Машина жасау зауытына барды

Газет мақаласы Айқын газеті №74

Қазақстан Коммунистік Халық партиясының (ҚКХП) атынан Қазақстан президенттігіне кандидат Жамбыл Ахметбековтың Ақмола облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Бейсенбай Мәжитов Степногорск қаласындағы «Целингормаш» машина жасау зауыты ұжымымен кездесті.

Машина жасау зауытына барды

«Машина жасау өндірісі – индустриялық бағытта дамыған елдің ұлттық экономикасының негізгі әрі маңызды салаларының бірі. Дәл осы сала қазына қаржысын еселеуге, адамдардың жұмыспен қамтылуына, сонымен қатар олар­дың әл-ауқатының артуына өлшеусіз үлес қосады», – деді Ақмола облыстық сайлауалды штабының жетекшісі.

Бұдан кейін Б.Мәжитов жиналғандарды президенттікке кандидаттың сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.

«Қазақстан Коммунистік Халық партиясы бұқараның жақтаушысы ретінде 15 жылдан бері саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. Біз шикізатқа тәуелді емес экономиканың дамы­ғанын қалаймыз. Осы арқылы бәсекеге қабі­летті болуға ұмтыламыз», – деді ол.

Кездесуге келген қала тұрғындары Б.Мәжи­тов­ке өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақ қойды. Ол әр адамның қымбатшылыққа, зейнет жасына, тұрғын үйге, әлеуметтік көмек пен жәрдемақыға қатысты сауалдарын мұқият тыңдап, нақты мысалмен жауап берді.

«Целингормаш» зауыты машина жасаумен айналысады. Зауыт тау-кен техникасы құрыл­ғыларын, энергия өндіретін нысандарға арнал­ған жабдықтарды, жүк вагондарына қосалқы бөлшектер, сонымен қатар химия саласындағы кәсіпорындарға қосалқы бөлшек шығарады.

Кеше ҚКХП Астана қалалық комитетінің сайлауалды штабы партия атынан сайлауға түсіп жатқан кандидатты қолдау мақсатында автошеру өткізді. Көлік керуені Д. Қонаев, Мәңгілік ел көшелерінің қиылысынан жолға шықты.

«Автошеруге кандидаттың үгіт-насихат жұмысына серпін беру, тұрғындарды партияның тыныс-тіршілігімен таныстыру міндеті жүктелді», – деді ҚКХП Астана қалалық сайлауалды штабының жетекшісі Нұрдәулет Оразханов. Автошеру қатысушылары сол жағалауда орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Астана-молл» сауда орталығына, «Артем», «Шапағат» базарларына аялдады. Бұл жерлерде халықпен кездесіп, оларды сайлауға қатысуға және ҚКХП кандидатына дауыс беруге шақырды.


Айдана БЕГІМ