Күтіп отырудың қажеті жоқ

Газет мақаласы "Айқын" газеті №140

Егер Үкімет құратын кеңестер экономикаға пайда әкелер болса, оларды күн сайын ыстық бәліштей қаптатып «пісіруге» болады. Бірақ олардан пайда шамалы. Мәжілістің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин халыққа түсінікті осындай қызықты теңеу келтіріп, Үкіметтің қырсыз ісін сынға алды.

Күтіп отырудың қажеті жоқ

Депутаттар жиында Қазақстан мен «Солтүстік инвестициялық банк» арасындағы осы қаржылық ұйымның еліміздегі қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдап, Сенатқа ұзатты.

Бұл құжат отандық инвес­ти­циялық жобаларды қаржыландыру үшін республикамызда Солтүстік инвестициялық банктің бөлімшесін ашуға мүмкіндік береді. Сканди­навия және Балтық елдерінің аса ірі кредиттік-қаржылық институты саналатын СИБ негізінен энер­ге­тика, «жасыл экономика», телеком­муникация, көлік, өнеркәсіптің түрлі салаларын, ауыл шаруа­шы­лығы, денсаулық сақтау секілді секторларды, шағын және орта бизнес бағыттарын несиелендіреді.

Талқылау барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин елі­міздің бас экономисінің әлгі аталған бағыттарда келешегінен мол үміт күттіретін қазақстандық жобаларды іздеуде шабандық танытып отыр­ғанын бетіне басты. Әйтпесе, шетел­дік инвесторлар келуін келеді, бірақ Қазақстанның оларға ұсынар лайықты жобасы тапшы.

Депутаттар сұрағына жауап бер­ген Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов СИБ қаржыландыруына ұсынылатын нақты жобалар қата­рында 5G-ді енгізуді, Түркістан об­лысында жылыжай салуды, Ақ­мола облысында ет өңдеу комби­на­тын тұрғызу жобасын атады. Ал спи­кердің сумен жабдықтау, көлік, энергетика салаларында қандай ­жо­балар барлығы туралы нақты­ сауалына министр әзірге жобалардың келіп түспегенін мәлім етті.

– Бұл жобалар қашан пайда бо­лады екен деп күтіп отырудың қа­жеті жоқ. Ақша бар, ал сіздер күтіп отырасыздар. Базалық министрлік емессіздер ме?! Осы мәселедегі үйлестіруші – сізсіз! Бұл салалардың барлығы маңызды. Бірақ олар да­муы үшін басқа салалық министр­ліктермен бірлесіп, жобаларды із­деулеріңіз керек, – деп нықтады Н.Нығматулин.

Қарсы айтар уәж таппай қи­пақ­таған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов осындай жұмыс жүргізу үшін Үкімет жанынан ин­вестициялар тарту жөніндегі үй­лестіруші кеңес құрылғанын алға тартты.

«Сол арқылы инвестиция кө­лемін жалпы ішкі өнімнің 30 пайы­зына дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл ел экономикасының 5 пайыз және одан жоғары өсімін қамтамасыз етуге жол ашады», – деді Р.Дәленов.

Үкіметтегі ең жас, демек ең жі­герлі болуға тиісті министрден өзге шенеуніктер талай қайталаған сыр­ғытпа жауапты естіп, көңілі тол­маған Мәжіліс төрағасы сын сойы­лын сілтеуін жалғастырды.

– Егер құрылатын кеңестердің саны экономиканың өсуіне себепкер болса, оларды сіз бен біз күн сайын ыстық бәліштей қаптатып пісірмей­міз бе?! Мәселе кеңес құруда емес. Іс жүзінде практикалық қызмет атқаруда, осы салаларға тартылған министрліктердің үйлесімді қимыл­дап, ұтымды өзара әрекеттесуінде. Күтуді қойыңыздар! Ақша бар, демек оны ел мен экономика игілі­гіне жаратыңыздар! – деп баса айт­ты Нұрлан Зайроллаұлы.

Министр Дәленов бұдан былай күтіп, құр қол отырмайтындарына сендірді.

Осы отырыста депутаттар мем­лекеттік қызметтер көрсету мәсе­лелері бойынша түзетулерді де екін­ші оқылымда құптап, Сенаттың қарауына жіберді.

Бұдан бөлек, Мәжілістің 5 сес­сияға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Оның мән-жайына тоқ­талған Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин палата алдында тұрған жұмыстардың көптігін, оның ішінде, жоспарда парламенттік тыңдаулар, көшпелі отырыстар, конференциялар және басқа да маңызды шаралар қамтылғанын еске салды.

– Ең бастысы, үш фракция мү­шелері және ассамблея депу­тат­тары баршамыз бірлесіп, сапалы заң шы­ғару міндетімізді өте жоғары дең­гейде атқаруымыз керек! – деп жүктеді палата басшысы.

Сондай-ақ жалпы отырыста Nur Otan партиялық тізімі бойынша сайланған депутат Нұрлан Әлім­­жанов ант беріп, Әлеуметтік-мә­дени даму комитетінің құрамына сайланды.