Террористер тұтқындалатын түрме

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 164

Бұл күндері елорданың ЕЦ 166/10 колониясында сот процесі өтіп жатыр. «Терро­ризм» бабымен айыпталған 14 кісінің ісі майшаммен қара­луда. Бұлар – «Жусан» операциясымен елге әкелін­ген­дер. Сот залындағы ай­на­­мен қапталған бұрышта 13 айыпталушы бар, 14-шісі – ауруханада. Ол Сириядан жаралы күйінде жеткізілді. Егер күдіктілердің терро­ризм­ге қатысы бар екені дәлелденсе, әрбірі бірнеше жыл бас бостандығынан айы­­рылуы мүмкін. Алайда қай түрмеге қамалары қо­ғам­­­ды мазалайды. Тер­ро­ризм секілді жұқпалы дерт абақтыда да тарауы ғажап емес.

Террористер тұтқындалатын түрме

Елдегі терроризм деректері. «Жу­сан» операциясы аясында елі­міз­ге 595 азамат жеткізілді. Оның 400-і – балалар. Қалғандары – әйел­дер мен ер кісілер. Бүгінге де­йін олардың арасында болған 10 ер адам мен 5 әйел ДАИШ халықа­ра­лық террористік ұйымына қо­сыл­ғаны үшін әртүрлі мерзімге сотталып кетті. Ендігі кезек жоға­ры­да айтылған 14 адамда. Оралған­ның бәрі қылмыскер емес. Адасып, шалт басқандары да бар. Дегенмен бейімдеу орталықтарында теолог­тар оларды біздің қоғамда қайта өмір сүруге үйретумен айналысты.

Кейбір мәліметтерге көз жүгірт­сек, 2018 жылғы есеп бойынша, соңғы 7 жылда елімізде 14 терракт болған. Нәтижесінде, 90 кісі көз жұмған. Егер құқық қорғау орган­дары қажетті шараларды қабылда­маса, қайтыс болған, жараланған жандардың саны одан да көп болар еді. Мәселен, 2014-2017 жылдар аралығында 30 террактінің алды алынған. Ең қауіпті кезең 2016 жыл болған, погондылар сол жылы 12 террактіні болдырмай тастаған.

Алайда террористік және экстре­мистік әрекетке барған қыл­мыс­керлерді ұстау бір машақат бол­са, оларды түрмеге қамау да оңай іс емес. Бұл қос бап бойынша айыпталғандарды қандай түрме­лер­де ұстаған дұрыс деген сұраққа келгенде мамандардың пікірі қақ жарылады. Біреулері – оларды өз­ге­лерден бөлек абақтыға қамау қа­жет, себебі қауіпті радикалды идея­ларын өзгелерге таратуы әбден мүмкін дейді. Екіншілері – оларды басқа сотталғандармен бірге ұста­ған жөн. Өйткені олар оқшаулан­ған сайын көзқарастары да ради­кал­­дана түседі, біз оған жол бер­ме­уі­міз керек деген пікірде.

Әлемдік тәжірибе. Дүниежүзін­де бірнеше мемлекет террористерді оқшаулап, бөлек түрмеде ұстайды. Мәселен, Мысыр, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Норвегия, Израильде аталған арнайы абақтылар салын­ған. Іргедегі өзбек елі Хизбут Тах­рир жәнен басқа да террористік ұйым­дарға қатысы бар деп айып­талған жандарды бөлек түрмеде тұсаулап келді. Бірақ мұндай түрмелердегі жағдай әркелкі. Айта­лық Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта Мұхаммед Бен-Наиф атындағы көмек орталығы бар. Бұл терроризм бойынша айыпталған аза­мат­тарды «қайта оңалту орта­лығы» десек те болады. Себебі бұл түрме емес, нағыз 5 жұлдыз иемден­ген қонақүйге ұқсайды. Мұнда өзіндік спа, бассейн, спорт зал, компьютер бөлмелері – бәрі бар. Тіпті, ер адамдар жұбайларымен жүздесу үшін арнайы орынжай да жасалған. Не үшін? О бастағы кон­цепция радикалдарды қамшы­мен емес, тәтті күлшемен көзқарас­та­рын өзгерту. Яғни, террористерді қатаң жазамен емес, өркениетті өмірдің жетістіктерімен «емдеп», бейбіт ғұмырға қайта бейімдеу. Теологтар, дін өкілдері олардың радикалды діни көзқарастарын өзгертуге тырысады. Бұл орталықта 2004 жылдан бері 3 300 ер кісі арнайы терапиядан өткен. Сауд басшыларының мәліметінше, олардың 86%-ы террористік жолға оралмаған. Былай қарасаңыз, өте жақсы көрсеткіш. Алайда АҚШ мамандары бұл мәліметтерге сенуге асықпайды.

Ауыр қылмыс жасағандарға гуманистік жағдай жасап, оларды өзгертуге тырысатын елдің бірі – Норвегия. 2011 жылы 77 адамның өліміне себепші болған А.Брейвик сондай абақтыда отыр. Алайда өзін-өзі жарып жіберуге талпынған тер­роршыларға барлық елде мамық жас­тық беріп, жайлы бөлме ұсына бер­мейді. Мәселен, үнемі тер­ро­рис­тік шабуылдарға тап болатын Израильде «Адарим», «Шатах» атты түрмелер бар. Ондағы жағдай мен талап өзге абақтыларға қара­ған­­да анағұрлым қатаң әрі ауыр.

