінің рес­ми мә­ліметіне сүйенсек, 2018 жылы елі­мізде отбасылық-тұрмыстық жағ­дайда жасалған 919 қылмыстық құ­қықбұзушылық тіркелген. Мұ­ның 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге артқанын көруге болады. Ал 2019 жыл­дың алты айында осы салада 415 қыл­мыстық құқықбұзу­шылық тіркел­ген. 2018 жылдың алғашқы жартыжыл­дығымен салыстырғанда, биылғы жылдың алғашқы жар­тыжылдығында құ­қықбұзушылық санының 29,3 па­йызға өскенін байқауға болады.

Адам саудасына келер болсақ, Ішкі істер министрлігінің мәліме­тінше, 2016-2018 жылдар аралы­ғында елі­мізде 925 қылмыстық іс қозғалса, 2019 жылдың сегіз айын­да елімізде адам саудасына қатысты 141 қыл­мыстық іс қозғалған.

Осыдан аңғаратынымыз, жыл өткен сайын елімізде адам сау­дасы, жыныстық зорлық-зом­бы­лық, педо­филия, тұрмыстық зор­лық-зомбы­лықтың саны тө­мен­демей, керісінше, артып отыр. Бұл тиі­сінше жедел шара қол­данылуы тиіс түйткілді мәселе деген сөз.

Президенттің Жолдауда осын­дай маңызды мәселелерге арнайы тоқ­та­луы, бұл сұрақ­тардың алда­ғы уа­қытта мем­лекеттің назары­нан тыс қалмай­тындығын білдір­се, оған қарсы күресті тұтас қоғам болып қолға алу барша­мыздың ортақ мін­детіміз болмақ.

Осыған орай, Жолдауда Мем­лекет басшысы зорлық-зомбы­лықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жө­нінде толыққанды бағдарлама әзірлеу қажеттілігіне тоқ­талған. Бұл өте маңызды да құптарлық ұсы­ныс дер едім. Заманында орыс­тың ұлы жазушысы Ф.М.Дос­тоевский «Егер бір сәбидің көз жасы төгі­летін болса, сол қоғам түкке тұр­ғысыз» де­ген болатын. Балала­ры­мыздың бей­күнә жүзіндегі бақыт пен олардың қа­уіпсіз өмір сүруі біздің де қо­ға­мы­мыздың бас­ты көрсеткіші болмақ. Осы мәсе­ле­нің ел басқа­рып отырған тұл­ға­ның назарынан тыс қалмауы, олар­дың қауіпсіз болашағына де­ген сенімді ны­ғайта түскені анық.


Ерболат МҰҚАЕВ,
Сенат депутаты