Ұстаз күткен құжатта қайшылық бар

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 185

Қазақстан мектептерінде жаппай феминизация жүруде. Электронды күнделік ата-ана­лардың қалтасын қағуда. Елі­міздегі ұстаздардың жүк­темесі әлемдегі ең ауыры болып отыр. Нұрлан Нығматулиннің төра­ғалығымен өткен Мәжіліс­тің жалпы отырысында «Педа­гог мәртебесі туралы» заң жо­ба­сын талқылау барысында біраз мәселенің басы ашылды.

Ұстаз күткен құжатта  қайшылық бар

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл құжаттың жарты миллионнан астам ұстазға қатысы бар дейді. Басында жоба ЖОО оқытушы­ларын да қамтыған. Бірақ кейін мектеп және мемлекеттік колледж мұғалім­дерімен шектелген.

Заң жобасы 4 бағыттан тұрады. Біріншіден, ұстаздардың құқығы кеңей­тіледі, өздеріне тән емес жұмыстан босатылады. Екіншіден, мұғалімге қо­йы­латын талаптар күшейтіледі. Мы­салы, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап алғаш педагог қызметіне кірісетін тұл­ғалар біліктілігінің сәйкестігін растауы тиіс. Әр білім ордасында әдеп-этика кеңесі құрылады. Үшіншіден, арнайы мемлекеттік марапат тағайындалады. Төртіншіден, материалды ынталан­дырулар енгізіледі.

– Жаңа заң жобасы мұғалімді тіке­лей өз қызметіне жатпайтын жұмысқа тартуға тыйым салады, шектен тыс есеп берулерден, қағазбастылықтан босата­ды. Қадағалаушы органдардың мектепте негізсіз тексерулер жүргізуіне шектеу қоя­ды. Мұның барлығы бүгінде өте өзек­ті. Thales зерттеуі көрсеткендей, ЭЫДҰ-дағы дамыған елдермен, сондай-ақ ТМД мемлекеттерімен салыстыр­ған­да біздегі жүктеме ең көп екені анық­тал­ды. Мы­са­лы, ЭЫДҰ құрамындағы ел­дерде ұстаздар жүктемесі 38 сағат болса, бізде 48,8 сағат, – деді БҒМ басшысы.

Материалды емес ынталандыру тетіктері аясында педагог балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру қарастырылды. Бұған қоса, «Қазақстан­ның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты мен атағы енгізіледі. Әу баста оның ақшалай сыйлығы болмаған. Әйтсе де, министрдің мәліметінше, өт­кен аптадағы отырысында Үкімет наг­рада иегерлеріне 1 мың АЕК (2,5 млн тең­ге) төлем төлеуге жол ашатын қау­лыға дауыс берген.

Өзге материалды ынталандырулар да бар. Ауылда жұмыс істейтін мұға­лімдер жалақысына 30 пайыз үстеме қосылады. Президент Қ.Тоқаевтың биылғы тамыз конференциясындағы тапсырмасына сәйкес, алдағы 4 жыл ішінде педагогтардың жалақысы қа­зіргісінен 2 есе артады. Яғни, келесі жылдан бастап жыл сайын 25 пайызға өсіп отырады. Сынып жетекшілігі, дәптер тексергені үшін үстемеақылар көлемі де 2 еседей ұлғайтылады.

Сондай-ақ барлық ұстаздың дема­лысы бұған дейінгі 42 күннен 56 күнге дейін артады.

Егер әлдеқалай магистр атақ-дәре­жесі бар педагог мектепке келіп, жұмыс істеп жатса, оның еңбекақысына қо­сымша 10 АЕК (2019 жылы – 25 250 тең­ге) қосымша ақы көзделеді.

Жалпы, осы заң жаңалықтарын іске асыруға 5 жыл бойы бұрын-соңды болмаған орасан зор қаржы – 5,3 трил­лион теңге бөлінуде.

