Ынтымақтастық байланыс арта түседі

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 172

Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы XVI өңіраралық ын­тымақтастық фо­ру­мына қа­тысу үшін Омбыға кел­ген Қасым-Жомарт Тоқаев Вла­ди­мир Путинмен кездесті. Бұл тура­лы Ақорданың баспасөз қызметі хабар­лады.

Ынтымақтастық байланыс арта түседі

Мемлекет басшылары екіжақты қатынастарды дамытудың перс­пек­тивалары мен өңірлік деңгейдегі ық­палдастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Вла­димир Путинге ризашылық біл­ді­ріп, форумның тиімділігі мен табыс­тылығын атап өтті.

– 2003 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен сіздің күш-жіге­ріңіздің арқасында Омбыда өңіра­ралық деңгейдегі алғашқы кездесу өтті. Бұл механизм толықтай іске қо­сылып, өңірлер ықпалдастығының тиімді құралы ретінде өзін дәлел­деді. Екі елдің аймақтары арасын­дағы сауда көлемінің артып келе жатқаны өте маңызды. Біз өнер­кәсіп кооперциясында, ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы ынтымақтастықта зор табыстарға қол жеткіздік. Сон­дықтан ауқымды жұмыс атқарылды деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Владимир Путин Ресей мен Қа­зақстанның арасын байла­ныс­ты­ратын дәстүрлі форумның маңызды екенін айтты.

– Елдеріміздің арасындағы қа­рым-қатынастар табысты дамып келеді. Былтыр тауар айналымы 14 пайыздан асты. Инвестиция көлемі ұлғая түсті. Біз тұрақты түрде кездесіп отырамыз. Дегенмен ерекше назар аударатын мәселелер әрқашан табылады, – деді Ресей президенті.

Сондай-ақ шекара маңы ынты­мақтастығын дамытудың өзекті мә­се­лелеріне арналған форум жұмы­сына өңірлер мен облыстардың бас­шылары, салалық мемлекеттік органдар мен екі елдің іскер топ­тарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Президенті форум­ның мемлекеттер арасындағы өзара ық­палдастықты дамытуға бағытталған игі дәстүрге және толыққанды меха­низмге айналғанын, өткен жыл­дар­дағы ынтымақтастықтың нәтижесі осының айқын дәлелі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, мұнай-газ салаларындағы екіжақты іс-қимылдардың өсу қарқынына оң баға берді.

– Каспий құбыр консорциумы құрылған сәттен бастап «Теңіз-Но­вороссийск» мұнай құбыры ар­қы­лы әлемдік нарыққа 500 миллион тон­на­дан астам мұнай жеткізілді. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Сонымен қатар консорциум елдеріміздің күш-жігерін біріктіру және сенім­ді шетелдік инвесторларды тарту арқылы алынатын синергия тұрғы­сынан тиімді. Біздің кәсіпорын­дарымыз Қазақстанның «Теңіз», «Королевское» және «Қарашығанақ» кен орындарында, сондай-ақ транс­шекаралық «Хвалынское», «Центральное» және «Құрманғазы» кен орындарында бірлескен жұ­мыс­тар жүргізуде, – деді Прези­дент. Мемлекет басшысы Еу­ра­зия­­лық экономикалық одақ ая­­­сында жүргізіліп жатқан ық­пал­­дас­тық­тар­дың нәтижелеріне тоқ­талды. Оның айтуынша, өңірлердің Еу­ра­зиялық экономикалық одақ­тың мүм­кіндіктерін белсенді пай­да­­лануы өзара сауда-саттықтың ар­туына, жеткізілетін тауар но­мен­клату­расының кеңеюіне және инвес­тицияның ұлғаюына ықпал етті.

Баяндамада екі елдің өндірістік кооперациясы саласындағы Бір­лес­кен іс-қимылдар бағдарла­масының маңызды рөл атқаратынына баса мән берілді. Президент салалық ми­нистрліктерді, өңірлерді, экс­порт­ты дамыту және қолдау инс­ти­­туттарын үшінші елдердің на­рық­тарына бірлесе шығу кезінде өза­ра белсенді іс-қимыл жасауға ша­қыр­ды. Сонымен қатар ол екі елдің ба­қылаушы органдарының ар­а­сында тығыз ынтымақтастық орнату пайдалы деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев спорт са­ла­сындағы ынтымақтастық бағ­дар­ламасын әзірлеуді, сондай-ақ Қазақстан астанасында Бауман атындағы университеттің базасында физика-математика мектебін ашу жөніндегі бастаманы қолдады. Сәйкесінше, Ресейдің шекаралас аймақтарының бірінде «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» филиалын ашуға болады деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз со­ңын­да экологиялық пробле­ма­лар­­ды шешудің маңызын айта келе, келесі өңіраралық форумды 2020 жылы Көкшетау қаласында өткізуді, сондай-ақ оның тақырыбын «Экология және жасыл өсім саласын­дағы ынтымақтастық» деп атауды ұсынды. Жиын соңында форум қо­ры­­тын­дысы бойынша бірқатар құ­жатқа қол қойды.

Сондай-ақ XVI өңіраралық ын­ты­мақтастық форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі елдің шекара маңы аумағының ин­вестициялық мүмкіндіктерімен та­нысты. Президенттерге дайын инвес­тициялық жобалардың пулы ұсы­нылды.

Сонымен қатар мемлекеттер бас­­шы­ларына Қазақстан мен Ресей ше­карасындағы өткізу бекет­­терінің Бірлескен іс-қимыл бағ­дар­ламасы көрсетілді. Жол картасына сәйкес бес жыл ішінде 40-тан астам автомобиль және теміржолдардағы өткізу бекет­тері толықтай жабдық­талады.