Кеш оянды, қолын да кеш сермеді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №156

Мәжілістің жалпы оты­рысында Білім және ғы­лым министрі Асхат Айма­ғамбетов палата спике­рі­нен сөз естіді. Өйткені ве­­домство бюрократия кесірінен «Жас маман» бағ­дарламасын жарға жық­қан. Салдарынан, ел­ге игілік әкелуге тиіс мем­бағ­дарламаның 8 мил­лиард теңгесі игерілмей, қысқартуға ұшырады.

Кеш оянды, қолын да кеш сермеді

Осынша қаржы отандық 20 колледжді жаңғыртуға, оларға құрал-жабдықтар сатып алуға, шетелдік мамандарды тартуға жұмсалуы тиіс болатын. Сол арқылы нарықта ең көп сұранысқа ие кәсіптер бойынша халықа­ралық озық тәжірибеге сай қазақ­стандық білікті кадрлар даярла­нуы тиіс еді.

Енді осыған қарастырылған қаражат, түсіндірме жазбада ай­тылғандай, жобаны жүзеге асыру тәртібін анықтайтын ережелердің жоқтығы салдарынан қыс­қар­тылып отыр. Онсыз да қаптаған әлеуметтік мәселелерді шешуге ел қаржысы жетпей жатқанда, биік лауазымды шенеуніктердің мил­лиардтарға осылай салғырт қа­рауы қалаулылардың ашуын ту­ғызды. Әріптестерінің сынына қолдау білдірген Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин дәл осы бағдарламаны әзірлеу туралы тап­сырманы Үкіметке жыл басында, Жастар жылының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бергенін ескертті. Алайда Үкі­мет оны орындауға тіпті кіріспеген болып шықты.

Осы орайда, БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов Үкіметке бағытталған бар соққыны өзіне қабылдауға асықты. Оның ай­туынша, бұл – өзі басқаратын ве­домство жол берген жөнсіздік.

«Расында, қажетті шаралар мен шешімдер уақытылы қабыл­данбады. «Жас маман» – өте ма­ңыз­ды жоба. Ол оқу орындарын жарақтандыруға және білім са­пасын арттыруға бағытталған. Де­генмен қазір қажетті шаралар қабылдануда. Бүгінде дайындық кезеңін аяқтадық. Сондықтан жо­ба толыққанды және тиімді іс­ке асырылады. Осыған сені­ңіз­дер! Кінәлі тұлғалар жазаланады. Бұл біздің министрлік жауап­кер­шілігі екенін мойындаймыз», – деді министр.

Депутаттар министрлікке жас басшы келгенімен, ондағы бюро­кратия, істі созбалаңға салу, әзір­лік және келісімнен өткізу рәсім­дерінің ұзаққа созылуы секілді ескі кеселдер қалғанына қын­жы­лыс білдірді. Соның кесірінен бағ­дарламаны жүзеге асыру тәртібі министрдің бұйрығымен тек қыркүйек айының соңында ғана бекітілген.

– Орындамаудың себебі ке­йістік туғызады. Сорақысы сол, кешігуіне бағдарламаны іске асы­ру тәртібін әзірлеу мен келісімнен өткізу кезіндегі сөзбұйдаға салу себеп болған. 1 құжатты үш ми­нистр­ліктің өзара келісуіне 9 ай­дай уақыт кеткен. Осы уақытта аналар бала туып үлгереді. Ал сіздер бірер парақ бұйрықты «туа» алмайсыздар. Бұл аса маңызды бағдарламаны бюрократиялық сергелдеңге салудың жарқын үлгі­сі деп санаймын. Жастар жылы аяқталуға таяды, сіздер қазір ғана ұйқыдан оянудасыздар, – деді Нұрлан Нығматулин.

Ол қазіргі кезде сұранысқа ие 100 кәсіп түрі бойынша барлық облыстарда мамандар даярла­нып жатуы тиіс бағдарлама­ның сол күйі басталмағанына назар ау­дарт­ты. Ал оған арналған ­мил­лиард­­таған ақша елге пайда әкел­мей, есепшоттарда босқа жатқан.

Осыған байланысты, Мәжіліс төрағасы ірі лауазымды шенеу­нік­тердің жауапкершілігін арттыру мәселесін төтесінен қойды. Ол Әкімшілік құқықбұзушы­лық кодексінің түзетулер жобасы бойынша Мәжілістегі құрылған жұмыс тобына қазан соңына де­йін «бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы» ұғымын пысықтауды және айыпты шенділерге тиісті жаза қарастыруды жүктеді. Бұл ретте палата басшысы мемор­ган­дардың бірінші басшыларының дербес жауапкершілігі туралы нақты норма енгізу қажеттігіне екпін түсірді.

Н.Нығматулиннің байла­мын­ша, осы мәселені ақпан айына қалдыру орынсыз. Әйтпесе Қар­жы министрлігі министрлердің жауапкершілігі мәселесін келер жыл басында ғана қаралатын Бюджет кодексі жобасына енгізуді ұсынған болатын. Осылай қызу талқылау нәти­жесінде, Мәжіліс биылғы жыл бюджетіне өзгерістер енгізетін жаңа заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады.