Атом қаруынан түбегейлі бас тартты

Газет мақаласы Айқын газеті №75

Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт мақұлданды. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын құптап, Сенатқа жолдады.

Атом қаруынан түбегейлі бас тартты

Атап айтқанда, қалаулылар «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты рати­фикациялау туралы» заң жобасын ма­құлдады. Бұл шартқа 2017 жылғы 7 шіл­де­де Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде қол қойылған болатын.

Шарттың негізгі мақсаты – халықа­ралық-құқықтық алаңда ядролық қаруға тыйым салу жө­ніндегі олқылықты жоятын әрі заңды тұрғыдан баршаға міндетті құжатты қабылдау.

Сыртқы істер министрлігінің тұжы­рымдауынша, «ақырзаман қаруынсыз» әлем құруға бағыт­талған осы жаһандық құжаттың ережелері әлемдегі қуаты бо­йын­ша төртінші ядролық арсе­налдың иегерінен – ядролық қарусыздану және жаппай қы­рып-жою қаруларын таратпау қозғалысының көшбасшысына дейінгі жолды жүріп өткен Қа­зақстанның тұғырлы ұстаным­дарына толық жауап береді.

Оған сәйкес, шартты қабыл­дайтын әрбір мемлекет ешқашан және қандай да болмасын се­бептермен ядролық қаруды не­месе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды әзірлемеуге, сы­намауға, өндірмеуге, дайында­мауға, өзге де тәсілмен сатып алмауға, иеленбеуге және жина­мауға міндеттенеді.

Бұған қоса, шартқа қатысушы елдер мойнына алатын маңызды міндеттердің қатарында – кез келген ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды өз аумағында, сондай-ақ бақылауындағы не­месе заңдары тара­латын жер­лерде орналастыруға, орнатуға немесе өрістетуге жол бермеу бар. Яғни, төрткүл дүниеде бұл тарихи шартты ратификация­лаған мемлекеттер саны артқан сайын, әлемде ядролық қарудан ада аймақтар ауданы ұлғая бермек.

Мәжіліс «1992 жылғы 15 ма­мырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мем­лекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы ке­лісімге өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратифи­кациялау туралы» заң жобасын да құптады. Бұл төртінші хаттама 2017 жылғы 30 қарашада Минс­кіде бекітілген. Оған сәйкес әс­кери мақсаттағы өнімнің бағасы өнім беруші тараптың ұлттық қарулы күштері, өзге де әскер­лері, әскери құралымдары, құ­қық қорғау органдары мен арна­йы қызметтері өздерінің мұқ­тажы үшін сатып алатын әскери мақсаттағы өнімге баға белгілеуді реттейтін ұлттық заңнамасына сәйкес қалып­тастырылады.

Жиында депутаттар Мәжі­ліске келіп түскен ел Үкіметінің және Есеп комитетінің 2018 жыл­ғы республикалық бюд­жет­тің атқарылуы туралы есептері бойынша палата комитетіне қорытынды дайындауды жүктеді.

Жалпы отырыс соңында қалаулылар орталық мемлекеттік органдардың басшыларына де­пу­таттық сауалдарын жолдады.