Сенат министрден қатаң сұрайды

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 185

Дамыған елдерде тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын жинау, кәдеге жарату және қайта өңдеу бұрыннан жолға қойылған. Ал Қазақ­станда аталған салада жүйелі тәсіл де жоқ. Бұл жайында Сенатта өткен «Үкімет сағатында» Дариға Назарбае­ва ашық айтты.

Сенат министрден қатаң сұрайды

Жиынды палатаның Аграрлық мә­селелер, табиғатты пайдалану және ауыл­дық аумақтарды дамыту жөніндегі коми­теті ұйымдастырды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мыр­зағалиевтің айтуынша, «жасыл» экономи­каға көшу жөніндегі тұжырым­дама аясында Қазақстан 2030 жылға қарай елдегі қал­дық­тарды өңдеу үлесін 40 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізу бойынша міндеттеме алды.

Республикада қалдықты өңдейтін зауыт жетіспейді. Әрі бұл бизнес әзірге өзін-өзі ақтамайды, мемлекеттік дотацияға зәру. Сондықтан қалдықтардың көлемді бөлігін электр энергиясын алу мақсатында өртеуді және одан ары сол қуатты жаңар­тылатын энергия көздері сияқты электр желілеріне беруді көздейтін Waste to Energy жобасын жүзеге асыру қолға алынуда екен.

«Бұл жоба қалдықтарды полигондарда көму көлемін еселеп қысқартуға, сондай-ақ осы бағытқа инвестиция тартуға мүмкіндік береді» деп қайырды министр.

Сенат басшысы Дариға Назарбаева тұр­мыстық және өнеркәсіп қалдықтарын жи­нау, қайта өңдеу мәселесін шешуде жүйелі тәсіл қажеттігіне назар аударды. Ол үшін же­ке мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

– Бүгінде министрлік жаңа Эколо­гия­лық кодекс бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Мемлекеттік бағдарла­масыз, ба­ғыт-бағдарсыз Эколо­гиялық кодексті қалай қабылдайтынымыз маған белгісіз болып отыр. Бізде қазірдің өзінде тиісті тұ­жы­рымдама бар, бірақ ол 2013 жылғы дең­гейде қалған, 6 жыл өтсе де, алға қарай қоз­­ғалыс жоқ. Осының бәрін министр ре­тінде сізден қатаң сұрайтын боламыз! Себебі бұл мә­селелерді одан ары кейінге қалдыруға бол­майды, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.

Сенат Төрағасы бұл ретте полигондар­да азық-түлік және құрылыс қалдықтарын көмуге тыйым салуға асықпау керек деп санайды. Салалық министрліктің де­рек­тері бойынша, мұндай тыйым алдағы 2020 жылдан бастап енгізіледі. Мысалы, Үкі­меттің тамақ қалдықтарын одан кейін қалай жоя­тыны, оны не істейтіні тіпті, заңнамада да көрсетілмеген.

– Ал сонда ондай қалдықтарды қайда жібереміз? Үкімет қандай да бір балама болуы үшін не ұсына алады? Бұл мәселе әзір­ге толық пысықталмаған деп есеп­теймін. Ендеше дәл қазір оған тыйым са­луға болмайды. Өйткені ертең сіздер по­лигондарды және онда жұмыс істеп жатқан адамдар мен бизнесті жаппай жазалай бастайсыздар. Бұл мән-мағы­на­сыз мәселе болады, – деді Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасы Қазақстан аумағында жатқан радиоактивті қалдықтар түйткіліне жеке тоқталды. Оның байламынша, бұл залалды қалдықтар ары қарай азамат­тардың денсаулығына зиян келтіріп жат­қан кезде Үкіметтің медициналық шығындарының мәнісі жоқ.

– Тұрмыстық қалдықтардан басқа, бізде 170 миллион текше метр радиоактивті қал­дықтар жинақталып қалған. Ол жай ғана топырақ пен атмосфераны ластап қана қой­майды, баршаға өлім қаупін төндіре­ді, – деді Дариға Назарбаева.

Салалық комитет төрағасы Әли Бек­таев «Үкімет сағаты» барысында елімізде қалдық­тарды басқаруды, өнеркәсіп және тұрмыстық қалдықтар бойынша мони­торингті, қайта өңдеуді және кәдеге жара­туды қамтитын жүйенің жоқтығын атап өтті. Бұл елдің ор­нықты дамуына кедергі келтіреді. Сенат де­путаттары жиын қоры­тындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдарды әзірледі.