Жерлестерімен дидарласты

Газет мақаласы Айқын газеті №75

Қазақстан Коммунистік Халық партиясының атынан Қазақстан президенттігіне ұсынылған кандидат Жамбыл Ахметбеков Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында сайлаушылармен кездесті.   Кандидат Ж.Ахметбеков қарапайым адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеп отырғанын, еңбек адамы жоғары жалақы алуға және лайықты өмір сүруге тиіс екенін айтты.  

Жерлестерімен дидарласты

Одан кейін кандидат Қорғалжын ауданына қарасты Қызылсай ауылдық округінің Шалқар ауылында және Қорғалжын ауылдық округінде болды. Кандидат «Халық коммунистері» фракциясының қазақстандықтар үшін өзекті саналатын бағыттары бойынша атқаратын қызметі жайлы айтып берді. Оның айтуынша, елдегі кедейшіліктің шынайы деңгейін қайта санап, бұл құбылысты өзекті әлеуметтік мәселе деп тану қажет.

– Біз отандық тауарға, әсіресе, АӨК өнім­де­­ріне тұтынушылық сұранысты ынталандыру бағдарламасымен бірге кедейлікпен күресу бағ­дарламасын қабылдауды, оны іске асыруды бірнеше рет ұсындық және оның жүзеге асыры­луы үшін жұмыс істейміз. Бұл міндетті түрде экономиканың шынайы секторы мен ауылдағы кооперацияның дамуына әсер етеді, – деді ол.

Кейін партия өкілдері Шалқар ауылына атта­нып, ауыл ақсақалдарымен кездесті. Мұнда ауыл қариялары үміткерге бата беріп, ақ жол тіледі.

Нұр-Сұлтан қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Нұр-Сұлтан қалалық сайлауалды штабының жетекшісі Н.Оразханов қалалық комитеттің активімен бірге Қазақстанның электротехникалық құрылғыларын өндіретін Астана электротехникалық зауытында болды. Бұл кәсіпорын өндіріс ауқымын арттыру мен жетілдіру қарқыны бойынша да алда келе жатыр.

Еңбек ұжымы алдында сөз сөйлеген
Н.Ораз­ханов электротехникалық құрылғы­ларды өндіру елдің өндіріс саласында әрқа­шанда сұранысқа ие екенін атап өтті. Үміткердің өкілі қазіргі таңда Қазақстан Парламенті Мәжілі­сінде орынға ие Қазақстан Коммунистік Халық партиясы мемлекеттік деңгейде қарапайым халық мүддесін қорғау бойынша жұмыс атқа­рып жатқанын айтты.

Қалалық комитет жетекшісі кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, кәсіпорын қызметкерлерін Қазақстан прези­дентінің сайлауына белсене қатысуға шақырды.


Айдана БЕГІМ