Талқылау барысында депутаттар заң жобасындағы кереғарлықтарға назар аудартты. Мысалы, 6-бапта енді педа­­гог­терді төл кәсіптік міндеттеріне қа­тысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол бе­рілмейді. Алайда ізінше 15-бабы педа­гогті «қоғамның әлеуметтік, мәде­ни және экономикалық дамуына жәр­демдесуге» міндеттейді. Әріптестерінің сын-ескертпесін қолдаған Мәжіліс Тө­ра­ғасы Нұрлан Нығматулин ұстаздар қауымын кәсібіне байланысы жоқ іс­тер­ден босатуды Елбасының өзі тап­сырып, оның орындалуын Мемлекет басшысы бақылауда ұстап отырғанын еске салды.

– Ауру қалса да, әдет қалмайды деген осы. Бір норманы жойып, орнына ұқсас норма енгізіп отыр. Әлгі екі нор­маның мағынасы бір-біріне қайшы келіп тұр. «Жәрдемдесуге міндетті» деп міндеттеп қойған. Мұғалім өзінің асыл уақытын қоғамдық жұмыстарға емес, бала тәрбие­сіне арнауы керек. Педа­гогтер қауым­дас­тығымен жеке кездес­тік. Олар: «Біз Қа­зақстан азаматтары қатарлы ел өмі­рі­не белсенді атсалысуға әзірміз!» деді. Олар одан бас тартпайды. Бірақ бұл ерік­ті болуға тиіс. Бір-бірін жоққа шы­ға­ратын нормаларды жойып, дұрысын қалды­руымыз керек, – деді Мәжіліс төрағасы.

Білім және ғылым министрі бұл сынмен келісті:

– Ондай қауіп бар. Басқаша түрде берілгесін, шынында, жергілікті билік өзінше түсініп, мұғалімдерді қайтадан тегін жұмысқа «жегуі» ықтимал. Бұған дәл осы бап мүмкіндік береді. Сондықтан кемшілік кеткенін мойындаймыз. Екінші оқылымға дейін депутаттар ұсынысын қабылдайтын боламыз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Дәл осы заң жобасының алғашқы нұсқасында мұғалімдерге 48 жаста зей­неткерлікке шығуға құқық беретін бап болған. Ақырғы нұсқасынан ол алып тас­талыпты. Депутат Б.Смағұл мұғалім­дер қауымының кең ауқымды қошта­уы­на ие болған сол норманы қайтаруды ұсынды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев бұл ұсынысты жұмыс то­бында қарағанын жеткізді. Ұстаздар қолдап отыр.

«Әйткенмен, Үкіметтің қорытын­дысында бұл норма қабылданған жоқ. Себебі 1998 жылы ынтымақты зей­нетақы жүйесінен – жинақтаушы түріне көштік. Егер қазір мұғалімдерге ерте зейнет­керлікке шығуға құқық берсек, олар зейнетақымен қамтамасыз етуге жетерлік жинақ жинап үлгермеуі ықти­мал. Ал кепілдендірілген базалық зей­нетақы көлемі өте төмен. Сонымен қатар ауыр жұмыс істейтін шахтерлар және басқа­лары да осындай құқық беру мәселесін көтереді. Сол себепті әзірге бұл мәселе қаралмайды», – деді 1-ші вице-министр.

Білім және ғылым министрі А.Ай­ма­ғамбетов ұстаз болудан ерлер қауы­мының арланатынын мойындады. Өйткені жалақысы аз болды.

«Шынында, мұғалім кәсібінің фе­ми­низацияланғанын байқап отырмыз. Барлық педагогтің 81 пайызы – әйелдер. Ел бойынша мектептерде 60 мыңдай ер адам жұмыс істейді, олар – негізінен мек­теп директорлары, еңбек және дене­шы­нық­тыру пәнінің мұғалімдері. Заң жо­ба­сында барлық ер педагогті әскерге ша­қырудан босату көзделуде. Бұл жас­тар­дың мектепке жұмысқа тұруына түрт­кі болуға тиіс» деп түйді Асхат Аймағамбетов.

«Педагог мәртебесі туралы» және ілес­пе заң жобаларын Мәжіліс депу­тат­тары бірінші оқылымда мақұлдады.