Тіл басқармалары тәуелсіздіктен айырылуда

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 168

Мәжіліс басшысы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығы­мен өткен палата отырысында Nur Otan партиясы фрак­циясының бір топ мүшесі мемлекеттік тілді нығайту мәселесін көтерді. Парламентшілер осы салада жедел шешілуге тиісті мәселелерге Үкімет басшысы Асқар Маминнің назарын аудартты.

Тіл басқармалары тәуелсіздіктен айырылуда

Премьер атына жолданған ­де­­путаттық сауалға Nur Otan фрак­циясының мүшелері Ф.Қа­ратаев, Қ.Сұлтанов, Н.Сабиль­я­нов және басқа да депутаттар қол қойған. Бұған сайлаушылар­мен өткізілген кездесулер ба­рысында ха­лықтық мемлекеттік тілге қа­тыс­­ты мәселе көтеруі түрткі болыпты.

Олардың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «2025 жылға дейін барлық қазақстан­дықтардың 95 пайызы мем­ле­кет­тік тілді меңгереді» деген міндетін жүзеге асыру үшін тілдік құры­лымдар сақталуы керек. Алайда қазір олай болмай отыр.

«Тiл туралы» заңының және салалық мембағдарламаның ­мін­дет-мақсаттарын іске асыру үшін өңірлердің бәрінде «тілдерді да­мыту басқармалары» және ­со­ларға қарасты «тілдерді оқыту орталықтары» құрылған бо­латын.

Бірақ бүгінде бірнеше облыс­та бұл басқармалар өз бетінше еркін қимылдау мүмкіндігінен айырылып, өзге басқармаларға тәуелді етілуде. Ал тілдерді оқыту орталықтары жабылып, мемле­кеттік емес секторға өтіп, яғни жекешелендіріліп жатыр.

Мәселен, Ақмола, Қызылорда облыстық тіл басқармалары Ішкі саясат басқармасының құрамына енгізілген. Нұр-Сұлтан қаласында тілдерді дамыту мен архив ісі бас­қармалары өзара біріктірілген. Павлодар және Маңғыстау об­лыс­тарында тіпті Мәдениет, Тіл­дерді дамыту және Архив ісі басқар­малары қосылып кеткен. Алматы қаласында басқарма мүлдем жойылып, қазіргі кезде қала әкімі аппаратында бірнеше маман ғана жұмыс істейді. Сон­дай-ақ Атырау, Түркістан об­лыстарында, Шым­кент қала­сында тіл басқармалары мүлдем жоқ. Тіл орталықтарында да жағдай осындай.

Президент Қ.Тоқаев өз Жол­дауында «Қазақ тілінің мемле­кеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айна­латын кезеңі келеді деп есептей­мін» деп мәлімдеді.

«Мемлекеттік тілдің барша қа­зақстандықтардың ортақ тіліне айналуында тіл басқармалары мен орталықтары шешуші рөл атқаруға тиіс еді. Оларды жабу қар­жылық жағынан да ақталатын қадам емес. Егер осындай әрекет­тер арқылы тіл саясатын, қоғам­дағы тұрақтылықты сақтау сияқ­ты стратегиялық факторларды есепке алмасақ, оның жаңғырығы бюджетті үнемдеуден де зор бол­мақ. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, жоғарыдағы жағдайға түсініс­тік­пен қарай отырып, мәселенің өзек­тілігін ескеріп, мемлекеттік тіл­ді дамытуға бағытталған жұ­мыс­тарды жүргізетін тілдерді да­­мыту басқармалары мен тіл­дер­ді оқыту орталықтарының дер­бес қызмет жасауын қамта­ма­сыз ету үшін тиісті шара қолда­нуы­ңызды сұраймыз» деді де­пу­таттық сауал­ды оқыған Ф.Қаратаев.

Депутаттар осы отырыста­рын­да бірқатар жаңа ратифика­циялық заң жобаларын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Соның бірі – Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы «Әскери ынтымақ­тастық туралы келісім» екі елдің бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізуіне жол ашады. Бұған дейін мұндай келісім болмаған. Соны­мен қатар құжатта әскери даяр­лық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын өзара келісімдерде қамтылмаған картография, гид­рография, топогеодезиялық қам­тамасыз ету, әуе кеңістігі арқылы әскери мүліктің транзиті, меди­циналық көмек көрсету, заң құзыреттілігі секілді көптеген мә­селелерді көздейді.

Осы екіжақты жаңа келісімді жүзеге асыру Қазақстанның әс­кери саладағы мүмкіндіктерін ке­ңейтеді, туыстас екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақ­тас­тықтың дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде.


Елдос СЕНБАЙ