Өңі кеткен өңірді салық қарық ете ме?

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 172

Болашақта Қазақстанда дотациялы емес донор ауылдар пайда болуы мүм­кін. Нұрлан Нығма­ту­лин­нің төрағалығымен өткен Мә­жі­ліс­тің жалпы отыры­сын­да депутаттар жергілікті бюд­жет­тер табысын артты­ра­тын әрі орталық бюджетке тә­уелдігін азайтатын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Өңі кеткен өңірді салық қарық ете ме?

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, «Кейбір заңнамалық актілерге Қа­зақстанның әкімшілік-ау­мақ­тық құрылысы, мемлекеттік бас­қару жүйесін және бюджета­ра­лық қатынастарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасы Елбасы тап­сыр­масына сай әзірленді. Н.Назарбаев шағын және орта биз­нестен түсетін корпоративтік та­быс салығын (КТС) жергілікті бюд­жетке табыстауды тапсырған болатын.

Министрдің байламынша, бұл жергілікті билікті өз өңірін­де­гі іскерлік белсенділікті арт­­ты­руға, шағын және орта кә­сіпкерлікті өркендетуге ынта­лан­дырады. Себебі жергілікті бизнесмендерден енді әкімнің өзі салық жинап, миллиондарды, бәл­кім миллиардтарды өз қа­зы­­­насына құяды. Сондай-ақ ауыл-аймақ бюджетінің респуб­ли­калық бюджетке тәуелділігі төмендетілмек. Өз ісіне мығым, кәсіпкерлікті гүлдентудің мәнісін білетін елді мекен басшысы, тіпті ауыл қажеттілігінен асып түсетін түсім жинап, «миллиардер ауылға» айналып, орталық бюд­же­тіне еш алақан жаймайтын күйге жетуі де ғажап емес.

Мәжіліс төрағасы корпора­тив­тік табыс салығын жергілікті деңгейге беру – өңірлердің дер­бес­т­ігін арттыруға ықпал ететін дұрыс қадам және заманауи тәсіл екеніне назар аудартты. Алайда осы үдерісті егжей-тегжейлі пы­сық­тау керегін жеткізді.

– Жергілікті бюджеттің рес­пуб­ликалық бюджеттен тәуел­ділігін қысқарту туралы әңгіме қозғағанда бұл мәселенің барлық қыры ескерілді ме деген сауал туады. КТС – бірінші кезекте сыртқы нарықтағы құбылмалы факторға тәуелді болып келетін салық саналады. Егер әлдебір жылы өңір ол салықтан қажетті түсімді жинай алмай қалса, со­ны­мен қатар республикалық бюджеттен бұрын алатын субвен­циялық қаражаттан да қағылса, не болады? Үкімет, Экономика ми­нистрлігі жергілікті бюджеттің кірістері мен шығыстары арасын­да туындаған тапшылықты тол­ты­ру үшін не істейді? – деп сұра­ды Нұрлан Зайроллаұлы бас эко­­­номистен.

Ұлттық экономика министрі Р.Дәленовтің түсіндіруінше, мұндай жағдайда қолдау шарасы қызметін «теңгерімге түсіруші трансферттер» атқаратын болады. Басқаша айтқанда, Ұлттық қорға қол салады.

Мәжіліс спикері өмірге жол­­дама алғалы тұрған жаңа­шыл­дықтар ең алдымен ауыл-ай­мақтағы жұртшылықтың әлеу­мет­тік мәселелерін дер кезінде және сапалы шешуге теріс әсер етпеуге тиіс екенін нықтады. Ер­тең алым-салықтың осы түрі­нің «шы­ғы­мы аз» болған жылдары Үкімет «өз проблемаң» деп үнсіз қалып, ал әкімдер қазына бос деп бейжай қол жайып, бюджет қаңырап, бұқара аңырап қалмауы керек.

– Бұл жерде барлығы же­те ойластырылғаны жөн. Бұл өңір­лерде ерекше әлеу­мет­­тік си­паттағы маңызды бағ­дар­ла­малардың орындалуы мен қаржыландыруының дағдаруына жол бермеу, өңірлердің барлығына ақша жетуі үшін қажет. Емханаға шипа іздеп келген азаматқа ол ем­деу орнының қандай көзден қар­жыландырылатыны бәрібір. Мейлі республикалық, мейлі жер­гілікті бюджет болсын, қа­зақ­стан­дықтар сапалы меди­ци­налық көмек алуға тиіс. Сон­дықтан ел Үкіметі КТС-ты жер­гілікті жер­ге беру бойынша ре­форманы жүргізгенде, өңір­­лердің әлеумет­тік міндеттемелерінің уақытылы орындалуын қамтамасыз ететін «қауіпсіздік жастығын» да сай­лап қойғаны абзал! – деді Н.Нығматулин.

Бұдан бөлек, ол ауыл-аймақта шағын және орта бизнесті қол­дау, перспективті жобаларды қар­жы­лан­дыру керегіне баса мән берді.

Жалпы отырыста депутаттар «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы» рати­фикациялайтын заң жоба­сын талқылай келе құптап, Сенат­тың қарауына жолдады.

Құжатқа сәйкес, Ресей «Бай­қо­ңыр» ғарыш айлағымен қоса жалға алып келген жердің бір бө­лігін, жалпы ауданы 11,6 мың гек­тар жер телімін Қазақстанға қай­тарып береді. Бұл аумақ ен­ді республикалық маңызы бар нысандарды тұрғызу үшін қай­та бөліске салынбақ. Атап айт­қанда, онда «Батыс Еуропа – Ба­тыс Қытай» халықаралық кө­лік дәлізінің жолы салына­ды, «Алматы – Мәскеу» темір­жо­лы­ның бір телімі төселеді, «Бей­неу – Шымкент» газ құбыры­ның же­лісі тартылады. Тағы бір бөлігі Қы­зылорда облысы Қармақшы ау­данының Төретам кентін өр­кен­дету үшін пайдаланылады.

Жалпы отырыс соңында депутаттар Бақытбек Смағұл, Ай­қын Қоңыров, Құдайберген Ержан, Әбдіманап Бектұрғанов, Дар­хан Мыңбай Үкімет мүше­ле­ріне депутаттық сауалдарын жа­рия­лады.

 

Ерік ЕРДЕН