Алматыдан бастады

Газет мақаласы Айқын газеті №73

Кезектен тыс Президент сайлауына «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан ұсынылған Дания Еспаева екі күн бұрын сайлауалды тұғырнамасын жариялады.  Үш бағыттан тұратын тұғырнамада  еліміздің ішкі және сыртқы саясаты мен әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты ұстаным айқындалған.

Алматыдан бастады

Үміткер Дания Еспаева өзінің сай­лауалды үгіт науқанын еліміздегі ірі нау­байхана – «Ақсай-нан» ЖШС-нан бастады. Кандидат пен Республикалық штаб жетекшісі Азат Перуашев бастаған оның жақтаушылары кәсіпорын ұжы­мына сайлауалды бағдарламаны та­ныс­тырды. Кәсіпорын ұжымы Д.Еспаева­ның әлеуметтік өнім кәсіпкерлеріне (тамақ өнімдері, киім-кешек, балаларға арнал­ған тауарлар) арналған салықты төмен­дету, бизнес несиелеудің үстем­ақысын төмендету туралы бағдарламалық ұсыныс­тарына алғыс білдірді.

Д.Еспаева ІІМ өкілдерінің тіркеуде жоқ азаматтардың жұмыс орны арқылы тіркеуге алыну мүмкіндігін қарасты­ра­мыз деген мәлімдемесін аяқсыз қалдыр­майтынын жеткізді. «Бұл мәселені қа­растыруға уәде беремін. Көптеген кә­сіп­орынның жұмысшылары – қалада тір­кел­меген ауыл азаматтары. Олар ұжым­ның жартысы болуы мүмкін. Егер олар­­­­­­ды жұмыстан шығарсақ – кәсіп­орын­дар жұмысы тоқтайды», – дейді Д.Еспаева.

Ақжолдық үміткер Алматы база­рындағы кәсіпкерлермен де кездесті. «Жібек жолы» базарында өткен кез­де­суде шағын және орта бизнестің өзекті мәсе­лелері сөз болды. Бұдан бөлек, Д.Еспаева Алматыдағы «Темірбетон-1» ЖШС ұжы­мына бас сұқты. 65 жылдық тарихы кә­сіп­орында бүгіндері 400-ге жуық қыз­меткер жұмыс істейді. Ал кеше Д.Ес­па­е­ва­ның Республикалық штабы Талды­қорған қаласындағы отандық аккуму­лятор өндіруші – «АКБ «Қайнар» АҚ ұжымымен жүздесті. Мыңнан астам адам еңбек ететін кәсіпорынның құрыл­ғанына 40 жыл болған. Соңғы жылдары өндіріс көлемін 11 есеге арттырған зауыт экспорт көлемін 14,5 есеге көбейтіпті. Сай­лауал­ды штаб жетекшісі А.Перуашевтің айтуынша, мұндай өндіріс нысандарына мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмі керек, ал ол механизм Д.Еспаеваның сайлауалды бағ­дарламасында көрініс тапқан. Ал күннің екінші жартысында «Нұр Авиценум» емханасы қыз­меткерлерімен кездесті.


Айдана БЕГІМ