Көкшетаулықтармен кездесті

Газет мақаласы Айқын газеті №74

Ақмола облысында Президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдері болашақ сайлаушылармен кездесті. Үміткердің  сайлауалды штабында бүгіндері үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ал еліміздің ең жоғары лауазымына үміткер болашақ сайлаушыларымен бүгін кездеседі.

Көкшетаулықтармен кездесті

Ал оған дейін Ақмола облысының орталығы – Көкшетауға «сайлауалды кампанияны қалай жақсы жүргіземіз» деген міндетпен кандидаттың сенімді өкілдері барды. Көкшетаулықтар ұлттық құндылықтарды ұлықтауды парызына балаған кандидаттың сай­лауалды палтформасымен қазақстан­дықтар арасында алғаш болып танысты.

 «Сайлауалды бағдарламада ауыл өміріне, ауыл жастарына баса назар аударылған. Барлығымыз да ауылдан шыққанбыз, ауылда өсіп-өнгенбіз. Ауылды дамытпай, ауылды көтермей, қала халқының жағдайы жақсармайды. Кезек күттірмес міндеттердің бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесін кү­шейту екені белгілі. Бұл орайда кан­дидатымыз Сәдібек Түгел нақты шешім қабылдауға дайын», – деді Президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің сенімді өкілі Құмарғали Досов.

Оның айтуынша, кандидат С.Түгел өзінің сайлауалды бағдарламасын бұдан кейін де тек мемлекеттік тілде ұсынады. Ол мұны өзінің сенімді өкіл­деріне де міндеттеген. С.Түгел сайлауда жеңіске жеткен жағдайда, қазақ тілін меңгер­меген, білмейтін мемлекеттік қызмет­керлерге төзімділік танытпай­ды. Ол бірінші кезекте мемлекеттік қызмет­керлердің барлығына диктант жаздыр­мақшы.

Сонымен қатар, кандидат жемқор­лықпен де аяусыз күрес жүргізіп, шал­ғайдағы ауылдардың жағдайын жақ­сартып, ұлттық дәстүрімізді насихат­тауға басымдық береді. 


Айдана БЕГІМ