Университет ұжымының ортасында

Газет мақаласы Айқын газеті №76

«Ауыл» партиясының үміті –  Төлеутай Рақымбеков елордадағы Қазақ агротехникалық университет ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Университет ұжымының ортасында

Президенттікке үміткер Төлеутай Рақым­бековтің Қазақ агротехникалық университетіне аяқ басуы бекер емес. Өйткені, бұл жерде тек ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап қана қоймай, салаға қажетті озық ғылыми жобалар жасалады. Әсіресе, иммунды химия, тағам ми­кробиологиясы және топырақты талдау бағыт­тарында теңдессіз бастамалар бар. Бірақ оны өндіріске енгізу оңай болмай тұр.

«Қазіргі ауыл шаруашылығында аграрлық ғылымның орны ерекше, тіпті, шешуші рөл атқарады дер едім. Бірақ өкінішке қарай оны шаруалар түсіне бермейді. Айналып келгенде, бұл жағдай ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін», – дейді С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ ғылыми қызметкері Владимир Киян. Төлеутай Рақымбеков бағдарламасында осындай жо­баларды өндірісте кеңінен қолдануға ерекше басымдық берген.

«Ауыл» ХДПП-нан кандидат Төлеутай Сатайұлының сенімді өкілдері Қызылордадағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында сайлаушылармен кез­десті. Кездесу барысында Рақымбеков Төлеутай Сатайұлының сайлауалды бағдарламасы та­ныстырылып, облыстық қоғамдық штабының сайлау кезеңіндегі жұмыс істеу тәртібі мен мәселелері ортаға салынды.

Кандидаттың Қызылорда аймақтық қоғам­дық штабының жетекшісі Серікбай Өмірзақов Төлеутай Рақымбековтің бағдарламасын толық таныстырып, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы, ұлттық құндылықтар негізінде тәр­бие­леу, ауыл жастарының мәселесін шешу еліміз үшін маңызды екенін атап өтті. Кездесуде сөз алған облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрым­бетов бизнесті ұйымдастыру бойынша тәжіри­бесімен бөлісті.

 

Айдана БЕГІМ