Келіссөзімен кемел құрылтай

Газет мақаласы "Айқын" газеті №146

Нұр-Сұлтан қаласы спи­керлер саммитінің қаты­су­шыларын қарсы алуда.  Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуразия ел­дері парламенттері спи­кер­лерінің 4-кеңесіне ­қа­тысуға келген әріптес­те­­рімен жеке кездесті. Н.Нығ­матулин Қазақ­стан­ға ал­ғаш рет ресми са­пар­мен келген ҚХР Бүкіл­қы­тай­лық халық өкілдері жи­на­лы­сы­ның Тұрақты ко­ми­тетінің төрағасы Ли Чжа­ньшумен келіссөз жүргізді.

Келіссөзімен кемел құрылтай

Қазақстандық-қытайлық қа­рым-қатынастардың стратегия­лық сипатына тоқталған палата спи­кері Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев пен Қытай басшылығы не­гізін қалаған елдеріміз арасындағы сенімді саяси диалогке, тығыз эко­номикалық байланысқа ай­рықша назар аударды. Оның ай­туынша, бүгінде көрші қос мем­лекеттің өзара іс-қимылы ҚХР-ға тұңғыш мемлекеттік сапары ке­зінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин қол жеткізген уағда­ластықтар арқасында тың сер­пінге ие болды. Қорғас құрғақ пор­ты, Ақтау теңіз айлағы, «Қа­зақстан – Түрікменстан – Иран» жаңа теміржол дәлізі, «Батыс Еу­ропа – Батыс Қытай» транзит­тік дәлізі секілді аса ірі жобаларды жүзеге асыру бүкіл Еуразия құрлығы үшін стратегиялық маңызға ие.

Өз кезегінде Ли Чжаньшу қа­зақ-қытай ынтымақтастығы дең­гейіне жоғары баға бере келе, Қытайдың көрші елдермен дип­ломатиялық қатынастарында Қа­зақстанда ерекше орын бөлін­генін жеткізді.

Мәжіліс төрағасы республи­камызға алғаш ресми сапармен келген Словакияның Ұлттық кеңесінің төрағасы Андрей Дан­комен кездесуінде мемлекета­ра­лық, соның ішінде парламента­ралық әріптестіктің негізгі ба­ғыттарын талқыға салды. Елдері­міз арасында сындарлы саяси диалог орнап, сауда-эконо­ми­ка­лық, мәдени-гуманитарлық бай­ла­ныстар жүйелі жалғасын тауып келеді. Осы жолда Қазақстан Пре­­зиденті Қ.Тоқаевтың дипло­матиялық миссияны елшілік тү­рінде қайта құру туралы шешімі – өзара ықпалдастықты қолдаудың айғағы.

Н.Нығматулин өзара іс-қи­мыл­ды дамытудың барлық мүм­кіндіктерін тиімді пайдалану қа­жетін білдірді. Мысалы, еліміз өнеркәсіп, инновация, балама және жаңғыратын қуат көздері саласында жоғары технологиялы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ынталы.

Ал Андрей Данко словак елі екіжақты, соның ішінде парла­ментаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін мәлімдеді.

Н.Нығматулин мен Ресей Мемдумасының төрағасы Вя­чеслав Володиннің жүздесуінде парламентаралық ықпалдас­тық­тың өзекті бағыттары, сондай-ақ спикерлер саммитінің маңызды мәселелері талқыланды. Олар бұл парламенттік форум қатысушылар саны және ынта-ықылас білдірген елдер саны бойынша да теңдессіз болып отырған атап өтті. Мәжіліс басшысының мәліметінше, Қа­зақстанда алғаш рет өтетін еура­зиялық жиынға 65 ел мен 14 ха­лықаралық ұйымнан делегация­сы қатысады.

Нұрлан Нығматулин Ұлы ұлт­тық жиналысының төрағасы Мұс­тафа Шентоп бастаған түр­киялық делегация өкілдерімен кез­десті. Мәжіліс төрағасы Түр­кия­ның Қазақстан үшін тарихы, мәдениеті, рухани құндылықтары ортақ, бауырлас мемлекет болуы­мен қатар, стратегиялық әріптес ел екенін тілге тиек етті. Ол Тұң­ғыш Президент Н.Назарбаев пен Түркия президенті Р.Ердоған ара­сындағы өзара түсіністік пен достыққа негізделген саясат ар­қасында екі ел жоғары деңгейдегі жан-жақты ынтымақтастыққа қол жеткізілгеніне екпін түсірді. Бүгінде осы бағытты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жалғастыруда.

Өз кезегінде Мұстафа Шентоп Қазақстанның даму қарқынына жоғары баға берді және Түркия көшбасшысының қазақ елімен әріптестікке зор көңіл бөлетінін, Қазақстанның әрбір жетістігін мақтан тұтатынын айтты.

Бұдан бөлек, Мәжіліс спикері Беларусь парламентінің өкілдер палатасының спикері Владимир Андрейченкомен келіссөз өткізді. Н.Нығматулин өз сөзінде Бела­русь – Қа­зақстанның маңызды саяси және сауда-экономикалық серіктесі еке­нін білдірді. Екі ел парламента­ралық деңгейде де конс­труктивті және жемісті ын­тымақтастық үлгісін паш етуде.

В.Андрейченко Қазақстанның Еуразиялық кеңістікте әрі бүкіл әлемде бейбітшілік, достық пен келісімді нығайту үшін көп ең­бек сіңіргенін атап өтті. Ол Елбасы Н.Назарбаев, Президент Қ.Тоқаев және Беларусь прези­денті А.Лукашенко арасындағы ерекше қарым-қатынастарға на­зар аударды. Мәжіліс төрағасы спи­керлер саммитіне қатысуға кел­ген өзге де мәртебелі мейман­дармен жеке жүздесті.