Қандастарды бірлесіп қолдауға әзір

Газет мақаласы Айқын газеті №74

«Отандастар қоры» мен Мәдениет және спорт министрлігі шетелде тұратын қазақтарды қолдау шараларын бірлесіп өткізеді. Осы мақсатта «Отандастар қоры» КЕАҚ-тың президенті Нұртай Әбіқаев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы этникалық қазақтарды және шетелде тұратын отандастарды мәдениет және спорт саласында қолдауды қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастық пен әріптестік қатынастарды нығайту туралы меморандумға қол қойды.

Қандастарды бірлесіп қолдауға әзір

Меморандум этникалық қа­зақтарды және шетелде тұратын отандастарды қолдауға бағыт­тал­ған бірлескен мәдени және спорт­тық бұқаралық іс-шара­ларды өткізу бойынша екі тарап ара­сындағы әріптестік қаты­настарды нығайтуды мақсат етіп отыр. Арыстанбек Мұха­ме­диұ­лы­ның айтуынша, меморандум шеңбе­рінде бірқатар жоба жүзеге асады.

– Елбасы шетелде тұратын қандас­тардың жағдайын жасауды үнемі басты назарда ұстайды. Биыл бірқатар мәдени іс-шара­лар­ды бірлесіп өткіземіз. «Қа­сиет­ті қазақ елі» халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі, Ресейде қазақ му­зы­касының концерттері, Қа­зақ­стан­ның киелі жерлеріне экс­педи­циялар және тағы басқа да мәдени іс-шараларды өт­кі­зуге келістік. «Отандастар» кітап­ха­на­сында отандық баспа басылым­дары мен қазақ диаспорасы ту­ралы шетел әдебиеті мен шетел­дегі қандас­тардың шығар­малары көпшілікке ұсынылады», – деді министр.

«Отандастар қоры» ҚҒАҚ пре­зиденті Нұртай Әбіқаев Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен қиырдағы қазақ­тарға жан-жақты жағдай жасалып жатқанын айрықша атап өтті.

– Елбасының бастамасымен құ­рылған қордың бүгінде ат­қарған жұмысы жетерлік. Елбасы Дү­ние­жүзі қазақ­тарының V құ­рылта­йында шетелдегі қандас­тарға байланысты мемлекеттік сая­сат­тың негізгі бағыт-бағдарын ай­қындап берді. Оларды жан-жақты қол­дау, елге көшіп келген ағайын­ның бе­йімделуіне көмек беру үшін «Отандастар қоры» 2019-2022 жыл­­дарға арналған Жол картасын әзірледі. Мақ­са­тымыз – ұлттық бірегейлікті сақтау. Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасы бе­кітілді. Үкімет 2018-2022 жылдарға арналған шетелдегі қазақтарды қолдау жоспарын даярлады. Қазіргі кезде тек қана квота арқы­лы елге ораламын деген қандас­тарға бірқатар жеңілдіктер қарас­ты­рылған. Міндеті­міз – шетелдегі қандастар туралы мә­ліметтерді жүйелеу, зерттеу жүргізу. Алыс­тағы ағайынның тұрмыс-тірші­лігінен ұдайы хабардар болып отырмыз. Елге келгендердің ара­сында спорттық, мәдени шара­ларды министрлікпен бірлесіп өткізуді қолға алып жатырмыз. Елбасы шетелде тұратын 5 мил­лион қа­зақ­тың оралуына жағдай жасау ке­ре­гін ұдайы айтып келеді. Биыл – Жастар жылы. Біздің қор жастарға да ерекше назар аударып отыр. Күзде «Отандастар» форумын өт­кізу жоспарда бар. «Киелі Қазақ­стан» жастар слетін өткіземіз, – деді Нұртай Әбіқаев.  

Меморандум аясында ха­лықаралық, республикалық және өңірлік іс-шараларды бірлесіп өткізеді. Шетелдік этникалық қазақтар үшін оқу-әдіс­темелік құралдарды әзірлеп, шығарады. Интернет-ресурстармен қамта­масыз етеді. Ұлттық академиялық және Ұлттық кітапханасы бірлесіп, шетелдегі қан­дастар туралы кітаптардан «Отандастар» кітапханаcын жасақтайды. Шетелде тұратын отандастарды мемлекеттік шығармашылық оқу орындарында және Олимпиа­да­лық резерв мектептерінде оқыту үшін квоталар немесе гранттар бөлу мәселесі шешімін табады.