Нығматулин – Аймағамбетовке: «9 айдың ішінде әйел адам баланы өмірге әкеледі, ал сіз бұйрық шығарып үлгермейсіз»

 Нығматулин – Аймағамбетовке: «9 айдың ішінде әйел адам баланы өмірге әкеледі, ал сіз бұйрық шығарып үлгермейсіз»

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин бағдарламалардың орындалуына байланысты тиісті меморгандардың жауапкершілігін арттыру мәселесін көтерді. Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде «Жас маман» жобасының орындалуы барысына назар аударды. 

Н.Нығматулин жыл басында, яғни Жастар жылының ашылуы рәсімінде Елбасы «Жас маман» бағдарламасын дайындау үшін Үкіметке тиісті тапсырмалар бергенін еске салды. Алайда осы бағыттағы қажетті шаралар іске асырылмаған. Осы орайда, Мәжіліс төрағасы құжатты дайындау мен келісудің ұзақ рәсімдерін сынға алды.

«Тапсырманы орындамаудың себебінің өзі наразылық тудырады, яғни бұл жағдай бағдарламаны жүзеге асыру тәртібін дайындау мен келісу кезіндегі жай ғана қағазбастылықпен түсіндіріліп отыр. Бір құжатты келісу шараларына 9 ай мерзім жұмсалған. Бір ғана бұйрықты дайындауға осыншама уақыт кетті. Осы уақыт ішінде әйел баланы өмірге әкеле алады! Ал сіз бұйрық шығарып үлгере алмайсыз. «Жастар жылы» болса аяқталуға таяп қалды, сіздер енді ғана оянып жатырсыздар»,– деді Н.Нығматулин.    

Мәжіліс спикері құжатты дайындау мен келісудің ұзақ рәсімдерін сынға алып, қаржы игерілмей уақыт өтіп кеткенін айтты.Сонымен бірге, Нұрлан Нығматулин мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру мәселесін көтерді.                                              

«Сіздің министрлікте мемлекеттік органдардағы тәртіпті әзірлеуге және қабылдауға кім жауапты?», – деді Мәжіліс төрағасы Білім және ғылым министріне, – егер олар Nur Otan партиясының мүшелері болса, біз өз кезегімізде біз парламентаризм фракциясы атынан осы тұлғалардың жеке жауапкершілігі туралы ұсыныспен партия басшылығына жүгінеміз»,– деп ескертті Н.Нығматулин.