«Үлкен Еуразия» бітім тұғырнамасын ұсынды

Газет мақаласы Айқын газеті №75

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шабыттандырушы өсім: адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбын арқау еткен ХІІ Астана экономикалық форумына қатысты. Н.Назарбаев бас қаламызға арнайы келген мемлекеттер көшбасшыларына, халықаралық ұйымдар жетекшілеріне, осы басқосудың жұмысына атсалысып жатқан белгілі ғалымдар мен сарапшыларға шынайы ризашылығын білдірді.

«Үлкен Еуразия» бітім тұғырнамасын ұсынды

Форумның пленарлық отырысы қатысушы­ларына қайырылған Қазақстанның Тұңғыш Президенті АЭФ-тің өңірлік және жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үдерісіндегі маңызды рөлін атап өтті.

– Дамудың қазақстандық моделі қалыптасқан жағдайлар мен болжамдарға қарамастан, өзінің тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдегенін біле­сіздер. Біз өршіл мақсаттар қойып, соларға қол жеткізе алдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Пленарлық отырыс барысында Елбасы жаһандық экономикадағы соңғы өзгерістер туралы пікірін ортаға салып, мемлекетаралық диалогты жақсартуға бағытталған бірқатар идея ұсынды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз сөзінде әлемдік экономиканы дамыту, цифрландыру, білім беру үдерістерінің трансформациясы, адам капи­талына қойылатын талаптардың артуы, сондай-ақ урбанизация перспективалары сияқты мәселелерге тоқталды.

– Экономикалық жоспарлаудың көкжиегі тары­лып келе жатқанына өздеріңіз де куә болудасыздар. Күрделі жағдайлардан шығу жолдарын Біріккен Ұлттар ұйымы, G-20, Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар мен форумдар аясында табуға болады және солай жасау керек те. Бірлесе талқылау мен тізе қоса басқаруға көшетін кез келді. Таяуда Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» ІІ форумында мен «Үш Д» жаңа геосаяси ахуалы негізінде орнықты жаһандық архитектураны қалыптастыруды ұсындым. Бұл дегеніміз – үш деңгейде диалог орнату, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол Қазақстанның әртүрлі халықаралық проблема бойынша келіссөздер процесі үшін тиімді алаң қызметін атқарғанын еске салды. Атап айтқанда, қазақ елінің астанасында ЕҚЫҰ-ның жүзжылдықтағы тұңғыш саммиті, Ислам мемлекет­терінің құрылтайы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сьезі ұйымдастырылып, көп тараптың басын қосты. Сондықтан Елбасы АЭФ пен өзінің G-Global бастамасы әлем елдерінің экономикалық шиеленісті мәселелерді ортақ отырып шешетін алаң рөлін атқара алатынын мәлім етті және астаналық форум аясында «G-Global Диалогы. Үлкен Еуразия» атты жеке платформасын құруды ұсынды.

– Мұнда ЕО, ЕАЭО, ШЫҰ, АСЕАН-ды қоса алғанда, интеграциялық бірлестіктердің ұлтүстілік органдары мен бизнес өкілдері саясат лидерлері бара алмай отырған ынтымақтастық мәселелерін тал­қылай алар еді. Тараптар арасындағы келіспеу­ші­ліктер мен қайшылықтар прагматикалық эконо­ми­калық ықпалдастыққа кедергі болуда. Ақыр соңын­да, жеміс бермейтін санкциялық режимнен – бүкіл әлем болашағын айқындайтын жаһандық басты державалар арасындағы тікелей диалогқа көшкен маңызды. Осыған байланысты АҚШ, Қытай, Ресей және Еуроодақ өкілдері арасындағы геосаяси дағда­рыстан шығар жолды талқылау қажет. Мен осы мемлекеттер лидерлерімен келіссөздер жүр­гізудемін! – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Бұл жұмыс шешуші ақыл-ой орталықтарының сұхбаттастығынан басталып, кейін министрлер мен одан да жоғары деңгейлерге шығуы керектігін айтқан Елбасы Қазақстанның астанасында осындай алаң ұсына алатынымызды нықтады.

Форумның пленарлық отырысында Халықара­лық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хань Чжэн, Армения Президенті Армен Саркисян және басқа да мәртебелі меймандар сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Мәселен, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард Елбасы идея­ларына қолдау білдіре келе, ЮНЕСКО адамзат­тың ғұламасы деп таныған Абайдың «ақырын жүріп, анық бас» деген идеясын барша елге басшылық­қа алуға кеңес берді. Ол жедел қарқынмен өрлеген, бірақ артынша қатты құлдырап, халқы жұтап, дамуы дағдарған елдердің экономикаларына талдау жасаудан кейін сондай байламға келіпті.