Допинг далада қалдырады

Газет мақаласы "Айқын" газеті №144

Допингпен ұсталған спорт­шылар мемлекет бер­ген баспанадан айырылады әрі барлық ақшалай ынта­лан­дыруды қайтаруы тиіс. Нұрлан Нығматулиннің төра­ғалығымен өткен Мәжілістің кезекті жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актіле­рі­не денешынықтыру және спорт мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтыру­лар енгізу туралы» заң жо­басын екінші оқылымда мақұлдады.

Допинг далада қалдырады

Заң жобасы ары қарай Сенаттың қарауына жолданады. Құжатты пысықтау барысында қалаулылар «спортшыны дисквалифи­ка­ция­лау», «жаттықтырушыны, жат­тық­тырушы-оқытушыны, спорттық ме­дицина маманын, дене шынық­тыру саласындағы өзге де маман­дарды, спорт төрешілерін диск­ва­лификациялау» секілді ұғымдардың мәнін ашып, нақтылай түсті. Жоба «спорттық этика», «алғашқы жат­тықтырушы», «жеке жаттықты­ру­шы», «спорттық жарыстарға қа­ты­сатын жануарларды дисквали­фи­кациялау» секілді ұғымдармен толықты.

Бұдан бөлек, спортшыларды, жаттықтырушыларды, дене шы­нық­тыру мен спортқа қатысты тұл­ға­ларды баспанадан, спорттық ата­ғынан, разрядынан және білік­тілік категориясынан айыру тетігі түзілді.

Мәселен, допингке қарсы қағи­даларды бұзғандарды біріншіден, нәтижесі жойылған жарыс үшін беріліп қойған ақшалай ынталан­дыруды қайтаруға міндеттеу; екін­шіден, спортшылар мен жаттықты­рушыларды өмір бойғы ай сайынғы материалдық қамсыздандыру тө­лемдерінен айыру; үшіншіден, спортшыларды, жаттықтыру­шы­ларды және клубтық командалар­дың жетекшілерін ай сайынғы ақшалай қамсыздандырудан айы­ру; төртіншіден, Қазақстан құрама командаларының мүшелерін олар­дың халықаралық спорттық жарыс­тарда спорттық жарақаттар алуы және мертігуі кезінде өтемақы төлемдерінен айыру қарастырылған.

Бұған қоса, тыйым салынған қуат­тандырушы дәрілерді қолда­нып, қолға түскен спортшыларды спорт­тық атағынан айыру; Олим­пиада, Паралимпиада, Сурдлим­пиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін тұрғын үйден айыру; спортшылар мен жаттық­тырушыларды спорт түрлері бо­йын­ша Қазақстан құрамасы, штаттық құрама командалар, сонымен қатар жергілікті құрама командалар құра­мынан шығару ұсынылады.  

Дегенмен, құжатта жоғары са­нат­тағы спортшыны тек бастапқы, ерте кезеңдерде даярлаған алғаш­қы жаттықтырушыларды ақшалай ынталандыруды қайтаруы тиіс тұлғалар қатарынан алып тастау көзделуде.

Заң жобасы қабылданса, до­пингке қарсы қағидаларды бұзғаны үшін әкімшілік жаза енгізілмек. Атап айтқанда, ол әкімшілік айып­пұл көлемі 200 айлық есептік көр­сеткішті (2019 жылы – 505 000 тең­ге) құрайды. Сондай-ақ Ұлттық до­пингке қарсы ұйымның мәрте­бе­сін күшейтуге бағытталған нормалар да бар.

Мәжіліс осы жиында Украи­намен арадағы қылмыскерлерді елге қайтару, экстрадициялау туралы шартты ратификациялайтын жаңа заң жобасын да құптап, Жоғарғы палатаға жолдады. Халықаралық құжаттың мән-жайын түсіндірген Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов оның қылмыс­тық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін адамдарды ұстап беру мәселесін шешетінін мәлімдеді. Егер жасалған қылмыс үшін екі елде де кемінде бір жылға бас бос­тандығынан айыру жазасы көзделсе немесе сотталған адамның өтел­меген мерзімі алты айдан көп болса, адам ұстап беріледі. Дегенмен, шартта бір тарапта қылмыс деп саналатын әрекет екінші жақта олай болмаса немесе қудалау мерзімі өтіп кетсе, әлде сұралып отырған әре­­кет «әскери қылмысқа» жатса, сондай-ақ ұстап беру егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан кел­ті­рер болса, Қазақстанның заңна­ма­сына немесе халықаралық міндет­те­мелеріне қайшы келсе, тарап ұс­тап беруден бас тарта алады.


Елдос СЕНБАЙ