Фракция жаңа форматқа көшті

Газет мақаласы "Айқын" газеті №129

Nur Otan фракциясының жұмысы жаңа тәсілге сай қайта құрылады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Nur Otan партиясының парламенттік фракциясының жетекшісі мәртебесінде фракцияның алғашқы отырысын өткізді.

Фракция жаңа форматқа көшті

Бұл туралы Мәжіліс төрағасы өз Твиттерінде хабарлады: «Мә­жілістегі Nur Otan партиясы фрак­циясының алғашқы оты­рысын өткіздім. Әріптестермен бірге Елбасы тапсырмаларын орындау жоспарын белгіледік. Басты мақсат – жұмыста жаңа тәсіл енгізу, халық мәселелерін шешу, сайлауалды бағдарламаны орындау, соның ішінде, заңмен қамтамасыз ету» деп жазды фракция жетекшісі.

Осының алдында көшбасшы партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия Төрағасы, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев Мәжілістегі фракцияның жетекшісі лауазымына палата спикері Н.Нығматулинді сайлау­ды ұсынған болатын.

– Бірінші кезекте, партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевқа өзіме зор сенім арт­қаны үшін алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ осы лауазымға сай­лағандарыңыз үшін фракциядағы барлық әріптесіме ризашы­лы­ғымды білдіремін. Бұл – зор құр­мет және үлкен жауапкер­шілік! – деді фракция жиынында Нұрлан Зайроллаұлы.

Нұротандық депутаттардың алдағы жұмысына тоқтала келе, ол фракция өз күш-жігерін, ең алдымен, партия Төрағасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың тапсыр­ма­ларының, Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасының және Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың сай­лауалды бағдарламасының орын­далуын бақылауға жұмыл­дыратынын атап өтті.

Осы мақсатта фракцияға мү­ше депутаттар Үкімет өкіл­дері­мен бірлесіп, тұғырнаманың әр­бір нақты тармағы қалай орын­далып жатқанына жете талдау жүргізеді. Шешілмеген мәселе­лерге екпін түсіре оты­рып, жұмыс нәтижелері фракция қатысуымен өтетін Үкімет оты­рысында баян­далмақ. Ондай жиынды өткізуді Н.Назарбаев ұсынғаны мәлім.

Н.Нығматулин парламент­шілерді заң шығару бастамасын белсенді пайдалануға шақырды. Депутаттық заң жобаларды әзір­леу барысында партия жа­нын­дағы Қоғамдық саясат институты көмек көрсетеді.

Ал депутаттық сауалдарды да­йындау кезінде, ең алдымен, сай­лаушыларды толғандырған мәселелерге, сондай-ақ пар­тияның сайлауалды тұғыр­на­масын іске асыруға басым көңіл бөлінеді.

Алдағы жұмыстың басты бағыттары қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті кү­шейту аталды. Бұл міндетті ше­шу үшін құқық қорғау жүйесінде жұмыс жасау тәжірибесі бар депутаттарды іске қосу жоспар­ланып отыр.

Елбасы экономикалық өсуді қамтамасыз ету міндетін қойға­нын еске салған фракция же­текшісі экономика, әлеумет, бюд­жет, жастар саясаты, инно­вация секілді әрбір бағыт бо­йынша Үкіметпен тізе қоса жұ­мыс істейтін нақты депутаттарды бекітуді ұсынды.

Үкіметпен өзара іс-қимылды тілге тиек еткен Нұрлан Нығма­тулин жұмыстың тәсілдері мен форматы өзгеретінін мәлімдеді. Мысалы, «Үкімет сағаттарының» жаңа форматына сәйкес, минис­трлердің саладағы жалпы жағ­дайға қатысты емес, нақты мем­лекеттік бағдарламаның орын­далуы жайындағы баяндамасы тыңдалады. Осылайша, қандай мақсаттар қойылғаны және олар­ға қаншалықты қол жеткі­зілгені, іске аспағандары үшін кімнің жауап бергені, бағдар­ла­маға шығындалған бюджет қар­жыларының қаншалықты тиімді жұмсалғаны жөнінде егжей-тегжейлі әңгіме өрбуге тиіс.

– Нәтижесінде, бағдар­ла­маны жүзеге асыруды жақсарту бойынша ұсыныстар мен ұсы­нымдар түзіледі. Қажет болған жағдайда қандай да бір лауа­зымды тұлғалардың дербес жа­уапкершілігі де қаралады. Ми­нистрдің барлығы біздің партия мүшелері, демек олар «Үкімет сағаты» аясында ғана емес, сонымен қатар Nur Otan фрак­циясының отырыстарында да есеп беруге тиіс, – деді Нұрлан Нығматулин.

Ол депутаттарға әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануға, сайлаушылармен тығыз бай­ла­ныста болуға, заң шығарушылық жұмыстағы жаңалықтар туралы айтып, халықтың пікірін білуге және оны күнделікті жұмыста жаратуға шақырды.

Бұдан былай Nur Otan фрак­циясы мүшелерін депутаттық төс­белгімен бірге партиялық төсбелгіні де тағып жүргенінен тануға болады.