Конгресмендер марқайып қайтты

Газет мақаласы "Айқын" газеті №122

Қазақстандық депу­таттар АҚШ Конгресінің саяси фракцияларымен тікелей байланыс орнатуға ниетті. Бұл жайында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің америка­лық конгресмендермен кездесуінде айтылды.

Конгресмендер марқайып қайтты

Нұрлан Зайроллаұлы Құрама Штаттар Конгресінің Өкілдер палатасының мүшелері Дэвин Нуньеспен және Рик Кроуфорд­пен жүздесті. Мәжіліс спикерінің айтуынша, АҚШ-пен өзара тиім­­ді әрі жан-жақты қарым-қа­ты­насты дамыту – еліміздің сыртқы саясатының басым ба­ғыты. Ол сондай-ақ Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың 2018 жыл­ғы қаңтардағы Америка Құрама Штаттарына жасаған ресми са­пары екі ел арасындағы кеңей­тілген стратегиялық серіктес­тікке серпін бергенін атап өтті.

Бұл ретте Н.Нығматулин Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпвектор­лы сыртқы саясаттың сабақ­тас­тығын сақтай отырып, мемле­ке­тімізді әлеуметтік-экономи­ка­лық дамытуға бағытталған нық бағдарды ілгерілетіп жатқанына екпін түсірді.

Жүздесушілер қазақстандық-америкалық ынтымақтастықты өркендету, соның ішінде ха­лықаралық қауіпсіздік, энерге­ти­ка, ауыл шаруашылығы және бас­қа да салаларда ықпалдас­тықты нығайту мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде Дэвин Нуньес Қазақстанның көптеген бағыт­тар бойынша жетістіктерін жо­ғары бағалады. АҚШ конгрес­мені сонымен қатар лаңкестікпен күрес мәселесінде Қазақстан мен Америка арасында конструктивті қарым-қатынас жолға қойыл­ғанына көңілдері толатынын білдірді.

Кездесу барысында парла­ментаралық ынтымақтастықты тілге тиек ете келе, Нұрлан Нығ­матулин Мәжіліс депутат­та­рының АҚШ Конгресінің саяси фракцияларымен тікелей байла­ныс орнатуға, «Қазақстан дос­тарының кокусы» мүшелерімен белсенді өзара іс-қимыл жасауға мүдделі екенін мәлімдеді. Мә­жіліс төрағасы сонымен бірге, жергілікті заңшығарушылық органдар деңгейінде де амери­калық әріптестерімен ықпал­дас­тықты дамытуға қызығушылық танытты.