Салық қатесі рақымшылықпен түзеле ме?

Газет мақаласы Айқын газеті №79

Палата cпикері Нұрлан Нығма­ту­линнің төрағалығы­мен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары қаржы нарығына қатысты жаңа заң жобасын I оқылымда мақұлдады. Құжат көптеген басқа да жаңалықтары сыртында, елімізде жаңа мемлекеттік органның құрылуын заңдастырады.

Салық қатесі рақымшылықпен түзеле ме?

«Кейбір заңнамалық актілерге қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жо­басы қаржы нарығын реттеу және да­мыту, қаржылық ұйымдарды бақы­лау және қадағалау функциялары мен өкілеттіктерін Ұлттық банктен алып, жеке мемлекеттік органға беруді заң­намалық бекітеді.

Түңлігін жаңадан түретін мемор­ганның бюджетке қаншаға түсетіні де мәлім болды: қаржылық реттеушінің дерегінше, заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен жыл сайын қаржы секторын реттеудің тәуелсіз органын ұстап тұруға шамамен 10 мил­лиард теңге мөлшерінде шығыс шығаруға әкеп соғады.

Бұл құжатты қабылдау мультипли­кативті тиімділік әкелетінін атап өткен Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин Елба­сының тапсырмасына сәйкес, қаржы секторын реттейтін дербес орган құрыл­ғалы отырғанын және бұл банк секто­рында тәртіп орнатуға септесетінін мә­лім етті. Жаңа құрылым микроқаржы қыз­меті саласында азаматтардың құқық­тарын қорғауды арттыруға, тұтынушылық несиелендіру нарығында қордаланған жүйелі проблемаларды жоюға тиіс.

– Заң жобасының елеулі бөлігі қар­жылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Әсі­ресе, бұл тұтынушылық несиелендіру са­ласына қатысты. Халықтың мүддесі үшін ломбардтардың, кредиттік ұйым­дардың, онлайн несиелендіру ұйым­да­ры­ның қызметін реттеу енгізілуде. Кре­дит­теу шарттарының бұзылуы және сыйа­қылар ставкасы мен комиссия­лар­дың шектен тыс жоғары болуы жөніндегі халықтың арыз-шағымдарының үлкен көлемі дәл осы ұйымдар еншісінде, – деді Нұрлан Нығматулин.

Спикер Қаржы министрлігінің Мем­лекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сілтеме жасай отырып, Қазақстанда корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, әлеуметтік салық, яғни тек заңды тұлғалар ғана төлейтін салықтар бойынша жеке тұлғаларға шамамен 700 миллион теңге салықтық берешек есептелгенін хабарлады.

– Және осы азаматтардың осынша сомадағы салықтық берешектері 15 жыл­дан бері есепте тұр. Тиісінше, оған жыл сайын өсімақы қосыла береді. Оның үсті­не, бұл азаматтардың тіпті жеке ­кә­сіпкер ретінде тіркелмегені де анық­та­лу­да. Сіздер еліміз бойынша өзде­ріңіздің 7 мил­лиард теңге өсімақы­ла­рыңызды осылай көбейтесіздер, – деді Н.Нығматулин.

Қалаулылар автокөлік, жел телімі, жыл­жымайтын мүлік салықтарын есеп­теумен байланысты салықшылардың қателіктерін де қаперге салды. Бұл ретте уәкілетті меморгандардың ақпараттық жүйелерінің жұмыстары да тілге тиек етілді. Мәселен, автокөліктер бойынша деректер базасын ІІМ-нің «Сервис ор­та­лығы» автоматтандырылған ақпарат­тық жүйесі жүргізеді. Жер телімдері бо­йынша ақпарат Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің Мемлекеттік жер ка­дастрында жинақталады. Жеке тұлға­лардың мүлкі туралы мәліметтер Әділет ми­нистрлігінің жылжымайтын мүлік регистрінде түзіледі. Оларға мәліметтер­дің ескіріп қалуы және өзара лайықты ықпалдаспауы тән.

Бұдан бөлек, талқыға салу кезінде депутаттар банктік заңнаманы қайталай бұзған банктерге салынатын айыппұлдың ұсынылып отырған көлемінің тым мар­дымсыздығын айтты. Заң жобасында бұл жағдайда банктерге 15 АЕК кө­лемінде, яғни бар-жоғы 37 875 теңге айыппұл салу қарастырылған. Сондықтан Мәжіліс Ұлттық банктің жаңа басшысы Ерболат Досаевты айыпты банкті жазалауда батылырақ болуға шақырды. Ол Ұлттық банк екінші оқылымға дейін заңнаманы орындамайтын, қайта-қайта талапты бұза беретін банктер үшін сайма-сай айыппұл енгізуі керегін нықтады.

Осы күні депуттаттар «Кейбір ­заң­намалық актілерге атқарушы­лық іс жүр­гізу мәселелері бойынша өз­гер­тулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жо­ба­сын да бірінші оқылымда мақұлдады.

Отырыс соңында қалаулылар орта­лық мемлекеттік органдар басшылары атына депутаттық сауал жолдады.


Елдос СЕНБАЙ