Ақмола мен Қызылжарға барды

Газет мақаласы Айқын газеті №75

Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының үгіт-насихат жұмыстары Ақмола облысында жалғасты. Жергілікті Азаматтық қоғам институттары өкілдерімен кездесуде штаб мүшелері Қ.Тоқаевтың Елбасының ең сенімді серігі екеніне назар аударды.

Ақмола мен Қызылжарға барды

– Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы сая­са­тымызды қалыптастырып, мемле­кет­тік шекарамызды шегендеу ісінде үнемі Елбасының жанынан табылып, тәуелсіздігіміздің нығаюына үлкен үлес қосты. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартып, әлемдік қауымдастықтың се­німіне ие болуына да кандидатымыз тікелей атсалысты. Сондықтан Елба­сымыз Қасым-Жомарт Тоқаевты еліміз­дің тұрақты дамуын ары қарай жалғас­тырып, мемлекет тізгінін ұстауға лайық тұлға деп атады, – деді РҚШ басшысы Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ РҚШ мүшелері «Көкшетау минералды сулар» АҚ-ның еңбек ұжы­мымен кездесіп, Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

– Кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасы сабақтастық, әділдік және өрлеу деген негізгі үш қағидаға табан тірейді. Сол арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы саясатын ары қарай жалғас­тырып, ел дамуын қамтамасыз етуді, баршаға ортақ игілік қалыптас­тырып, экономикалық жетістіктерімізді әр қазақстандықтың сезінуіне жағдай жасауды және заман көшіне ілесіп қана қоймай, оның алдыңғы легінде жүруге ұмтылып, үнемі өрлеп, өркендеуді көздеп отыр, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өңірдегі үгіт-насихат жұмыстары Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның еңбек ұжымында және Щучинскідегі туризм саласында еңбек етіп жүрген шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесуге ұласты.

Ал кеше РҚШ мүшелері Қызылжар өңіріне келді. Облыс жұртшылығымен кездескен штаб мүшелері «Зенченко и К» ауылшаруашылық кәсіпорнының еңбек ұжымына ат басын тіреді. Мұнда Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарла­ма­сында елімізде агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға жүйелі қол­дау   қамтылғанын жеткізді. Бұл күні Петропавл қаласында кандидат Қ.Тоқаевты қолдаған 2500 адам қатысқан форум өтті.


Айдана БЕГІМ