Бизнеске төнген қауіпті сейілтті

Газет мақаласы Айқын газеті №83

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалы­ғымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар оңалту және банкроттық рәсімдерін жетiлдiруге қатысты түзе­тулерді бірінші оқы­лымда мақұлдады. Құжат дәрменсіз бизнес нысан­дарының осы рәсімдерді қолдануы шарттарын оңайлатуға бағытталған.

Бизнеске төнген қауіпті сейілтті

«Кейбiр заңнамалық актiлер­ге оңалту және банкроттық рә­сім­дерін жетiлдiру мәселелері бойын­ш­а өзгерiстер мен толық­тырулар енгiзу туралы» заң жо­басы бойын­ша енді кредиторлар жиналыс­ы­ның бірқатар өкілет­тіктерін одан әлдеқайда икемді «кредитор­лар­дың комитетіне» беру арқылы бан­кроттық рәсімін өткізу мер­зім­дері қысқартылады. Бұдан бө­­лек, ұзақ уақыт бойы жұмыс жа­са­май тұрған борыш­керлерді бан­кроттық рәсімдерін қозғау­сыз-ақ, жеңілдетілген түр­де жою ұсы­нылады.

Мәжіліс төрағасы Н.Нығма­ту­лин жаңа заң елдегі іскерлік ахуалды жақсартуға тиісін атап өтті. Сонымен бірге, талқылау барысында депутаттар бірқатар мәселелер көтерді. Оларды жо­баны әзірлеушілер жұмыс тобы­мен бірлесіп, екінші оқылымға дейін пысықтайтын болады.

Атап айтқанда, бұл жерде заң жобасына «Жалған банкроттық» деген баптың орнына «Алдау не­месе сенімді теріс пайдалану жо­лы­мен кредиторларға мүліктік за­лал келтіру» деп аталатын жаңа бап енгізу жайында сөз болып отыр. Ал Қылмыстық кодекстің табысты кәсіпорынды қасақана банкрот етуге және төлем қабі­летсіздігіне дейін жеткізуге қа­тысты баптарын тек қана қаржы­лық ұйымдар үшін сақтау қарас­тырылады. Депутаттардың қауіп­тенуінше, ұсынылған осы жаңа­шыл­дықтар салдарынан кез кел­ген ниеті арам шенеунік заң­ды тұлға, компания акцио­нер­лерінің немесе қатысушыла­рының әр­қайсысын кредиторлар алдындағы қарызы бойынша субсидиарлық жауапкершілікке тарта алатын болады.

Нұрлан Нығматулиннің бай­ла­мынша, бұл түзету Қазақ­стан­дағы бизнес жүргізу ұстын­дарына қатер төндіреді. Қолда­ныстағы заңға сәйкес, ЖШС немесе АҚ қатысушылары тек жарғылық қорға өзінің төл үлесі шегінде ғана кредиторлар ал­дында жауапкер­шілік арқалайды. Палата басшы­сының айтуынша, дәл осындай құқықтық конс­трук­ция кәсіп­керлерге бос ақша­ларын бизнесті дамытуға инвес­тициялауға мүм­кіндік береді.

– Сіздер енгізіп отырған жа­ңа норма қабылданған жағдайда адамдар, тіпті, бизнеспен айналы­судан қорқатын болады. Себебі, қатысушы ретінде жарғылық ка­питалға қосқанынан ғана емес, сондай-ақ өзінің бүкіл мүл­кінен айырылу қаупі барлығын әу бас­тан біледі, – деді Нұрлан Зай­рол­лаұлы, заң жобасын қор­ғаған қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұловқа қайрылып.

Ұлттық экономика министр­лігі мен «Атамекен» ҰКП өкіл­дерінің пікірін тыңдаған Мәжіліс төрағасы қолданыстағы норманы қалдыруды ұсынды. Тиісінше, өз кәсіпорнының қарыздары бо­йынша құрылтайшының мате­риалдық жауапкершілігі тек сот «кәсіпорынның саналы түрде банкроттыққа жеткізілгенін» және «кредиторлар құқықтарын бұзғанын» анықтаған жағдайда ғана туады. Бұл норма екінші оқылымға дейін пысықталады.

Оңалту және банкроттық ісі бойынша өндіріс кезінде уақыт­ша әкімшіні тағайындау тәртібіне қатысты да пікірталас жүрді. Қа­зақстанда бұл соттың функция­сына жатады. Ал көптеген елдер­де осы рәсімді кредиторлар жи­налысы немесе борышкердің өзі жүзеге асыра береді.

– Өздерінің барлық мәселе­лерін шешудің ең оңтайлы жол­дарын табуға қабілетті болатын үздік кандидатураны анықтауға кредиторлар тікелей мүдделі. Ен­деше кредиторлар жиналысы ұсы­натын осындай әкімшіні та­ғайындау функциясын уәкі­летті мем­лекеттік органға берген әлде­қайда дұрыс болатын шы­ғар, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.

Жиында депутаттар сон­дай-ақ «Кейбір заңнамалық ак­ті­лер­ге қаржы нарығын реттеу мен да­мыту және микроқар­жылық қыз­мет мәселелері бо­йын­ша өз­ге­ріс­тер мен толық­ты­рулар ен­гі­зу ту­ра­лы» заң жобасын екін­ші оқы­лым­да мақұлдап, Сенатқа жолдады.

Жалпы отырыс соңында қа­лаулылар орталық мемлекеттік органдардың басшыларына де­пу­таттық сауалдарын жолдады.