Жастармен жүздесті

Газет мақаласы Айқын газеті №75

«Ақ жол» партиясынан Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның Батыс Қазақстан аймақтық штабы мүшелері Орал қаласында  оқытушылармен және студенттермен кездесті. «Зенит» мәдениет үйінде өткен жиынға 500-ден астам жас қатысты.

Жастармен жүздесті

Батыс Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар қызметі университеті мен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің ұстаздар құрамы, белсенді студент жастар еліміздегі аса маңызды сайлау додасына қатысып жатқан партия үміткерінің бағдарламасымен танысуға мүмкіндік алды. Кездесуде таратылған үгіт-насихат материалдары, сахна төріндегі алып монитордан көрсетілген бейнероликтер саяси партия атынан сынға түсіп жатқан үміткердің сайлауалды бағдарламасынан хабардар етті.

«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев кандидат Дания Еспаеваның өмірбаяны туралы айтып берді.

– Түрлі ұжымдармен өткен кез­десулерде сайлаушылар біздің үміткер – Дания Еспаеваның қарапайым адами тұлғасына, жеке өміріне қатысты жиі сұрақ қояды. Шынында, адамның жеке өмірін жақын білгенде ғана, оны жаңа қырынан танимыз. Дания Мәдиқызы – көпбалалы отбасында дүниеге келген, бір жасында анасынан, 12 жасында әкесінен айырылып, тағдырдың қиындығына шың­далып өскен қайраткер тұлға. Мек­теп пен ЖОО-да тек үздік оқып, қаржы саласында қызмет етіп, адал еңбегімен мансап биігіне шыққан қайсар қыз. Өндірістің әр саласын, кәсіп­керліктің қыр-сырын жетік білетін Дания Еспаева өзінің қызмет баспалдағында тек қана кәсібилікті, адалдық пен шыншылдықты мұрат еткен. Ол Парламент қабырғасында жүргенде де елге пайдалы талай іс атқарды, – деді ол.

Аймақтық штаб жетекшісі, партия­ның облыстық филиалы төрағасы Серік Мерғалиев «Ақ жол» партиясының қоғамның прогрессивті өкілдеріне, әсіресе, жастарға арқа сүйейтінін баса айтты.


Айдана БЕГІМ