Шетелдік байқаушылар ашық бағалауға ниетті

Газет мақаласы Айқын газеті №72

Польшаға жұмыс сапары аясында Қазақстанның сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) директоры Ингибьерг Сольрун Гисладоттирмен кездесу өткізді.

Шетелдік байқаушылар ашық бағалауға ниетті

Жүздесу барысында еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы демократиялық инсти­тут­­тар­ды дамытудың және Қазақ­стан­дағы құқық үстемдігін ны­ғай­ту­­дың үдемелі сипатта жүріп жат­қа­нын атап айта келе, қазіргі кездегі ДИАҚБ-мен ынтымақтас­тық­тың деңгейін жоғары бағалады. Ол болашақта бюро қызметінің түрлі аспектілері бойынша барын­ша тығыз өзара ықпалдастық жасау­ға дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде, И.Гисладоттир ха­ным ұйым қызметінің үшінші – гуманитарлық өлшемі аясын­да көптеген жылдар бойғы сындар­лы ынтымақтастық үшін Қазақ­станға алғысын білдірді. Оның айтуынша, ДИАҚБ – «ЕҚЫҰ-ға мүше-мемле­кеттер осы өлшемде оларға көмек­тесу үшін құрған құрал болып табы­лады және оны мемлекеттер белсенді түрде пайда­ланулары қажет».

Бюро директоры «Мұсылман­дарға қарсы төзімсіздікпен білім беру арқылы күрес: мұғалімдер үшін материалдар» және «БАҚ-тағы мұсылмандар үшін: үлкен теңгерім мен әралуандылыққа» атты ДИАҚБ-ның 2 бюджеттен тыс жобасының іске қосылуына таяу­да қолдау көрсеткені үшін Қа­зақ­станға ризашылығын білдірді.

Осы тұрғыда Бейбіт Атамқұлов Қазақстанның елдегі этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау және нығайту тәжірибесі жайын­да, сонымен қатар Қазақ­стан халқы ассамблеясының қыз­ме­ті мен осы саладағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі халықаралық бастамасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі туралы хабардар етті. Кездесу барысында діни радикализм идея­ла­ры­ның таралуына жол бермеу бойынша мемлекеттің кешенді күш-жігеріне баса назар аударыл­ды.

Қазақстанда таяуда, 6 маусымда өтетін президенттік сайлауды тілге тиек еткен жүздесушілер ЕҚЫҰ/ДИАҚБ желісі бойынша халықа­ралық байқаушылардың еліміздегі қыз­метінің практикалық қырла­рын талқылады.

Б.Атамқұлов бүгінде Қазақ­стан­ға келіп үлгерген, алда 22 ұзақ­мерзімді және 300 қысқа­мер­зім­ді бай­қаушылар жұмысын үйлестіре­тін миссия басшысы Урсула Гацек­пен өзара ашық әрекеттестік жасау­ға қазақстандық тараптың дайын екеніне сендірді.

Ингибьерг Гисладоттир рес­пуб­ли­камыздың Сыртқы істер ми­нистр­лігімен және Орталық сай­лау комиссиясымен ынты­мақ­та­стығына оң баға берді және ДИАҚБ-ның электоралды үдерісті «ашық әрі тиімді бағалауға қабілеті екеніне» сенім білдірді.

Сұхбаттасушылар ынтымақ­тас­тықтың нақты бағыттары мен ары қарайғы кездесулердің жос­пар­ларын белгілей отырып, алдағы электоралды кезеңде де, сондай-ақ одан кейінгі уақытта да сындарлы әрі ортақ мүдделі өзара іс-қимылды жалғастыруға екі жақ та ұмтылаты­нын растады.