Ақмолалықтармен кездесті

Газет мақаласы Айқын газеті №73

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы атынан (ҚКХП)  Қазақстан Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбековтің Республикалық сайлауалды штабы ашылып, жұмысына кірісті. Штабқа ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров жетекші болып бекітілді.

Ақмолалықтармен кездесті

Ж.Ахметбековтің сайлауалды тұғырнамасы батыстың ықпалы мен жалған құндылық­тары­нан бас тартуды, барлық қашқын оли­гархты сотқа тартуды, кедейлікпен күресті, көрші ел­дер­мен экономикалық интеграцияны, сонымен қатар әділетті салық салу жүйесін енгізуді темірқазық тұтады.

ҚКХП қалалық, облыстық, респуб­ликалық деңгейдегі сайлауалды науқанды Ж.Ахметбеков қазақы дәстүрмен бас­тады. Ол республикалық сайлауалды штаб жанынан құрылған киіз үйде тұсау кесу рәсімін өткізді. Дамир есімді бүл­діршіннің тұсауын кесіп, оған бата берді және Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерін» сыйлады.

Ж.Ахметбековтің аймақтағы сайлауалды үгіт науқаны Ақмола облы­сынан басталды. Республикалық сайлау штабының өкілдері Ақмола об­лыстық ауруханасының қызмет­керлерімен кездесті.

«ҚКХП – 15 жыл бойы бірнеше маңызды бағытта жүйелі жұмыс істеп келе жатқан саяси ұйым. Біздің партия бұған дейін бірнеше сай­лауға қатысты. Осы тұрғыдан алғанда тә­жірибе көп. Біз электоратпен қалай жұмыс істеу қажет екенін жақсы білеміз. Сіздерді алдағы сайлауға қатысуға және сайлауға ком­мунис­тердің атынан қатысып жатқан кандидат Жам­был Ахметбековты қолдап дауыс беруге шақы­рамын», – деді Мәжіліс депутаты В. Косарев.

Сөз арасында ол Қазақстан Прези­дент­тігіне кандидат «Адал еңбек ел мүддесі үшін!» деген ұранды темірқазық тұтатынын айтты.

Жиын соңында республикалық сайлауалды штаб өкілдері сайлаушылар Қазақстан Коммунистік Халық партия­сының Президент сайлауына қатысып жатқан кандидатын қолдап, дауыс беретініне сенім білдірді.


 Айдана БЕГІМ