Астықты өңірге ат басын тіреді

Газет мақаласы Айқын газеті №76

Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың РҚШ мүшелері астықты өлке Қостанай облысына келді.  Бұл өңірде  «Соколов-Сарыбай» тау-кен байыту өндірістік бірлестігі ұжымымен кездесті.

Астықты өңірге ат басын тіреді

Штаб мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының мәні мен маңызы туралы айтты.

– Біздің кандидат өз бағдарламасында еңбек адамдарына лайықты жағдай жасау, соған сәйкес еңбекақы төлеу, халықтың әл-ауқатын арттырып, білім беру мен денсаулық сақтау ісін жетілдіру, қоғамда заңның үстемдігін орнату, сияқты бағыттарға басымдық беріп отыр, – деді Республикалық қоғамдық штабтың мүшесі Мейрам Пішембаев.

Облыс жұртшылығымен кездесуде штаб өкілдері бағдарламаның басты ұстанымдарына назар аударды.

– Біз, нұр­отандықтар, қазіргідей ел дамуының тарихи кезеңінде Елбасының сенімді тірегі болып қана қоймай, Тұңғыш Президентіміздің саясатын ары қарай жалғастырудың басты кепілі болуымыз керек, – деді штабтың басшысы Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар штаб өкілдері «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасының еңбек ұжымымен кездесті. Онда отандық өндіріс пен шағын және орта бизнесті дамыту Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты ұстанымы екені айтылды.

– Отандық ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнесті қолдау кан­дидатымыздың басым бағыттарының бірі болып саналады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық стратегиялық ма­қ­саттарының сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы үшін біздің партия бар күш-жігерін жұмсайды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ РҚШ мүшелері облыстағы тағы бірқатар кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті. Одан бөлек бүгін өңірде республикалық штабтың TeamQazaqstan жастар қанаты да креативті шараларды қолға алып, белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ал Алматы қаласында жасотандықтар ар­найы флешмоб өткізіп, Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтады.


Айдана БЕГІМ