Жаңа орган пайда болды

Газет мақаласы Айқын газеті №68

Парламент Сенатында жаңа консультативтік-кеңесші орган – Бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңес құрылды. Жоғарғы палата басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен осы кеңес­тің бірінші отырысы өтті.

Жаңа орган пайда болды

Кеңес құрамына Сенат де­пу­таттары, Есеп комитетінің төра­ғасы Н.Годунова, Ұлттық эко­но­мика министрі Р.Дәленов, Қаржы министрінің бірінші орынбасары Б.Шолпанқұлов және басқалар енді. 
Кеңестің негізгі міндеттеріне бюджет процесінің тиімділігін арттыру, бюджетті қалыптастыру үдерістерін қайта қарау, бюд­жета­ралық қатынастарды жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу, бюджет үдерістеріне барлық қа­тысушымен арадағы Парламент­тің өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі мәселені қарау кіреді.
Отырыста Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов сена­торларға осы салаларды жетілдіру жоспарлары туралы айтып берді. Олардың ішінде стратегиялық жоспарлаудың жаңа нысандарын енгізу, жұмсалған шығыстардың экономикалық қайтарымын ба­ғалау, өңірлердің дамуын ынта­лан­дыру үшін бюджеттік қаты­нас­тарды жетілдіру бағыттары бар. 
Сенат төрағасы бірқатар сын-ескертпелер мен ұсыныстар айт­ты. Олар өңірлердің мамандануын ескере отырып, шағын және орта бизнесті дамытуға, ауыл-ай­мақ­тың «мұқтаждықтарының кар­та­сын» әзірлеуге, бюджет қаража­тын тиімсіз пайдаланғаны үшін жа­уапкершілікті күшейтуге, соның ішінде қылмыстық жазаны да қолдануға, Есеп комитетінің рөлін нығайтуға, халықты жұ­мыс­пен қамту бағдарламасын қайта форматтауға, бюджет жылды қайта қарауға бағытталған. 
Дариға Назарбаева Ұлттық экономика министрлігіне 17 мау­сымға дейін кеңес отырысы ба­рысында айтылған ұсыныстарды тұжырымдап, бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі шараларды іске асыру жөніндегі Жол карта­сының жобасын әзірлеуді ұсын­ды. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.