«Жұлдызды құрам» жиылды

Газет мақаласы "Айқын" газеті №150

Парламенттің әртүрлі ша­­қырылымдарында сена­тор болған белгілі тұлғалар қайтадан Жоғарғы палатаға оралды. Мұны Сенаттың ­қа­зір­гі төрағасы Дариға ­На­зар­­баева «жұлдызды құ­рам» деп атады. Парламент ғимаратына шабыттана кір­ген қонақтарды осылай емен-жарқын қарсы алған Дариға Нұрсұлтанқызы Жо­ғарғы палатаның жалпы оты­рыс залында «Сенатор­лар кеңесінің» бірінші құрылтайын өткізді.

«Жұлдызды құрам» жиылды

«Саммитке» экс-сенаторлар Қуа­ныш Сұлтанов, Өмірбек Бәй­гел­ді, Ғани Қасымов, Мұхтар ­Ал­­тынбаев, Бексұлтан Тұтқышев, Жа­бал Ерғалиев, Бірғаным Әй­ті­мова және басқалары шақырылды.

Қатысушыларға жүгінген спи­кер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Стратегиясы және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сай­лауалды бағдарламасы мен ха­лыққа тұңғыш Жолдауы қоғамның және биліктің барлық органда­ры­ның алдына кең ауқымды әрі күр­делі міндеттер қойып отыр­ғанын ескертті.

– Елдегі осы жаңаруларда Пар­ламент пен өңірлік мәсли­хаттарға ерекше рөл беріледі. «Біз­дің мемлекеттік биліктің формуласы: күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деді Қ.Тоқаев. Сондықтан Сенатты күшейту, оның қызметін жаңа да заманауи мазмұнмен толтыру, палатаның және оның депутаттарының қоғамдық және әлеуметтік-саяси үдерістерде анағұрлым белсенді ұстаным ұстануы – біздің тікелей міндетіміз! – деді Д.Назарбаева.

Ол Ата заңға сәйкес, Парла­менттің Жоғарғы палатасы сал­мақты өкілеттіктерді иеленгенін еске салды.

– Мемлекеттегі басты кадрлық тағайындаулар Сенатқа тәуелді. Ол ел бюджетін қалыптастыру және бекіту, сондай-ақ бюджеттің орындалуына бақылау жасау кезінде шешуші сөзге ие. Сенат Қазақстан ауыл-аймақ атынан өкілдік етеді және өңірлік мәс­лихаттардың дауысы саналады. Дәл біздің палата өңірлердің мүд­делерін республикалық заңна­малық деңгейде барынша жақсы, толыққанды әрі конституциялық рәсімделген түрде ұсынады, – деді спикер.

Оның байламынша, Сенат – мемлекеттің берік қаңқасы. Ол мемлекет пен қоғам үшін маңызды тұрақтандырушы функция рөлін атқарады. Да­риға Назарбаева өңірлердің рес­пуб­ликалық дең­геймен диалогі және аймақтар­дың өзара сұхбат­тастығы осы Жоғарғы палатада жүруге тиіс деген тың ой айтты.

Бұрынғы және қазіргі әріптес­теріне қайырылған Д.Назарбаева еліміз өрлеуі және ілгері жылжуы үшін дұрыс, сарабдал шешімдер керек екенін, ал ол шешімдерде заманауи жасампаздық пен да­налық, инновациялар мен тәжі­рибе өзара үйлесім табуға тиістігін атап өтті. Сенаторлар кеңесі құ­рылып, оған ақсақалдардың ша­қырылуы да осыдан.

Палата басшысының мәлі­ме­тін­ше, Сенаторлар кеңесі – Жо­ғар­­ғы палата жанындағы кон­суль­та­циялық орган. Спикер оның мү­шелерінің міндетін түсіндіре кетті.

– Кеңес даналықты, тәжіри­бені, байсалдылық пен тұрақты­лықты паш етуге тиіс. Біз оны тікелей диалогке көкейкесті проб­лемаларды талқылауға, оларды шешу бойынша ұсынымдар түзуге арналған ашық алаң ретінде кө­реміз. Кеңес мүшелері іс басын­дағы депутаттық корпусқа жақсы қолғабыс болады деген үміттеміз. Бізге сіздердің тәжірибелеріңіз, жігерлеріңіз, белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз қажет. Өйткені биік мақсатымыз бір, ол – қоғам мен мемлекет мүдделеріне қызмет ету, – деді Дариға Назарбаева.

Бұрынғы депутаттар Сенат қызметін, жұмыс регламентін өз­гертуге және басқасына қатысты бірқатар ұсыныстар берді. Олар­дың барлығы мұқият зерделеніп, ескерілетіні мәлімделді.

– Сенаттың өзгеріп жатқан жаңа әлемдегі, алмағайып ахуал­дағы рөлін түсініп алу керек. Рег­ламент – бірінші кезекте пала­таның қоғам, ел және мемлекет алдындағы жауапкершілігінің, өкілеттігінің, құқықтарының ара­қатысы саналады. Ендеше оны жаңғыртқан жөн. Сонымен қатар өкілеттіктер мен жауапкершілік деңгейін қайта қараған абзал. Оның барлығы регламентте бе­кітілуі тиіс, – деді Ғани Қасымов.

Отырыс барысында Сена­тор­лар кеңесі төрағасының орын­ба­сары болып, бұрынғы депутат Бір­ғаным Әйтімова, ал хатшысы болып, қазіргі сенатор Нұрлан Қылышбаев сайланды.

Жиын соңында жаңа кеңесші органның жұмыс жоспары бе­кітілді.