Ерлерді ардақтау – елдіктің ісі

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 174

Қазақстанда 1 500 Ауған ардагері баспанасыз, «жетімбұрыш» жағалап жүр. Қан майдандағы өмір мен өлім арпалысынан оралғасын бейбіт өмірде, тәуелсіз елде тер төгіп, еңбек етіп жүрген ардагерлер мәселесіне көшбасшы партия ден қоюда. Осы орайда, Мәжіліс отырысында Nur Оtаn фракциясының мүшесі Б.Смағұл Премьер-Министр А.Маминге депутаттық сауалын жария етті.

Ерлерді ардақтау – елдіктің ісі

Мәжіліс депу­таты Nur Оtаn пар­тиясы мен фракцияның мүше­лері қатысқан кеңесте Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті, партия Төра­ғасы Нұрсұлтан Назарбаев ел-жұртты маза­лаған мәселелерді бірлесе ше­шу керегін атап өткенін еске салды: «Стратегиялық ба­ғытты негізге алып, әртүрлі әлеуметтік топтардың нақ­ты мүд­­делерін көздеп, ел-жұрт­тың нақты сұра­ныстарын өте­ген жөн» деді Елбасы. Мем­­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2 қыр­­күйектегі алғашқы Жол­да­­уында адамдардың мұң-мұқ­та­жына жедел назар аударуды «мемлекеттік орган­дар қыз­ме­тінің негізгі басым­дық­тары­ның бірі» деп белгіледі.

Бақытбек Смағұл Үкімет бас­шы­сынан ардагерлерді қатт­ы алаңдататын, әрі жедел шешімін күткен бірқатар проб­­ле­маларын шешуді өтінді.

– Біріншіден, Қазақстан бойынша 1 500-дей Ауған ар­­­да­гері үй кезегінде тұр. Жа­ны мен тәні жаралы, ег­де тар­тқан ардагерлердің «жетім­­бұрыш» жағалап жүр­гені ұят іс, елдігімізге сын. Бас­­па­насыз Ауған ардагер­лері­­нің көбі кезегін 15 жыл­дан артық күтуде. Осы са­нау­лы ғана ардагердің бас­пана мәселесін шешу – мемле­кет­тік маңызды мәселе. Бұл Отан қорғаушыларға деген құр­меттің сабақтастығын қам­тамасыз етеді және олардың қоғамдағы мәртебесін биік­тетеді, – деді халық қалаулысы.

Екіншіден, Б.Смағұлдың мәліметін­ше, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан 700 ардагерге кезінде мем­лекеттік тұрғын үй қорынан бөлінген, өздері ұзақ уа­қыт бойы тұрып жатқан бас­паналарын тегін меншікке беру мәселесі шешілмей келеді.

– Мұның жақсы үлгісі бар. Мысалы, Ақтөбе қа­ласы әкімдігі өздеріндегі 11 Ауған ардагеріне тұрып жатқан үй­лерін әуре сарсаңға салмастан, жекеше­лендіруіне жәрдемдесті. Ал басқа өңір­лерде жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде шешім шығарып, арда­герлердің жекешелендіруіне жәрдемдесу орнына, сотқа шағымдануын талап етіп, сергелдеңге түсіруде. Бүгінде бас­па­насын тегін меншікке алу құқығына тек ҰОС ардагерлері ие. Белгісіз себеп­термен Ауған ардагерлері бұл тізімге кірмей қалды. Бұл тұрғыда әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру керек деп есептейміз, – деді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.

Интернационалист жа­уын­­гер­лердің тағы бір түйт­кіл­ді мәселесі бар. Олардың ба­сым бөлігі мүгедек және дәрі-дәрмекке аса мұқтаж. Ал мемлекет беретін 14 800 теңге арнайы жәрдемақы мүл­дем жетпейді екен. Сон­дықтан Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығына кіретін ар­дагерлік ұйымдар сол жәр­демақыны 16 АЕК-ке (40 400 теңгеге) дейін көтеруді ұсынады.

Бұл ұсыныстар әлеуметтік тиімділік әкеледі әрі ежелден жауынгер халық саналатын елімізде ата дәстүріне берік ұландарға құрмет көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын ны­ғайтуға септеседі.


Елдос СЕНБАЙ