Осы жұрт Қазақстанды біле ме екен?

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 192

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, былтыр Қазақстанға келіп кеткен туристердің 23,1 пайызы елі­мізді қонақжай хал­қымен, 18,1 па­йызы тамаша табиғатымен, 16,2 па­йызы саяхатшыларға қауіп­сіз­ді­гімен, 8,2 пайызы дәмді асхана­сы­мен, 7,1 пайызы Ұлы Дала ұғымы­мен байланыстырған екен.

Осы жұрт  Қазақстанды біле ме екен?

Ал Google Trends қосымшасына үңіл­сек, шетелдіктердің Қазақстан туралы қандай ақпарат іздейтінін аңғарамыз:

1. Мисс Қазақстан;
2. Голливуд актері Николас Кейдждің Қазақстанға қатысы;
3. Әнші Димаш Құдайберген;
4. Боксшы Геннадий Головкин;
5. Волейболшы Сабина Алтынбекова;
6. «Астана» велокомандасы.

Жалпы, шетелдіктерден Қазақстан жайлы сұрасаңыз, қызық жауаптар ес­тисіз. Оның ішінде шындыққа жанасатын деректер де, ақылға сыймайтын әңгі­мелер де бар. Мәселен, бертінге дейін «Бораттың» елесі қыр соңымыздан қалмай қойды. Қазақстан билігі фильмді басында қатты сынаса, артынша «мемлекетке жа­салған жақсы пиар» деп жылы жаба салды.

Әлемде миллиардтаған жанкүйері бар Димаш Құдайберген де Қазақстанды аспандатты. Бір ғана Қытайдың өзінде оның құрметіне жүздеген, мүмкін мыңдаған фантоп ашылған. Ол Қытай елінде «Дауысымен әлемді жаулаған қазақ», «Шетелден келген кішкентай аға», «Бинго» деген аттармен танымал. АҚШ-тың ірі қалаларында фанаттар ең үлкен экрандарды жалға алып, әншінің суреттерін ілдірген, әндерін қойдырған. Ал Хаңжоу қаласындағы бір фантоптың жетекшісі үлкен экранды жалдауға өз қалтасынан 60 мың юань (3 миллион теңге мөлшерінде) қаржы шығарған екен. YouТube хостингінде әншінің таңғажайып даусына тамсанып, түрлі реакциялар түсірілген видео күннен-күнге көбейіп жатыр. Қысқасы, Димашты мақтаудың қажеті жоқ, Димашпен мақтану керек.

Қазақстан дегенде шетелдіктер Димашпен қатар кәсіби боксшы Геннадий Головкинді атайды. Рингте қарсыластарын аяусыз сабайтын, шаршы алаңнан тыс жерде қарапайым, мейірімді жігіт кейпінен айнымайтын Генаны әлем жанкүйерлері жақсы көреді. Жекпе-же­гінің көбін нокаутпен аяқтаған, «Қазақтың Тайсоны» атанған Головкинді жер бетінде танымайтын адам кемде-кем.

Ең таңданарлық жайт: кейбір шетел­діктер қазақтарды әлі күнге дейін киіз үйде тұрады деп ойлайды. Қазақстан дегенде олардың көзіне мынадай көрініс елестейді: кең дала, киіз үйлер, отар-отар қой, келе-келе түйе мен үйір-үйір жылқы. Әлбетте, қазіргі Қазақстан – ежелде дү­ние­ні дүбірлеткен Ғұн империясының, Түр­кі қағанатының, Алтын Орда ханды­ғының тікелей мұрагері. Осы ерекшелікті пайдаланып, туризмді түлетуге тиіспіз.

Шетелдіктердің көбі қазақтардың жылқы етін жейтінінен хабардар. Әрине, бізге құрт-құмырсқа жеу немесе сиырға сыйыну қалай ерсі көрінсе, өзге халықтар да жылқы етін жеуді әбестік деп санауы – заңдылық.

20 жылдан бері АҚШ-та тұрып келе жатқан биолог Ержан Жұмағали «америкалықтар Қазақстан жайлы жақсы пікірде» дейді.

– Бір селекционер Вирджиния уни­верситетінде алма тақырыбында лекция оқыған екен. «Әлемде ерекше керемет экожүйе бар. Ол Іле Алатауында орналасқан. Сол жердегі қаланың аты – Алматы, яғни «алманың атасы» деген ұғымды білдіреді. Алматы жақта алма өз-өзінен өседі, дәмі өте ерекше. Оған арнайы күтімнің қажеті жоқ» деп мақтапты. Бұл әңгімені досымнан естідім, – дейді жерлесіміз. Демек, әлемде «Қазақстан – алманың отаны» деген түсінік қалып­тасқан.

Осы мақаланы жазу барысында шетелдік форумдарды ақтарғанымызды айттық. Сонда румыниялық бір бой­жеткен: «Қазақстан деген ел, шын мәнінде, бар ма? Мен Ресей мен Қытайдың орта­сында басқа бір мемлекет болуы мүмкін деп ойламаппын. Ресей мен Қытай алып державалар ғой. Енді қазақтар туралы біліп жүремін» деп жазыпты.

Тәуелсіздігін сақтап, қиыннан қиыс­тырып жол тауып, маңызды геосаяси ай­мақта бейбітшілік пен берекенің бесігіне айналған алаш жұртының абыройы арта бергей!


Еркебұлан НҰРЕКЕШ