Сенатта сайлау өтті

Газет мақаласы "Айқын" газеті №134

Парламенттің жаңа бесінші сессиясындағы Сенаттың бірінші жалпы отырысы болды. Жиында сөз сөйлеген Жоғарғы палата басшысы Д.Назарбаева әріптестерінің назарын Президент Жолдауына аудартты.

Сенатта сайлау өтті

Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қа­зақстан халқына Жолдауының басымдықтарын атап өте келе, бағдарламалық құжатта ел өмі­рінің барлық салала­рын­дағы ахуалға талдау жа­сал­ғанын, әрі нақты, практикалық міндеттер қойылғанын айтты.

– Енді біз оларды заңдар мен қаулылар тіліне көші­руі­міз керек. Барлық әріптес­те­рім­ді тығыз жұмыс кестесіне те­зірек кірісуге шақырғым ке­леді. Бұл үшін біз күзгі мау­сым­дағы жаңа жұмыс жос­па­рын түздік, – деді Сенат басшысы.

Айта кету керек, сессия­дағы алғашқы отырыс ұйым­дастырушылық мәселелерге арналды. Жоғарғы палата де­путаттары жасырын дауыс беру арқылы бірауыздан Да­ри­ға Назарбаеваны Сенат төра­ғалығына қайта сайлады.

Д.Назарбаеваның канди­датурасын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсын­ды. Бұл ретте жиында Пре­зидент Әкімшілігінің бас­шы­сы Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысының аты­нан сөз сөйледі:

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-ба­бы­на сәйкес Парламент Сена­тының төрағасы лауазымына Дариға На­зарбаеваны сай­лауды сұрай­мын», – делінген Президенттің сөзінде.

Сайлау нәтижелері жария етілгесін, Дариға Нұрсұл­тан­қызы сөз алды:

– Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін рақмет! Бұл – мен үшін зор мәртебе және үлкен жауап­кершілік. Қазақстан Парла­ментінің Жоғарғы палата­сы­ның басшысы ретінде сүйікті Отанымыздың гүлденуі үшін бар күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді жұмсаймын! – деді Д.Назарбаева.

Сондай-ақ бұрынғы вице-спикер Сергей Громовтың өкілеттігінің тоқтатылуына байланысты Сенат төраға­сының жаңа орынбасары сайланды. Бұл лауазымды таяуда, 13 тамызда Президент Жарлығымен сенатор болып тағайындалған Асқар Шәкіров иеленді.

Бұдан бөлек, сенаторлар Ата заңмен берілген өз құзыры аясында жаңа омбудсменді сайлады. Енді Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл – Эльвира Әзімова болады.

Мұның сыртында Се­наттың тұрақты комитет­терінің жаңа төрағалары анықталды. Атап айтқанда, палатаның Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы ретінде Владимир Волков, Ха­лықа­ралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымына – Мұх­тар Құл-Мұхаммед, Эконо­микалық саясат, иннова­ция­лық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы болып Серік Жақсыбеков сайланды.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне бұдан былай Мұрат Бақтиярұлы жетекшілік етеді. Әли Бектаев Аграрлық мәселелер, таби­ғатты пайдалану және ауыл­дық аумақтарды дамыту ко­митетінің төрағасы болды. Қар­жы және бюджет коми­тетінің тізгіні Ольга Пере­печинаға тиді.

Сенат төрағасы Д.Назар­баева ел Президентінің Жар­лығымен өкілеттіктері тоқ­татылған бұрынғы сенаторлар Сергей Громов, Бірғаным Әйтімова, Асқар Бейсенбаев, Георгий Ким, Дулат Құсдәу­летов, Рашид Түсіпбековтерге алғыс білдірді. Әрқайсысының жеке қасиеттеріне тоқталған палата басшысы олардың парламентаризмді дамытуға, сондай-ақ заң шығару үдерісін жетілдіруге қосқан үлестерін атап өтті.


Ерік ЕРДЕН