100 млрд доллар белесін бағындырмақ

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 164

Елбасының бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бойынша тапсырмасын орындау ісін жандандыру қажет. Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Үкіметтің назарын осыған аударды. Әйтпесе, сарапшылардың байламынша, атқарушы билік бюджеттің шығыстарымен, Ұлттық қорды жұмсаумен әуестеніп кеткендей.  

100 млрд доллар белесін бағындырмақ

Спикер Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың та­быстың қосымша көздерін іздеп табу туралы тапсырмасының мемлекет үшін маңызына тоқталды. Жиында депутаттар 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын қарап, мақұлдады.

Талқылау барысында қалау­лылар экономиканың нақты секто­рын қолдауға бағытталатын шығыс­тардың айтарлықтай азайтылғалы отырғанына алаңдаушылық білдірді. Ал мұндай қолдау экономика мен өнеркәсіп дамуы үшін қажет. Олар өркендемесе, мемлекеттің ха­лық ал­дындағы әлеуметтік міндет­темелерін орындауы мұңға айна­лады.

Осыған орай, Нұрлан Зайроллаұлы бюджеттің кіріс бөлігі­нің үштен бірі сол бұрынғыдай Ұлт­тық қордан алынатын транс­ферт қаражаттан және мұнайдың экспорттық кедендік баж салығы­нан құралатынын жеткізді.

– Елбасы бұл жағдайды өзгерту­дің нақты жолдарын да көрсетіп берген болатын. Бұл үшін көліктік-транзиттік әлеуетті өркендету, ши­кізаттық емес тауарлар экспортын ілгерілету, шағын және орта бизнестің үлесін 50%-ға дейін арттыру керек. Бұл міндетті шешуге бүкіл Үкімет жұмылуы тиіс. Бірақ бұл іске экономикалық қанаттағы министрліктер жетекшілік етуі қажет, – деді Мәжіліс төрағасы.

Н.Нығматулиннің пайым­дауынша, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту үшін не істеу керегін дұрыс түсініп алған жөн. Ал депутаттық корпус заңнамалық қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасамақ.

Премьер-министр Асқар Мамин Үкіметтің экспорттық стратегия қабылдағанын жеткізді. Оны жүзеге асыру үшін жеке Жол картасы бекітілген.

– Биыл Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 100 миллиард долларға жуықтайды деп күтіп отырмыз. Оның 65 пайызын біздің экспорт, тек 35 пайыздайын импорт құрамақ. Осы межеге жету үшін жұмыс істеудеміз. Халықаралық валюта қоры 2019 жылғы әлемдік сауда-саттықтың өсіміне қатысты болжамын нашарлатты: өсімі 1,1 пайыз ғана болмақ. Яғни, жыл басындағы болжамнан 2,3 пайызға төмендетілді. Мұның барлығы ел экономикасының өсіміне де кері әсер етеді. Соған қарамастан, Үкімет үшін экспорт басымдық саналады. Экспорттық стратегиямызға сәй­кес, шикізаттық емес экспорт 2025 жылы 32 миллиард долларға жет­кізілуі тиіс, – деді Үкімет басшысы.

Ол Елбасы мен Президент Үкімет алдына экономиканың өсу қарқыны 5 пайыздан төмен болмайтын межеге шығару міндетін қойғанын еске салды. Осы мақсатта жаңа инвестициялар тартылмақ. Үкіметке инвесторлардан 4 мың­нан астам жобаға ұсыныс түскен. Олардың жалпы құны 41 триллион теңгені құрайды. Оларды іске қосу арқасында Премьердің сен­діруінше, 5 пайыздық белес те бағынады.