Елбасы атындағы діни орталық

Газет мақаласы Айқын газеті №76

Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Дариға Назарбаева Дүние­жүзілік лютеран федера­ция­сының бас хатшысы Мартин Юнгемен кездесті.

Елбасы атындағы  діни орталық

Д.Назарбаева астанамыздағы діни форумға тұрақты түрде қолдау көрсеткені, атап айтқанда, дінаралық съез бен оның жұ­мыс органдарының жұмысына ұдайы қатысып келе жатқаны үшін лютеран федерациясы өкіл­деріне алғысын білдірді.

Сенат басшысы жүздесушіге жаңа ұйым – «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық үнқатысуды дамыту орталығы» құрылатыны туралы хабарлады.

Бұл орталық діни көшбасшылардың елордалық діни саммиттің мақсаттары мен міндеттерін халықаралық аренада ілгерілетуі және форумды институттандыру ісіндегі маңызды құрал болады.

Дариға Назарбаева лютерандарға орталықтың жұмысына қосылуды ұсынды.

Тараптар 2019 жылдың қыркүйегінде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XVIII отырысына дайындық барысын талқылады. Ол отырыста келесі съездің және Діни лидерлер кеңесінің өтетін күні мен күн тәртібі белгіленеді.

Дүниежүзілік лютеран федерациясының бас хатшысы дінаралық үнқатысуды ілгерілету жөніндегі ерекше тұғырнама құрғаны үшін Қазақстанға алғысын жеткізіп, елордалық діни форумды одан ары қолдау ниетін білдірді.

Ол сондай-ақ Дүниежүзілік лютеран федерациясының жұмысы мен жоспарлары, атап айтқанда босқындарға қолдау көрсету, өздерінің Біріккен Ұлттар ұйымымен ынтымақтастығы туралы хабардар етті.