Салықсыз үш жыл

Газет мақаласы "Айқын" газеті №153

Нарық заманында, ең алдымен, бизнеске көңіл бөлінеді. Бұл мемлекетті алға жыл­жытатын тетіктердің бірі жасалып келеді. Өйткені жеке кәсібін ашқандар мем­лекетке кіріс түсіріп отырса, ел бюджеті де толыға береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында бизнесті қолдауға ерекше мән берілетінін айтты.

Салықсыз үш жыл

Иә, Президент Қазақстан хал­қына Жолдауында: «Микро және шағын бизнес компанияларын негізгі қызметіне қатысты са­лық­тан үш жыл мерзімге босатудың заңды негізін әзірлеуді тапсыра­мын. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылға тыйым салу туралы шешімім кү­шіне енеді» деген болатын.

Міне, осыдан кейін Үкімет өз жұмысына кірісіп кетті. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев: «Бүгінде бизнес үшін көптеген жеңілдіктер қарасты­рылған. Бірақ соған қарамастан, Президент бізге шағын бизнесті келесі жылдан бастап 3 жылға са­лық төлеуден босату туралы бұй­рық берді. Қазір Қаржы ми­нистрлігі қанша қаржы жоғал­та­тынымызды есептеп жатыр. Сон­дай-ақ бұл салықтардың орнын қалай толтыратынымызды ой­ластырып жатырмыз. Салық – бұл біздің әлеуметтік төлемде­ріміз», – деп денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, бизнес, аза­мат­тық қоғам салаларының өкілде­рімен кездесу барысында айтты.

Әрине, бұл бірден атқарыла са­латын жұмыс емес екені анық. Оны толық есептеп барып енгізеді. Ал шағын және микро бизнесті алдағы үш жылда са­лықтан босатса, республикалық бюджетке түсетін түсім 200 мил­лиард теңгеге азаяды. Бұл – Қар­жы министрі Әлихан Смайы­ловтың есебі. «Алайда Үкімет бұл шығынды салықтық және кеден­дік әкімшілендіруді жақсарту есебінен толтырамыз деп отыр. Бүгінде елімізде 700 мың кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп отыр. Оның 200 мыңы – шағын бизнес», – дейді министр. Оның айтуынша, табыс салығынан босатылып отырған микробизнеске 15 адам жұмыс істейтін және жылдық табысы 30 мың АЕК-ке дейін немесе 76 миллион теңгені құрайтын жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар кіреді. Ал 100 адамға дейін жұ­мысшысы бар, жылдық табысы 300 АЕК-ке дейін немесе жылына 757 миллион теңгені құрайтын ұйымдар шағын бизнес болып есептеледі.

Ал Кәсіпкерлік кодексінде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айна­лымына байланысты әрекетті; акциз­де­летін өнімді өндіруді және (не­месе) көтерме саудада өткізуді; астық қабылдау пункт­терінде астық сақтау жөніндегі қызметті; лотереялар өткізуді; ойын бизнесі саласындағы қызметті; ра­дио­активті мате­риалдардың айна­лымына бай­ланысты қызметті; банк қызметін (не банк опера­ция­ларының же­келеген түрлерін) және сақ­тандыру нарығындағы қызмет­ті (сақтандыру агенті қыз­метінен басқа); аудиторлық қыз­метті; бағалы қағаздар нары­ғын­дағы кәсіби қызметті; кредиттік бюролар қызметін; күзет қызме­тін; азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қыз­мет­ті жүзеге асыратын дара кә­сіп­керлер мен заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микро­кәсіпкерлік субъектілері деп танылмайтынын айта кету керек.

Егер үш жылға шағын биз­неске салық салынбаса, сырттан өз нәпақасын табамыз деген ша­руа қожалықтары да елге қайтар еді. Өйткені Өзбекстанда тірке­ліп, өз жұмысын дөңгелентіп отыр­ған қазақстандық фирмалар да бар. Бір ғана ұн өндірушілер Өзбекстанда жұмыс істеудің ал­ты артықшылығын айтады. Бірін­ші – қосымша құн салығынсыз өнім кіргізеді. Екінші – біз үшін Өзбекстаннан Ауғанстан елі ара­сындағы дәлізде өтетін ұнның құ­ны 47 доллар болса, олар 22 дол­лармен шектеледі. Үшінші – Өз­бекстанның жаңа президенті са­лықтың бірнеше түрінен кә­сіпкерлерді бес жылға босатқан. Төртінші – бізде несие орта ба­ғаммен 14 процентпен берілсе, Өзбекстанда 4 процентке және он бес жылға беріледі. Бесінші – электроэнергияның бір киловаты бізде 20 теңге болса, оларда 10 тең­геден жоғары емес. Алтыншы – бізде жұмысшылардың орташа айлығы 140 мың теңге болса, Өз­бекстанға 80 мың теңгеге жұ­мыс істейді. Бұл – Қарағанды қаласындағы «Мутлу» ұн тарту комбинатының директоры Дос-Мұқасан Тәукебаевтың айтқаны.

Әрине, шағын бизнесті кейбір салық түрлерінен босату кәсіп­керлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Кішігірім компа­ния­ларды салықтан босату, тауар ба­ғасын төмендетуге жағдай жа­сайды. Ал баға арзандаса, өнім тез өтеді. Осылайша, отандық өнді­рушілердің бәсекеге қабілеттілігі күшеймек. Оған қоса, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүм­кіндік пайда болады.

«Міне, былай есептеп шы­ға­руға болады. Мәселен, бір жылда 60 млн теңге табыс табатын бол­сам, ол сол кірістің 3% салық ретінде төлеуім керек. Бұл деге­ніңіз – 1 млн 800 мың теңге. Енді мұны төлемейміз. Осы арқылы қосымша жұмысшыларды да ала аламыз. Бұл да бір көмек болар еді», – дейді жеке кәсіпкер Гүл­дариға Даңғылқызы.

Айта кету керек, қазір мем­лекеттік органдар – Ұлттық эко­номика министрлігі, Қаржы ми­нистрлігі кімдер салықтан боса­ты­латыны туралы нақты шешімін айту үшін жұмыс атқарып жатыр.