Франция түрмелеріндегі ради­кал­­дар. Радикалды топтар ең жиі шабуыл­даған елдің қатарында Фран­ция да бар. Сондықтан 2015 жылы бұл елдегі әрбір түрменің жа­нын­да террористер мен экстре­мис­терге арналған арнайы корпус­тар ашылды. 2019 жылы Францияда 450 радикалды әрекеттерге барған қылмыскерлер түрмеден босап шығады. Бұл француз қоғамын алаңдатып отырғаны анық. Себебі Еуропадағы әрбір 6-шы экстремист мұндай қауіпті топтарға түрмеде қосылған. Бұл үрдістің мысалы ретінде 2015 жылы болған қылмыс­ты айтуға болады. Сол кезде Амеди Кулибали есімді қылмыскер Фран­ция­да «Гипер Кашер» атты еврей дүкеніне келгендерге оқ атқан. А.Кулибали бұған дейін ұсақ қылмы­сы үшін түрмеде отырып, көзқара­сы сол жақта радикалдана түскен екен.

Аталған қауіпті үрдістің себебін білгісі келген Бельгияның La Libre газеті экстремистермен сұхбаттас­қан. Барлық мәселе түрмедегі жағдайға келіп тіреледі екен. Ұсақ қылмыспен айыпталып, абақтыға аттанған жас жігіттерге қауіп көп, түрлі жергілікті топтар шабуыл жа­сайды. Сол кезде діни радикалды топтар қорғансыздарға өз қамқор­лы­ғын ұсынып, қорғаштайды. Түрмеден шыққан соң түрлі діни қорларда жұмыс істеуді ұсынады. Жалғыз қалған жастар аман қалу үшін мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысады. Алайда бұл радикалданудың алғашқы қадамы болып есептеледі. Яғни, түрмедегі жайтты реттемей, терроризмге тұсау салу мүмкін емес.

Оқшаулауға Ресей де көшті. Террористерді бөлек қамау мәсе­ле­сін көрші Ресей 2018 жылдан бері қолға ала бастады. Парламент арнайы заң жобасын дайындады. Олар да жоғарыда айтылған фак­тордан үркіп отыр. Түрмедегі террористер діни радикализмнің таралу орталықтарына айналуы мүмкін. Тек 2019 жылдың алғашқы алты айында ғана Ресейде терро­ризм бабымен 121 адамға үкім шыққан. Бұл сан солтүстік көрші­нің ішкі жағдайы күрделі екенін көрсетіп отыр. Дегенмен ресейлік құқық қорғаушылар жаңа бастама «жалмауыз аулау» үрдісіне айналуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Яғни, терро­ризммен күрес деген желеу­мен айыбы дәлелденбеген азамат­тар да жоғарыда айтылған түрме­лер­ге тоғытылуы мүмкін. Мәселен, сарапшылар осы елдің арнайы қызметі 2017 жылы Санкт-Петер­бор қаласындағы метродағы жары­лыстан соң Гаджиев есімді азаматты қинап, террористік актілерге қаты­сы бар екенін ырқынан тыс мойын­дат­қан деп отыр.

Жоғарыдағы мысалдар әр ел терроризм және экстремизммен шама-шарқы келгенше, заңды-заң­сыз әдістермен күресіп жатқа­нын көрсетеді. Сондай-ақ заңсыз әдіске жасырын түрмелер де жата­ды. БҰҰ-ның мәліметінше, әлем­нің 66 елінде ресми тіркелме­ген, құпия түрмелер бар. Мамандар бұл түрмелерде ешбір айыпталу­шы­ның немесе бас бостандығынан айы­рыл­ғандардың құқығы қорғал­май­ты­­нын айтып, дабыл қағады.

Елдегі жағдай. Қазақстандағы жағдай да мәз емес. Бүгінде 500-ге жуық кісі экстремизм және терро­ризм баптары бойынша түрмеде жазасын тартып жатыр. Олардың біршамасы аса қауіпті қылмыскер­лер­ге арналған «Қара бүркіт» түр­месінде. 2017 жылы Бас прокурор­дың орынбасары болған Андрей Кравченко: «Террористер белгілі топтармен бірге қамауда болса, онда өзгелерге ықпал ете алады. Ортақ идеялар пайда болады. Сон­дық­тан халықаралық практиканы ескере отырып, оларды бөлек ұстау қажет деген қорытындыға келдік» деген еді.

Иә, терроризм – қауіпті идея­лық дерт. Алайда бұл құбылыспен күрес дінмен күреске айналмауы тиіс. Олай болса, радикалдардың қатарластарының көбеюіне жағ­дай жасалады. Ал айыбы дәлел­деніп, қылмысы айшық­талған террорист, экстремистердің түр­меде қалай ұсталуы әлі басы ашық мәселе. Бәл­кім, ең тиімді жолы – өзгелерге ықпал етпеу үшін бөлек ұстап, қоғаммен байланысын да үзбеу керек шығар. Себебі ол оқшаулан­ған сайын ертең түрме­ден босап шыққанда бейбіт өмірге қайта бейімделуі, қауіпті көз­қарастары­ның өзгеруі қиындай түседі.


Нұрмұхамед БАЙҒАРА