Қор болсаң, қордан көмек аз

Газет мақаласы "Айқын" газеті №148

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиында депутаттар ТМД-дағы кедендік бюрократияны толық жоймағанымен, біршама азайтуға мүмкіндік беретін халықаралық құжатты мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады. Заң жобасы «1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы» ратификациялайды.

Қор болсаң, қордан көмек аз

Оны қорғаған Үкімет басшы­сы­ның бірінші орынбасары – Қаржы министрі Əлихан Смайы­лов­тың айтуынша, бұл келісім – ТМД мемлекеттерінің кеден қыз­меттерінің өзара іс-қимыл тәр­тібін реттейтін посткеңестік кеңіс­тіктегі басты халықаралық шарт.

– Келісімге қол қойылғалы 25 жылдай уақыт өтті. Сол се­беп­­ті оны жетілдіру қажет. Хат­та­ма кеден саласындағы ТМД нор­мативтік-құқықтық базасына жүр­гізілген инвентаризация қо­ры­тындысы бойынша, өзге әріп­тес мемлекеттермен бірге әзір­ленді. Мәліметтерді беру, сұ­раулардың нысаны мен маз­мұны, сұрауды орындау, алын­ған ақпаратты пайдалану мә­селелеріне қатысты бірқатар не­гізгі баптарға өзгерістер ен­гізу ұсынылады. Оған сәйкес, ақ­паратпен алмасу орталық ке­ден органдары арасында да, сол сияқ­ты тікелей өңірлік кеден ор­ган­дары арасында да жүзеге асы­рылмақ, – деді бас қаржыгер.

Заң жобасын қабылдау – ке­дендік бақылаудың тиімділігін арт­тыруға, кеден заңнамасын бұзу тәуекелдерін барынша азайтуға, ТМД елдері кеден органдарының қызметін үйлестіруге, тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге сеп­теседі.

Вице-премьер посткеңестік ел­дер кеден қызметтерінен жы­лы­на 1,5 мыңдай сұрау түсетінін, Қа­зақстан оларға 1 мыңдай сұрау жол­дайтынын хабарлады.

– Олардың көбі қандай да бір тауар­лар партиясының шынымен шекараны кесіп өткенін растауға не­месе кедендік декларацияда көр­­сетілген мәліметтердің шы­найы­лығын тексеруге қатысты болады. 25 жыл бұрынғы келісім бойын­ша бүкіл ақпарат алмасу тек орталық кедендік орган ар­қылы ғана жүргізіледі. Яғни, ке­дендік тексеру жүргізу кезінде өңір­лік кеден органы көрші мем­лекеттің өзіндей өңірлік ор­ганынан қажетті ақпаратты сұрату үшін алдымен өзінің орталық кеден органына сұрау жіберуі керек. Ол өз кезегінде көрші мем­лекеттің орталық кеден ор­га­нына сұрау салады. Ол ары қарай өңірлікке жолдайды және осы тізбек бойынша кері қайтады. Сал­дарынан, рәсім шамамен 6-8 айға ұзайтын. Бұл кеден органдары қыз­метіне қиындық келтіреді жә­не тексеру жұмыстарын жедел өт­кізуге кері ықпал етеді. Енді хат­тама бойынша бұл мерзім 1-2 ай­ға дейін, шұғыл жағдайларда 2 аптаға дейін азаяды, – деді Ә.Смайылов.    

Күн тәртібіне шығарылған жал­ғыз құжатты құптағасын, қа­лаулылар бірқатар мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Үкімет басшысы Асқар Маминге жүгінген депутат Айқын Қоңыров «жұмыссыздық» жәрдемақысы елдегі орташа жалақы көлеміне де жетпейтініне наразылық білдірді. Оның үстіне, бұл төлем бұған дейін жұмыс істеген азаматтарға бір­неше айға ғана төленеді.

«Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тан­дыру қорынан төленген атал­ған төлемақының орташа көлемі 2018 жылы 24 816 теңгені құрады. Бұл ретте орташа жалақы 176 мың теңге болды. Биылғы жылдың І жартысында орташа жалақы 177 мың теңгеге дейін өскен, ал төлемнің орташа көлемі 22 736 теңгеге дейін азайды. Тамыз айын­да орташа жалақы 188 мың теңгеге жеткені хабарланды. Ал төлем мөлшері 22 069 теңгеге дейін құлдырады. Қазіргі кезде Қа­зақстанда табысты өтеу коэф­фициенті 0,3-ке тең. Яғни, аза­мат­тардың жоғалтқан айлық та­бы­сының тек 0,3 бөлігі ғана өте­леді. Ал Халықаралық еңбек ұйы­мының стандарты бойынша бұл көрсеткіш ең кем дегенде, 0,45 болуға тиіс» деген депутат бұл төлем әлгі азаматтардың жаңа жұмыс тапқанға дейінгі қара­пайым тіршілігін де қамтамасыз етпейтініне назар аудартты. Се­бе­бі елімізде өмір сүрудің ең тө­­менгі шегі 29 668 мың теңгені құрайды.

Әсіресе, аса ауыр жағдай Қос­танай, Қызылорда, Ақмола, Ал­маты және Солтүстік Қазақстан об­лыстарында қалыптасуда, олар­да аталған қор төлейтін төлемнің орташа мөлшері 15 мың теңгеден де аспайды.

Қор болса, жұмыс істейтін қа­зақстандықтардан миллиардтап ақша саууда. Тек 2019 жылдың бірінші жартысында ғана әлеу­мет­тік сақтандыру жүйесінің қа­тысушысы саналатын 5,6 мил­лион адам Мемлекеттік әлеу­мет­тік сақтандыру қорына 119 миллиард теңге аударған. Сон­­дықтан депутат төлемді ең бол­мағанда, өмір сүру шегінен асыруды сұрады.